Білім меценаты білім ордамызда

Білім меценаты білім ордамызда

Университет күні қарсаңында ҚарМУ жастары ҚР Білім меценаты, «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының және ҚХА «Бірлік» алтын медалінің иегері, Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыс мәслихатының депутаты Бекзат Қомарұлы Алтынбековпен кездесті.

Жүздесу барысында Бекзат Қомарұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің жұмысына кеңінен тоқталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жастармен бірлесе ізгілікті іс-шаралар қолға алынатын болады деді. Отбасы құндылықтары мен ұлттық тәлім-тәрбие мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Кездесу соңына таман жақсылық жасап, «болам деген баланың бетін қақпай, белін буып жүрген» жомарт ағамыз өз атынан ҚарМУ-дың білімді, талантты, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып жүрген жалынды 4 студентіне оқу жылының соңына таман 50 мың теңгеден сыйақы беретінін айтты. «Жастар жылында» Бекзат Қомарұлы ҚарМУ-дың тарих факультетінің студенті Үміт Қосманға үздік оқу үлгерімі және қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін өзінің атынан арнайы шәкіртақы тағайындаған болатын. Сол жолы ол кісі өз сөзінде: «Жанамын деген жүрекке от беретін, жасаймын деп талпынғанға қолдау көрсететін уақыт бұл», — деп еді.

ҚарМУ баспасөз қызметі