Жасыл желек көгалда…

Жасыл желек көгалда…

Бүгінде академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тұрғын үй-тұрмыстық кешені аумағында газон шөптерін отырғызу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жатақхана маңындағы қайнаған тірлікке сүйсіне қарап тұрғанда ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне, Ескендір Хасанғалиевтің әніне жазылған, қазақ халқының жүрегінен орын алған «Атамекен» әнінің мына бір өлең жолдары еске түседі екен. «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем. Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем»… Көздің жауын алатын жайқалған газонды жастарымыз қуана-қуана басып, әңгіме-дүкен құрып, демалатын тамаша бір орынға айналдырар.

Жоғары оқу орны – білім мен ғылымның биік бір баспалдағына бастайтын киелі орын. Бұл оқу оқып, ғылымға терең бойлаған, интеллектуалды өмірге еніп, зерттеу жұмыстарымен айналысқан жақсылыққа жаны құмар жандардың мекені. Зертханалық және тәжірибелік сабақтармен кезектесе оқылатын дәрістер, кітапханадағы сабақтарға дайындық, спорттық секциялар, белгілі ғалымдармен, саясаткерлермен және жазушылармен кездесулер – міне, осының барлығы студенттің жарқын оқиғалар мен кездесулерге толы күнделікті өмірі.

Көгалды аймақ оқу күнінен кейін студенттер демалатын орындардың біріне айналады. Көгал шөптерінде оқу күнінен кейін жастарымыз серуендеп, демалса, қандай ғанибет! Аспан асты асқақ армандарды армандап, даланың кеңдігіндей, теңіздің тереңдігіндей озық идеялардың туындауына ықпал етер. Бәлкім дәл осы жерде болашақ ғылыми жобалары дүниеге келер. Осындай демалыс орнын құрудағы негізгі идея — студенттерді білімге ұмтылдырып, ынталандыру, жастарға шабыт пен жігер сыйлау. Университет басшылығы тарапынан көгалдарды студенттердің сүйікті демалыс орнына айналдыру үшін бар жағдай жасалатынын атап айту керек. Тротуар төселіп, орындықтар мен жарықтандырғыштар орнатылып, Wi-Fi аймағы бүкіл аумақты қамтиды.

Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жетекшісі Нұрлан Жұмагелді атап өткендей, осы жылы климаттық жағдайды ескере отырып, оның үстіне тұзды, топырақты ылғалды сор жер болғандықтан 2000 шаршы метр жерге тәжірибелік көгал отырғызылады. Бәрі ойдағыдай болса, алдағы жылы төселетін көгалды жерді 10 есеге арттыру көзделіп отыр.

Қазір студенттер онлайн режимде білім алуда. Университет жастардың жайлы жерде тұрып, жақсы демалуына жағдай жасау мақсатында жұмыс жасап жатыр. Өнер мен білімге ұмтылған, ғылымға ғашық жастарын жоғары оқу орны асыға күтуде.