Ел газеті «Егемен Қазақстанның» университеттегі сапарынан

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» университеттегі сапарынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қазір жер-жерде кеңінен талқылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы мақсатта бүгін Қарағанды қаласына, оның ішінде іргелі білім ордасы Қарағанды университетіне Халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы Қыдырәлімен кездесу өтті. Аталмыш іс-шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер және аймағымыздағы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы бүгінгі рухани отырыстың маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің әлеуетін жақсартып, білімнің сапасын арттыру, педагогтардың мәртебесін көтеру басты бағыттардың бірі болғанын айта келе, Дархан Қуандықұлының Жолдаудағы тапсырмалар кезең-кезеңмен қалай жүзеге асырылады, осы турасында ой бөлісу үшін білім ордасына арнайы келгенін айтып өтті. Қаламы қарымды журналист, Түркі әлемінің тарихын түгендеп, ұлт мұрасын ұлықтап жүрген Дархан Қыдырәлі Жолдаудың тарихи маңызын түсіндіріп, әсіресе универистет ұжымына қатысты білім мен ғылымға ерекше назар аударды.

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» бүгінгі тыныс-тіршілігі, өткен тарихы, болашағы жайлы сөз қозғалды. Ата басылымда Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлектері абыройлы қызмет етіп жүргенін, кейінгі жылдары журналистика кафедрасымен шығармашылық байланыс орнатылғанын, алдағы уақытта студенттердің іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты.

Бұл кездесудің бұрынғыдан бір ерекшелігі, артықшылығы – ұлттық сипатпен, ұлттық нақышпен өткендігінде. Алқалы жиында белгілі ғалым, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетайтегі, тарихшы, университет жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Нұрсахан Бейсенбекова, әдебиетші Берік Рахимов секілді университет ғалымдары сөз сөйлеп, өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Журналистика әлеміне енді ғана қадам басқан бірінші курс студенттері тарапынан сұрақтар қойылып, жүйелі жауаптар алынды.

Тек бұл ғана емес, тағы бір қуантарлық жәйт, Жолдау аясында қоғамға тиер пайдамыздың бірі болсын деп ұлт тәрбиесі мен білімге еңбек ететін ғалым ұстаздарымызға қолдау білдіріп, еліміздегі ең ірі оқу ордасы Қарағанды университетімен ғылыми байланыстарымызды нығайтайық деген ниетпен Халықаралық түркі академиясы және университет арасында меморандумға қол қоюды ұсындық деді Дархан Қыдырәлі. Ұсынысты қабылдаған Нұрлан Орынбасарұлына алғысын білдірді. «Егемен Қазақстан» тек Мемлекеттермен ғана меморандумға қол қоятын еді. Ең алғаш рет жоғары оқу орындары арасында біздің университетпен келісімге қол қойып, білім ордасын қуанышқа бөледі. Сондай-ақ, Халықаралық түркі академиясының атынан баспадан жаңа шыққан «Жошы хан», «Алтын Орда», «Берке хан» кітаптарының тұсауы киелі қара шаңырақтың төрінде кесіліп, университет кітапханасына табысталды.

Ең бастысы, бүгінгі жиынға қатысқан жұрттың көңілі көтеріліп, рухани әлемі байығанына қуандық. Қарағанды университетінің жаңа бір белеске шығуына жол ашылғандай болды десті жиын қонақтары. Расымен де университет үшін қаншама мүмкіндіктерге есік ашылған күн болды.

Баспасөз қызметі