«Жастар және мәдениет: театр мен музыка»

«Жастар және мәдениет: театр мен музыка»

Әлеуметтік мәселелер Департаменті Студенттер сарайымен біріге отырып, университет басшылығының қолдауымен жастарға еліміздің сан түрлі мәдени-рухани құндылықтарын спектакльдер, музыкалық кештер, концерттер арқылы таныстыруға бағытталған «Жастар және мәдениет: Театр мен музыка» жобасын бастады.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және С. Сейфуллин атындағы облыстық театр мен К. Станиславский атындағы облыстық театр арасында келісім жасалған болатын. Келісім студенттердің спектакльдерге қатысуын және олардың театр өнеріне деген қызығушылығын ашуды көздейді.

Театр – сахна мен көрермендердің рухани ой-сезім күйлерінің бір-бірімен өзара ұштасуын, оған қоса спектакльді жасаушылар мен көпшілік қауымның арасындағы жалпы мақсаттың ортақ болып, бір арнадан шығуын талап етеді. Бұл үлкен өмірдің сахналанған айрықша көрінісі. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «… театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны». Иə, рас, себебі, онда ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көрсетеді.

Белсенді студенттеріміздің алғашқы сапары К.М. Станиславский атындағы орыс драма театрының «Бір түп алма ағашы» қойылымынан бастау алды. Театр актерлерінің сахнадағы шебер ойыны көрермен санасында өшпес із қалдырып, рухани азық берді. Студенттер қойылымды үлкен қызығушылықпен тамашалап, алған әсерлері мен ұтымды тұстары жайлы талқылады.

Жеңіс күні қарсаңында Студенттер үйінің студенттері Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрына барып қайтты. Театрда Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің 100 жылдығына арналған «Қыран қазақ» қойылымы қойылды. Жастар батылдық пен батырлық, қайсарлық пен жанкештілік суреттелген қойылымнан рухани азық алып қайтты.

Керемет әсер сыйлаған К.М. Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымына алғыс білдіреміз!

Бектас ЖҰМАН, Қарағанды университетінің студенті