Бүгін Халықаралық аудармашылар күні

Бүгін Халықаралық аудармашылар күні

Айтулы күнде аударма саласында жүрген барша аудармашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Қазіргі жаһандану заманда аударма қызметінің маңызы аса зор. Заңғар жазушы Ш. Айтматов: «Аудармашы әйтеуір қолға түскен мәтінді өз тілінде сөйлете салмайды, ол жанды туындының рухын аударады, оны өзге тілде сөйлеуге үйретеді, мұның бәрін өнердің жалпыға ортақ тілінде жеткізеді, ал бұл дегеніміз – жүректің тілі. Демек, аудармашы өзі аударатын адамның жүрегі мен жанын жақын сезінуге, толық білуге тиіс», — деген екен.

Бүгінге дейін Қарағанды университетінің шетел тілдер факультеті 600-ден астам жоғары білікті аудармашыларды дайындап шығарған. Әуелде шетел филологиясы және аударма ісі деп аталған аударма теориясы және практикасы кафедрасы 2004 жылдан «Аударма ісі» мамандығы бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырып келеді. Қазір факультет жоғары білікті аудармашы кадрларын дайындау бойынша республиканың негізгі базаларының біріне айналып отыр. Мамандарды даярлау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Аударма ісі» және «Аудармашы-референт». Студенттер әртүрлі жанрдағы құжаттарды ауызша және жазбаша аударуға дағдыланады. Ғылыми, техникалық, құқықтық, экономикалық, коммерциялық құжаттармен жұмыс істеуді үйреніп, дипломатиялық мәтіндерді, ақпараттық технологиялар және т. б. салалардағы мәтіндерді аудару ерекшеліктерін зерттейді.

Аудармашы – аударма саласындағы маман ғана емес, сонымен қатар ол – лингвист, тіл маманы. Осыған орай аудармашыларды оқыту процесі лингвистикалық пәндер бойынша жүзеге асырылады. Оқу жоспарына практикалық фонетика, грамматика, ауызша және жазбаша сөйлеу практикасы, шетел тілдесімін тыңдау, сондай-ақ стилистика, лексикология, морфология, синтаксис және т. б. пәндер енгізілген. Практикалық сабақтар қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жабдықталған аудиторияларда өтеді. Синхронды аударма дағдыларын қолдана алуға мүмкіндік беретін синхронды аударма бөлмесі бар. Кабинет аударма кабинасымен және нақты кәсіби қызметті бейнелейтін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.

Факультет алыс және жақын шетел ЖОО-мен байланыс орнатқандықтан үнемі шет елден тәжірибелі лекторлар мен оқытушыларды жұмысқа тартады. Кафедра оқытушылары мен студенттері орындайтын ғылыми-зерттеу жұмысы тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынастың, аударматанудың, аударма теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелерін зерттеуге арналған.

Ұйымдармен корпоративтік ынтымақтастықты дамыту аударма теориясы және практикасы кафедрасы жұмысының ажырамас бөлігі болып табылады. Ұйымдармен және мекемелермен ұзақ және мақсатты бірлескен қызмет 2017 жылы Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында кафедра филиалының ашылуына негіз болды. 2018 жылы кафедра «Кәсіби аудармашылар және аударма компанияларының қауымдастығы» ЗТжЖКБ ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

Баспасөз қызметі