«Жылдың үздік айтыскер ақыны»

«Жылдың үздік айтыскер ақыны»

Өткен жылдың желтоқсанында қазақ халқының қаһарман ұлы, мемлекет қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенев жүлдесіне арналған жыр додасында «Жылдың үздік айтыскер ақыны» аталымы бойынша сегіз суырыпсалма ақынның арасынан оза шауып, сүбелі сөз, көшелі ойдың тиегін ағытқан филология факультеті, журналистика бөлімінің 2 курс студенті Еркеғали Бекболат бас жүлдені қанжығасына байлады.

Айта кету керек, айтыс аламанында топ жарған талант иесі айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағына мүшелікке қабылданды. Одақ мүшелігін айғақтайтын куәлікті жас дарынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман табыстады. Сөз барымтасында озық ойымен, өткір тілімен танылған талантты жастың өнер жолында, оның ішінде айтыс өнерінде жеткен жетістіктері жетерлік. Облыстық айтыстардың жеңімпазы, бірнеше республикалық айтыстардың жүлдегері, Павлодар облысында өткен «Ақберен» республикалық байқауында «Ақындар айтысы» аталымы бойынша 2 орын иегері атанып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім грантын жеңіп алған. Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған ақындар айтысында бас жүлдені, ал Сәтпаев қаласында өткен «Ұлт тәуелсіздігіндегі ұлы бастаулар» облыстық жас ақындар айтысында 1 орынды иеленген. 2019 жылғы облыстық «Бұқарекең жырлайды» сайысында «Жыршы-жыраулар» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Өнерлі жастың осындай жетістіктері есепке алынып, жыл басында білім ордасы тарапынан да марапатталды.

ҚарМУ баспасөз қызметі