Поэтикалық дуэль

Поэтикалық дуэль

Қазақ поэзиясының жаңаша сипат алуына негіз болған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев екені сөзсіз. ХХ ғасыр қазақ поэзиясы Абайдың ақындық мектебінің әсер-ықпалымен өркендегені де шындық. Абайдың өзі «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын әрі жазушы, қоғам мен мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин де Абайды өзіне үлгі тұтты. Оны Сәкеннің Омбыда оқып жүрген шәкірттік дәуірінде Абай рухына сиынып, Абайдың құдіретті сөзін ардақ тұтып, аңқылдаған ақ көңілін жайып салған мына бір өлең жолдарынан көруге болады:

«Сөзіңнің қарап тұрсам мағынасы мол,
Бастаушы адасқанға болғандай жол,
Өзге сөздің патшасы – сенің сөзің,
Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол…».

Абай Құнанбайұлы мен Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген студенттердің ықыласын арттыру әрі рухани бірлігін нығайту мақсатында университетіміздің студенттері арасында поэтикалық дуэль өткізілді. Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе ұйымдастырылған сайыс Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына арналды.

Дуэльге көркем сөз оқу шеберлігін игерген, Абай Құнанбайұлы мен Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын нақышына келтіре орындайтын 18-22 жас аралығындағы студенттер қатысты. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған поэтикалық дуэльдің ұйымдастырушысы, идея авторы Қарағанды мемлекеттік университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.к Камшат Аманбайқызы Төлеубаева. Өткен жылы қазақтың мәртебелі поэзиясына арнап «Жырлайды жүрек» атты тақырыпта өткізілсе, осы жылы Абай мен Сәкен шығармашылығы бойынша қатысушылар екі номинацияда бақтарын сынады. Бірінші кезең – Абайдың қара сөздерін жатқа мәнерлеп айту болса, екінші кезеңде қатысушылар «Өлең – сөзің патшасы, сөз сарасы» атты тақырыпта Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Сайыс барысында әділ қазылар шығарманың жатқа оқылуына, өлеңді оқу барысында дауыс мәнері және тіл тазалығына, өлеңді мүдірмей айтып шығуына, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды. Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынды Аяулым Мұратова мен Ақмоншақ Романова, 2 орынды Махаббат Тубебаева мен Гүлсімай Сайрамбек, ал жүлделі 3 орынды Мадина Ілиясқызы мен Алтынай Бақыт иеленді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы дипломдар, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығы марапаттады.

Меруерт АҢСАТ,
филология факультетінің 4 курс студенті