Ғылыми кеңестің алғашқы отырысы

Ғылыми кеңестің алғашқы отырысы

Бүгін академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ректоры профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтың төрағалығымен жаңа оқу жылындағы Ғылыми кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Ректор Нұрлан Орынбасарұлы өзінің кіріспе сөзінде білім ордасының әрі қарайғы даму бағдарына жан-жақты тоқтала келе, мақсаттар мен міндеттерді айқындап отыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар күні кеше жолданған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген басымдықтарға баса назар аударып, жүктелген міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Атам қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөз бар. Осы орайда университет басшысы Қарағанды университетінің ұжымын бір шаңырақтың астында бір әулеттің баласындай бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Дер кезінде мәселелерді күн тәртібіне көтеріп, сан мен сапаны арттыруды тапсырды. Университеттің тыныс-тірлігіне студент жастарды көптеп тарту қажеттігін де алға тартты. Өз сөзінде негізі мықты қаланған, кезінде еліміздегі екінші университет саналған кең аумақты алып жатқан білім ордасының бүгінгі тынысын кеңейту сіз бен біздің қолымызда деді.

Ғылыми кеңестің отырысында оқу ісі жөніндегі проректор Б. Р. Нүсіпбеков және әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жетекшісі Н. М. Жұмагелді жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша баяндама жасады. Ағымдағы оқу жылындағы жағымды жаңалық – 1 қыркүйектен бастап профессорлық-оқытушылар құрамының жалақысы 30 пайызға, ал оқу-қосалқы персоналының еңбекақысы 35 пайызға өспек. Ғылыми кеңестің бұл жолғы отырысы тікелей эфир арқылы кең аудиторияға бағытталды.

Баспасөз қызметі