Ұлт ұлылығын танытқан ҚарМУ аруы

Ұлт ұлылығын танытқан ҚарМУ аруы

Экономика факультетінің студенті Айсұлу Ерболқызы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық сұлулық байқауында «Ұлттық киім» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Аруды жеңіске жеткізген көйлек анасы екеуінің ойлап тапқан дизайны бойынша тігілген. Отызыншы рет ұйымдастырылып отырған «Miss World University» байқауына бірінші рет қатысып отырған Айсұлу: «Мен үшін жалғыз шет елге жол тарту оңай болған жоқ. Ең алдымен «Art-line» модельдік агенттігінің кастингінен өту керек болды. Оған қоса, әкем де ел асып кетуіме алаңдап, қарсылығын білдірді. Байқаудың шарттары мен талаптары да көңіл қуантарлықтай емес еді. Біріншіден, сөйлеу мәнеріміз, жүріс-тұрысымыз бағаланса, екінші кезекте, бар өнерімізді көрсетуіміз қажет болды. Мен бұл кезеңде, 10 жыл көлемінде бимен айналысқандықтан, қазақ халық биін билегенді жөн көрдім. Ал, үшінші, мен жеңіске жеткен — Ұлттық киімдер дефилесі болды. Бізді 15 бірдей әділқазы бақылап, бағасын берді. Осындай қатаң талаппен қатар келген қиыншылықтар «Жеңімпаз — Қазақстан!» деген сөзді естігенде есімнен шығып та кетті», — деп әсерімен бөлісті. 43 мемлекеттің сұлуларының басын қосқан байқау жас талантқа шығармашылық шабыт сыйлап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сеніміміз мол.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
ҚарМУ студенті