Өнертабысқа патент алынды

Өнертабысқа патент алынды

Ағымдағы жылы физика-техникалық факультетінің ғалымдары К. М. Шаймерденова, Н. К. Ботпаев, А. К. Хасенов, Б. Б. Кутум «Ағынды суды залалсыздандыруға арналған құрылғы» өнертабысы бойынша Еуразиялық патенттің иегері атанды. Бұл университетіміздің ең алғашқы патенті. Ғылыми-зерттеу жұмыстары профессор Ж. С. Ақылбаев атындағы инженерлік жылу физикасы кафедрасының зертханаларында орындалды. Оқу орнында керекті нәтижелерге қол жеткізу мақсатында зертханалық стенд жасалынды.

Аталған құрылғы шаруашылық мақсатта суды тазарту мәселесін шешуге көмектеседі. Өнертабыстың артықшылығы — суды ауылшаруашылық қажеттіліктеріне дайындау кезінде оның бактериалды ластануын азайтуға ықпал етеді, электрлік разряд технологиясымен сұйықтықтарды залалсыздандырады. Өнертабыстың мақсатына тоқталсақ, ағынды суды залалсыздандырады, мұнда цилиндр ішіндегі жұмыс камерасында электрогидроимпульстік соққының энергия концентрациясын параболоидты шағылыстырғышты қолдану арқылы арттырып, соққы толқынының қуатын кумулятивті күшейтеді. Ағынды суды залалсыздандыруға арналған құрылғы импульстік ток генераторынан және ауа саңылауынан тұрады, осы арқылы бактериялардың ластануын азайтып, техникалық нәтижеге қол жеткізуге болады. Технологиялық камераның ішкі бөлігінде болаттан жасалған параболоидты шағылыстырғыш және мыстан жасалған цилиндр тәрізді электрод орнатылған, ол соққы толқынының күшін жоғарылатуды қамтамасыз ететін теріс электрод ретінде жұмыс істейді. Электрлік жарылыс кезінде соққы толқынының энергиясы барлық бағытта изотропты түрде таралады және параболоидты шағылыстырғыш көмегімен оны қолайлы бағытта шоғырландырады.

Өнертабыстың әрі қарай жүзеге асырылуы және техникалық нәтижесін қамтамасыз ету мүмкіндігі электрогидравликалық соққының энергия концентрациясында, яғни, шағын аймақта электрогидравликалық разрядтың энергиясын жинақтауды жүзеге асыруда қысым мәнін күшейтеді. Осылайша, қолданысқа ұсынылып отырған электр разрядтық технологияны және цилиндр түрінде дөңгелек жиектері бар теріс электродты электрогидравликалық соққыны фокустайтын параболоидты шағылыстырғышты құрылғыны пайдалану энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өндірістік қолданыстағы талапқа сай және заманауи технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Алдағы уақытта Еуразиялық патентке ие болған өнертабыс ауылшаруашылығында жүзеге асырылуы үшін өндіріс орындары және ұйымдармен келіссөз жүргізіп, сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

Кулжан ШАЙМЕРДЕНОВА,
профессор Ж. С. Ақылбаев атындағы инженерлік жылу физикасы кафедрасының меңгерушісі