Тәуекелі — зор, берері — мол

Тәуекелі — зор, берері — мол

Қараша айында академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Орталық Азия елдеріндегі және олармен шекаралас мемлекеттерді тарих, халықаралық қатынастар, археология, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, антропология, экология, демография сынды салалар бойынша іргелі түрде пәнаралық тұрғыдан ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Орталық Азияны зерттеулер орталығы ашылды. Тағы бір мақсат — Қазақстандағы «ақыл-ой орталықтары» Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқандықтан, Республикамыздың аймақтарында да сыртқы саясатымыздағы басым бағыттардың бірі болып саналатын көрші мемлекеттермен ортақ әрі ұқсас өзекті мәселелерді жан-жақты зерттейтін болашақ «ми орталығын» ашу болды. Сырттай қарағанда мұндай «ми орталығын» ашу туралы ҚарМУ-лықтар тарапынан батыл қадамға бару өршілдік (амбиция) болып көрінген еді. Бірақ университеттің кадрлар құрамының жеткіліктілігі ашылған орталықты болашақта Орталық азиятану институтына айналдыруы да мүмкін.

Орталықтың ашылуына орай 18 қараша күні «Орталық Азиядағы су ресурстары: ұлттық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оның жұмысына тарихшылар, халықаралық қатынастар, биология және география салаларының мамандары, мемлекеттік қызмет саласы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысын физиология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Айдар Мұратұлы Айтқұлов жүргізіп отырды. Алматы қаласынан келген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Құралай Ертісқызы Байзақова трансшекаралық өзендер менеджменті мәселесіне аймақтық және халықаралық тәжірибелерге сараптама жасау арқылы Орталық Азия елдерінде су мәселесінің қаншалықты өзекті екеніне тоқталды. Осы оқу орнынан келген екінші профессор Фатима Тұрарқызы Кукеева су мәселелерін зерттеудің теориялық қырларына тоқтала отырып, қауіпсіздік мәселелерін кешенді түрде зерттеген Бузан теориясы бойынша Орталық Азиядағы су мәселелерінен туындайтын қауіпсіздік секторларын талдап көрсетті. ҚарМУ-дың зоология кафедрасының доценті Александр Михайлович Пудов Орталық Қазақстанның ішкі су қоймаларын тұрақты дамуды қамтамасыз ететін қайнаркөз ретінде қарастыру жолдарын баяндады. Ал Қарағанды облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Эльдар Серікұлы Дүйсетаевтың жасаған баяндамасы алдыңғы спикердің пікірін толықтырып, Қарағанды облысының экономикалық қауіпсіздігі негіздерінің бірі су ресурстарының тұрақты дамуы екендігін баса көрсетті.

Орталық Азиядағы су мәселелері бойынша ғылыми диссертациясын қорғаған халықаралық қатынастардың PhD докторы Жарас Мақанұлы Кенжеғали өз баяндамасында халықаралық құқық және Орталық Азияның су-энергетикалық қауіпсіздігіне тоқталды.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоцияциясының ғылыми жұмыстар жөніндегі директоры Сергей Львович Скляренко Орталық Азияның басты орнитологиялық аумақтарын сақтауға арналған бағдарламалар және құстардың дамып, сақталуына су ресурстарының тигізетін ықпалы туралы айтты. «Open Horizons» қоғамдық қорының төрайымы, алматылық ғалым Раушан Серікқызы Еуропа және Орталық Азиядағы су ресурстарының негізгі проблемаларын сараптап, талдап көрсетіп, стратегиялық бағыттары туралы қызықты баяндама жасады.

Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарын ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырған доцент Гүлнара Мұратбекқызы Смағұлова «Қазақ халқында «судың да сұрауы бар» деген мақал бар. Шынында бұл мақалдың астарында үлкен ой жатыр. Оны стратегиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, қазіргі өзгермелі замандағы Қазақстан үшін, жалпы Орталық Азия елдері үшін су ресурстары өзекті. Сол себепті де су мәселесі бүгінгі таңда тек Орталық Азияда ғана емес, тіпті жаһандық тұрғыда талқыға түсіп жүргені белгілі» дей келе, Орталық Азия елдерінің халықтары сусыз тіршіліктің жоқ екенін есте ұстай отырып, су мәселесін шешу барысында бүгінгі күні ол саяси қару емес, дипломатия үшін құрал екенін түсінуі керек деді. Бақытгүл Тлеубайқызы Төлеуова талқыланып отырған өзекті мәселені оқыту, оны оқу үрдістерінде талдау және нәтижелеріне сараптама жасау тұрғысынан қарастыру керектігіне тоқталып, шетелдердің тәжірибесімен бөлісті. Жарыссөзге шыққан ғалымдар: бүкіләлем тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Ә. Н. Тельгарин, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н. А. Бейсенбекова, осы орталықтың аға ғылыми қызметкері Л. Қ. Шотбакова, география кафедрасының меңгерушісі К. М. Акпамбетова және басқалар су мәселесінің тек Орталық Азия аймағында ғана емес, дүниежүзі бойынша өзекті мәселеге айналғандығына ерекше тоқталды. Олар суды адамзат баласы мен тірі табиғаттың болашағы үшін сақтай білу керектігін және оның жолдарын, ұлттық қауіпсіздіктегі үлкен орын алатын құндылығын айтты. Бүгінде суға байланысты шешім қабылдаушылардың «су — саяси қару емес», «су — дипломатия үшін құрал» екендігін дұрыс түсінуі керек деген тұжырым жасалды.

Жаңа орталық аз уақыттың ішінде американдық ғалымдармен байланыс орнатып үлгерді. АҚШ-тың халықаралық сарапшыларының бірі, Ақпараттар мен саяси талдаулар орталығының директоры Хуман Садриді шақырып, университет басшылығымен кездесу ұйымдастырды, екі орталық арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды және «халықаралық қатынастар» мамандығының студенттеріне дәріс оқылды. Орталық Азияны зерттеулер орталығының ғалымдарын алдағы 2020 жылы үлкен жұмыстар күтіп тұр.

Г. М. СМАҒҰЛОВА,
Орталық Азияны зерттеулер орталығының директоры