Әр қадам мақсатқа жетелейді

Әр қадам мақсатқа жетелейді

Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 23 мамырдағы бастамасымен Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының бірігуінің негізінде Еуразия ұлттық университеті құрылған болатын. Ал «Жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарын қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 маусымдағы №892 қаулысына сәйкес университетке Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті атауы берілді.

Адамзат баласына өлшеусіз мұра қалдырған танымал ғалым, жазушы, аудармашы, тарихшы, археолог, шығыстанушы, географ, философ Еуропа мен Азияны, батыс пен шығысты жақындастыра зерттеген. Елорданың төрінде орналасқан маңдайалды жоғары оқу орнына ұлы тұлғаның есімінің берілуі — Лев Николаевич Гумилевтің еңбегінің бағалануы. Лев Гумилев өз заманында Еуразияны түптеп, тереңірек зерттеу нәтижесінде «Ритмы Евразии: эпохи и цивилизации», «Из истории Евразии», «История Евразий » және т.б. еңбектерін жазып қалдырды. Өзінің соңғы сұхбатында «Өмірімнің мәні шын жүрегіммен сүйген Еуразия халықтарына тарих сахнасынан лайықты орнын алып беру болды» дейді. Ғалымның еуразиялық кеңістіктегі халықтар тарихына арналған ғылыми еңбектерінің бағасы өлшеусіз. Алаштың Ақселеуі: «Лев Николаевич Гумилев өмірінің соңғы жылдарында өзін “еуразияшылмын” деп ашық айтып жүрді. “Жұрт мені еуразияшыл дейді, мен ондай пікірге қарсы емеспін”, – деген ойды ашық айтқаны белгілі. Шынында да еуразияшылдық идея Лев Николаевич шығармашылығының өн бойында үзілмей көрініс тауып отыратынын аңғару қиын емес. Сонымен бірге, Лев Николаевичтің еуразияшылдығында өзіндік ерекшеліктің де бары рас», — деп жазады.

Биыл тұғырлы тұлғаның атын еншілеген Еуразия ұлттық университетінің ширек ғасырлық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Жақында «Ғылым онкүндігі» аясында Microsoft Teams платформасында «Distance learning in Foreign languages teaching: best practices» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Іс-шара Лев Гумилевтің шығармашылығына арналды. Онлайн олимпиадаға 147 студент қатысты, оның ішінде 29 студент — Ресей, Венгрия, Франция, Қытай, Үндістан, Украина, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінің өкілдері. «Л.Н. Гумилев мұрасы қазіргі ұрпақтың көзімен» тақырыбы бойынша бірінші, екінші курс студенттері ой бөлісті. Жастар Л.Н. Гумилевті еуразияшылдық идеясының негізін қалаушы ретінде қарастыра отырып, ғалымның ғылыми үлесі мен өмір жолындағы қайшылықтарын сыни тұрғыда бағалап, өміршең идеяларының ерекшеліктерін талдауға тырысты. Олимпиада аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері Ubaka Precious Spik ұйымдастырушыларға алғыс айтып, студенттерге ұсынылған тақырыптардың жоғары ақпараттық құндылығын атап өтті. Қазылар алқасының мүшесі Ferenc Daniel Magyar ерекше алғысын білдірді: «Мен Лев Гумилевтің өмірі, шығармашылығы және қазіргі қоғамға әсері туралы көп мағлұмат алдым. Тұлғаның мол мұрасына қызығушылық танытқан студенттердің көп болғаны мені қуантты».

Біз университетіміздің 25 жылдық мерейтойына орай өткізілген бір ғана іс-шараға тоқталдық…

Ж.Е. САҒЫМБАЕВА, Еуразия ұлттық университеті, филология факультеті шет тілдер кафедрасының меңгерушісі, Ж.И. АРИСТАНБЕКОВА, п.ғ.м., аға оқытушы