«Кел, қазақша сөйлесейік» клубына қосыл

«Кел, қазақша сөйлесейік» клубына қосыл

Тіл – халықтың тірегі, жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, рух, салт-дәстүр, еңбек жатыр. Сондықтан әр халық өз тілінде еркін сөйлеп, дамытып, атадан балаға мирас ретінде қалдыруға міндетті. Тіл жойылса, халық жойылады. Халық жойылса, мемлекет жойылады. Сол себепті Елбасымыз: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деп үндеу тастаған болатын. Әр облыста осы елбасымыз салып берген сара жол бойынша мемлекеттік тілді дамыту мақсатында клубтар ашыла бастады. Жақында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде де қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі Бақыт Айтбаеваның бастамасымен ZOOM платформасында «Кел, қазақша сөйлесейік!» клубы өз жұмысын бастады.

Тіл жанашыры Бақыт Манатқызы клубтың тыныс-тірлігіне кеңінен тоқталып өтті: «Клубтың мақсаты – қатысушыларға қазақ тілін қатысымдық тұрғыда меңгерту, сөйлесім әрекеттері арқылы дара тұлғаның тілдік қабілетін дамыту, бір-бірімен сабақтас, жүйелі тақырыптарды коммуникативтік қатынаста игерту, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілін қолдану арқылы тілдік қабілеттерін ашу және тіл үйренушілердің қазақша дұрыс, түсінікті сөйлеуі мен сауатты жазуын қалыптастыру. Яғни, қазақ тілін жетік меңгергісі келетін тіл үйренушілерге арналған диалог алаңы деп айтсақ та болады. Клубтың ашылу салтанатына университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері, студенттер, қала тұрғындары, тіл үйренуші азаматтар, ресурстық тілдер орталығының өкілдері қатысты. Барлық кездесулер әртүрлі форматта, яғни, WordWall, LearningAPP, Kahoot, Flippity сияқты және басқа да платформаларды пайдалану арқылы өтті, сонымен қатар, инсерт, ой шақыру, пікіралмасу, дебат, ойталқы, ойын элементтері, жағдаяттық тапсырмалар, жұптық, топтық жұмыстар, караоке – ән айту, кино көру және тағы да басқа жұмыс түрлері, ПОПС әдістері кеңінен қолданылды. Клуб отырыстарының тақырыптары интерактивті ойын режимінде жүргізілді. Клубтың ерекшелігі – тіл үйренушілерге қазақ тілін ауызекі сөйлесім арқылы үйретіп, қазақша араласып, әңгімелескісі келетін тіл үйренушілер үшін жайлы орта қалыптастыру. Отырыста клуб мүшелері өз ұлттарының мәдениетін, салт-дәстүрлерін, ұлттық әдет-ғұрыптарын және өмірдегі әртүрлі жағдаяттар туралы өз ойларын ортаға салып, қолайлы атмосферада өздерін қызықтыратын тақырыптарды талқылап, танымал немесе ұмытылған қазақ дәстүрлері туралы білді. Клуб спикерлері тіл үйренушілерге жаңа тілдік, әлеуметтік және мәдени ортаға бейімделуге және қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан жетік меңгеруге көмек көрсетті. Аталған клуб тілдік тәжірибе мен тілдік орта қалыптастыру үшін өте тиімді».

Иә, тіл – болашақ, тіл – байлығымыз… Ардақтап, аялайық біз, бәріміз!

Еркенұр АРИНОВА, Қарағанды университетінің студенті