«Өрісі кең ғалым – ұлағатты ұстаз»

«Өрісі кең ғалым – ұлағатты ұстаз»

Қарағанды университетінде Қазақ ССР ғылым академиясының академигі, Қазақ ССР-нің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Орымбек Ахметбекұлы Жәутіковтің 110 жылдығына орай «Өрісі кең ғалым – ұлағатты ұстаз» атты дөңгелек үстел өтті.

ZOOM платформасы арқылы өткен дөңгелек үстелге Қазақстанның жетекші ғалымдары, ұстаздар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Қатысушылар Орымбек Ахметбекұлының ғылым жолындағы ерен еңбегін, жеткен жетістіктерін өз баяндамаларына арқау етті. Шәкірттері, елімізге танымал математиктер ғалымның есімін дәріптеп, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру, өмір жолын, ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттау аса қажет екендігін алға тартты. Ғалымның жастарға қолдау танытқанын, Қазақстанның ғана емес, Орта Азия математика мектебіне көңіл бөлгендігін, математик жастарды қолдауы – ең басты мақсаты болғандығын, мектеп ашуға зор еңбек сіңіргендігін, жастарды шетелдерге тәжірибе алмасуға жіберетінін атап көрсетті. Академик, профессор ғалымдарымыз Орымбек Жәутіковтің танысқан сәттеріндегі қуаныштарымен, сонымен қоса ғалымның адамгершілік қасиеттері, өмірлік ұстанымдарына да тоқталып жатты.



О.А. Жәутіков туралы студенттерінің жазған естелік хаттары оқылды. Ол кісіден көп нәрсені үйренгендерін де жасырмады. О.А. Жәутіков атындағы VІІІ халықаралық олимпиада елімізге ғана емес, алыс және жақын шетелдерге де танымал екендігін ерекше бағалады. Ғалым атамыздың «Математикалық талдау» оқулығы туралы айтылды. Қазақ тілінде жазылған 780 беттен тұратын кітабында сол кездегі сарынмен жазылған математикалық терминдерден мысалдар келтіріліп, ғалымның қазақ тіліндегі ғылыми терминдерге қосқан зор үлесі көрсетілген. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Е. Смаилов, өз сөзін қатысушыларға, университет басшылығына алғыс айтудан бастады. «Менің мақсатым О.А. Жәутіковті туған еліндегі Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен таныстырып, табыстыру болды. О.А. Жәутіковтің аруағы туған еліне әрі қарай да қызмет етеді, ғалымның атын студенттер мен жастардың санасына сіңіру үшін атқаратын істер көп. О.А. Жәутіков атындағы студенттер арасында стипендия тағайындалса екен» деген ұсыныс білдірді.

Н.Т. ОРУМБАЕВА, матемаматикалық анализ және дифференциалдық теңдеулер кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Г.Ж. КАРШЫГИНА, математика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, PhD