Студент мүддесі бірінші орында

Студент мүддесі бірінші орында

Бүгін Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жатақхана аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қаншалықты атқарылып жатқанын бағамдап қайтты.

Студент жастардың екінші үйіне айналған жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Студенттердің жатын бөлмелерімен қатар дәліздер, тұрмыстық және демалыс бөлмелері жөндеуден өтіп, жатақхананың іші жиһаз, тұрмыстық заттармен жабдықталған. Жатақхана ішін аралау барысында ректор күн тәртібінде тұрған жөндеу жұмыстарын пысықтап, кемшін тұстарды қалпына келтіруді басшылыққа тапсырды. Студенттердің алаңсыз білім алып, білікті маман атануы үшін бар жағдай жасалуы керек. Ректор өркениетті елдерде осы жағы ұтымды қарастырылғанын атап айтты. Мәселен, Еуропаның жоғары оқу орындарындағы субұрқақтар, жас көшеттер, жаттығу құрылғылары мен спорт алаңдары осының жарқын бір көрінісі. Университет басшысы сөз орайында әр студенттің білім алумен қатар салауатты өмір салтын сақтап, денсаулықтың қадірін түсінуді сәнді трендке айналдыру қажет екендігін алға тартты. Осы орайда болашақта университет аумағында WorkOut алаңын орнату жоспарланып отыр. Әлемді жайлаған коронавирус індеті спорттың адам өміріне қаншалықты маңызды екендігін дәлелдей түскендей. Жатақхана ішіндегі тәртіп пен тазалық мәселесі де басты назарға алынды.

Қарағанды университетінің баспасөз қызметі