Өмірі өнеге

Өмірі өнеге

Жақында ҚарМУ студенттерімен қатар академик Е. А. Бөкетов атындағы № 52 жалпы білім беретін орта мектептің 4-9 сынып оқушылары саналы ғұмырын ғылым мен білімге, шығармашылыққа арнаған парасат-пайымы биік, рухани жан дүниесі бай, қайталанбас болмысы бөлек біртуар Ебіней Арыстанұлының мол мұрасын тереңнен танып-білу мақсатымен Гоголь көшесі бойындағы Бөкетов мемориалдық мұражайына экскурсия жасап қайтты.

Экскурсанттар «Ақыл-ойдың ағасы» атанған алып тұлғаның табаны тиген жерлермен жүріп, қолданған заттарын қолымен ұстап, ғылыми еңбектерімен, мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалаларымен, шығармаларымен және мұрағаттық құжаттармен танысып, қолжазбаларын оқып, өмірінің әр кезеңін қамтыған фотосуреттерін тамашалады. ҚарМУ музейінің директоры Маржан Тюлебаева Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің дара жолын насихаттау мақсатындағы іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасымын табатынын, қаламыздағы өзге де мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері мұражайға келіп, ХХ ғасырдың заңғары, ғұлама ғалым, жазушы, қоғам қайраткерінің өнегелі өмірмен кеңінен таныса алатындығын атап айтты. Әлбетте, жас ұрпақ ұлы тұлғаны үлгі-өнеге тұтып, сара жолын жалғауға тиіс.

Осы орайда Е. Бөкетов мемориалдық мұражайы туралы қысқаша мәлімет айта кетсек, университет тарихының мемориалдық мұражайы 1992 жылдың 19 маусымында ашылған. Мұражайда 6 экспозициялық зал бар. Бірінші зал Ебіней Арыстанұлының өмірге келген күнінен Қарағанды қаласына көшіп келгенге дейінгі аралықты қамтиды. Екінші зал ғалымның ғылыми қызметіне арналған. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасы ҰҒА Химия-металлургия институтының директоры және ғылыми қызметкері болған кезең. Үшінші зал (ректордың бұрынғы кабинеті) ҚарМУ-дың ректоры болған жылдар жайлы сыр шертеді. Жұмыс кабинетінің сол кездегі алғашқы қалпы сақталған: үстел, орындықтар, телефон, қаламы, жазу кітапшасы. Сонымен қатар академиктің жазушылық қырын, публицистикалық қызметін айшықтайтын экспонаттар қойылған. Төртінші зал ректордың демалыс бөлмесі. Бесінші залда ғұлама ғалымның 60, 70, 75, 80, 85, 90 жылдық мерейтойларына орай келіп түскен экспонаттар жинақталған. Қыш құмыралар, мұражайға тарту етілген кітаптар, ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына, ғылым мұхитындағы сара жолына арналған конференциялардың материалдары, «Шығармалар жинағының» бірінші және төртінші томдары да осы залда. Алтыншы зал – 30 орындық конференц-зал. Бұл залда Е. А. Бөкетовтің арманы – Оңтүстік-Шығыста орналасқан студент қалашығының жоспары, ҚарМУ-дың бас ғимараты құрылысының басталуын бейнелейтін стенд және есте қаларлық орындар картасы көрсетілген.

Таңсұлу ДУМАН