Байқаудан құр қалмаңыз!

Қымбатты студенттер, қазан айында «Жастар әлемі – Мир молодежи» газеті «5 мың теңге ұтып алсам, қайда жұмсар едім?» тақырыбында байқау жариялаған болатын.Байқау шарты өте қарапайым. Ұтымды жауап беріп, ойыңызды көркем тілмен жеткізуге тырысыңыз.

Бір қуантарлығы, жастарымыз ойларын қағазға түсіріп, редакциямызға хат жолдауда. Бүгін тапқырлық танытып, ұтымды жауап берген студенттер жазбаларының бір парасын жариялап отырмыз. Сіз де жазыңыз, ой бөлісіңіз. Бәлкім, 5 мың теңгенің иегері сіз атанарсыз. Жазғандарыңызды gul-el.112@list.ru электронды почтасына жолдасаңыздар болады. Жеңімпаз жанның аты-жөнін Халықаралық студенттер күнінде жариялап, бес мың теңгенің иегерін марапаттаймыз!

Сәлем, досым! Қарағандының орталық алаңында тұрған мына менің қолымда 5 мың теңге жатыр: үш нөлі бар, қып-қызыл. Үшбұрышты пицца, қалта толы мандарин, көптен көзім түскен кітап, ай сайын қауышатын тариф, Жазираның туған күніне сыйлық – миымда сан түрлі бағыт, түйіні қайсы? Ойымдағы нәрсенің ешқайсысын ренжіткім келмей тұрғаны. Енді қайттім?.. Қолымдағы 5 мың теңгені көзіме түскен бір студентке ұстаттым да, жүре бердім. Ойыма «Мақта қыз бен мысық» ертегісі оралды да, жүзімде сәл ғана жымиыс білініп, қырық үшінші автобусқа мініп кеттім…

Гүлсая НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,
филология факультетінің 3 курс студенті


Ақша – жаңа тәжірибе мен білімнің көзі. Егер менде 5 мың теңге ақшам болса, рухани азық алу мақсатында кітап алуға жұмсар едім. Қазіргі өмірде университетте алған жүз білім мен дағды табысты мансапқа жету және жақсы ақша табу үшін жеткіліксіз. Кәсіби тұрғыдан үнемі даму керек, ол үшін мамандық бойынша кітап оқып, тренингтерге қатысып, жетілдіру курстарына қатысу керек. Өз біліміне, денсаулығына салынған инвестиция да 100 % ақталады. Білім қоры мен тәжірибе, мүмкіндікті ақылмен пайдалана білген адам болашақта көптеген табыстарға жете алады.

Таңшолпан ДАЛАБАЕВА,
филология факультетінің 4 курс студенті


Жалпы мен көп армандаймын. Егер менде осыншама ақша болса, бүйтер едім, сүйтер едім деп түрлі ойларға шомамын. Ал енді сол ойлағандарымды қағаз бетіне түсірер сәт келгенде, ойларым сан саққа жүгіруде… Бәлкім, осы сайысқа бар ынтамды салғанымнан болар.

Менің ойымша, ақша — су, бүгін бар, ертең жоқ. Өмірдегі басты құндылық ақшалай байлық емес, денсаулық пен отбасының амандығы екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті де, егер менің қолымда бес мың теңге болса, мен оны ең алдымен қайырымдылыққа жұмсайтын едім. Себебі қазіргі таңда өкінішке орай, біздің қолдауымызды қажет ететін науқас адамдар мен сәбилер өте көп. Сондықтан, оларға қолымыздан келгенше, өз көмегімізді көрсеткеніміз жөн деп санаймын. Қазақта «кең болсаң, кем болмайсың» деген жақсы сөз бар, сол себепті барша жанға жақсылық жасап жарысайық деп айтқым келеді.

Сонымен қатар, осы сомманың екінші бөлігін мен өз біліміме құятын едім. «Самая лучшая инвестиция это инвестиция в себя» демекші, карантин кезінде, үйде бос жатқанша, мен көп кітап оқуға тырысамын. Сонымен қатар қазір желілерде көптеген онлайн курстар, пайдалы сабақтар үйрететін ұстаздар өте көп. Бір сөзбен айтсақ, жастарға барлық мүмкіншіліктер жасалған. Сондай курстардың бірін немесе көптен бері оқығым келіп жүрген кітабымды сатып алып, өз білімімді одан сайын тереңдете түсер едім.

Арайлым БАЛТАБАЕВА,
филология факультетінің 4 курс студенті


Егер де менің артық, қалтамнан қағылып жатқан 5000 теңгем болса, оны кітап сатып алуға жұмсар едім. Жас журналист, вайнер Жансерік Қадырбаевтың жақында жарық көрген «Meniń роднoilarym» атты кітабын оқу — кішігірім армандарымның бірі. Кітапта Жансеріктің бала кезгі арманына қалай қол жеткізгендігі жайлы, армандардың орындалатыны, тек қана алға қойған мақсатың айқын болатыны туралы сөз етіледі. Кітапты оқи отырып, арманыма жетуге үлкен мотивация алғым келеді.

Кітаптан жиналған қаражатты Жансерік қайырымдылық қорына аударады. Яғни, мен кітапты сатып алып, өзіме керегін алып қана қоймай, сауапты іс жасауға да үлесімді қосамын.

Жадыра ҚИЗАТ,
Кок-11 тобының студенті