«Абайдың асыл мұрасы»

«Абайдың асыл мұрасы»

Жақында педагогикалық факультетте дефектология мамандығының 1 курс студенттерінің ұйымдастыруымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абайдың асыл мұрасы» атты әдеби кеш өтті.

Кеште студенттер Абай Құнанбаевтың қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі мен мұраға қалдырған баға жетпес қазынасын көрсетуге тырысты. Әрине, Абайдың әдеби мұрасын бір кеште толық айтып жеткізу мүмкін емес, дегенмен студенттер ұлы тұлғаның ақындығына, сазгерлігіне, аудармашылығына, ғұламалығына, ағартушылық және саясаткерлік еңбектеріне тоқталды.

Кеш барысында Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу шеберлігін Мәди Маратов, Ботакөз Қожабаева, Ақерке Әділхан көрсетсе, Ғайнел Муталипова мен Азиза Мұқан «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамаша нақышына келтіре орындай алды, ал «Көзімнің қарасы» әні хордың орындауында ұсынылды. Бірнеше қара сөздерді жатқа оқыған Бекзат Әмзеев, Жансая Әнтай және Ирина Бекмұхамбетова көрермендерді терең ойға қалдырды. Абай Құнанбаевтың өмір тарихы мен шығармашылығы туралы мәліметтерді білу деңгейі ДФ-11, ДФ-12, ДФ-13 тобы студенттері арасында жүргізілген блиц-сауал барысында анықталса, көрермендер мен профессорлық-оқытушылар құрамына Абайдың өлеңдерін әрі қарай жалғастырып айту тапсырмасы берілді.

Айтулы әдеби кеш барысында студенттер кемеңгер ақынның әндері мен жырларынан шашу шашып, көңілімізді тербесе, қара сөздерімен санамызды оятып, олардың терең мағынасын жүрегімізге ұялатты, орындалған әндер мен билер мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Абай атамыздың сан алуан тақырыпта жазылған өлеңдерін әлденеше ұрпақ жаттап өсіп, саналарда мәңгілікке жатталып қалғанын бәріміз де білеміз. Қазір еліміздің барлық жерлерінде жаппай ақын атамыздың құрметіне Абай оқулары жүріп жатыр, өлең оқудан үндеулер тарап жатыр, мұның бәрі әр қазақтың Абай өлеңдерінің кемінде екі-үшеуін жатқа білетіндігінің дәлелі. Абай әлемі – түпсіз терең көркем сөз бен ойтолғамдар әлемі. Биылғы ұлы ақынның мерейтойы деп жарияланған 2020 жылы ғана емес, студенттер мен оқушыларға әрдайым Абайды танып-білуге насихаттау бізге парыз. Әсіресе педагогикалық бағыттағы мамандықтарда оқитын студенттер үшін болашақ мұғалімдерге қажетті кәсіби біліктіліктің бірі – оқушыларды ұлттық әдеби қазынаны дәріптей білуге үйрету, Абай шығармалары арқылы адамгершілік, рухани, патриоттық және эстетикалық тәрбие беру. Бұл ретте әдеби кеш тәрізді іс-шаралардың маңызы зор. Студенттер бір жағынан еліміздегі болып жатқан ақынды ұлықтау шарасына өз үлестерін қосса, екінші жағынан өздерінің кәсіби даярлықтарын шыңдай бастады. Cонымен қатар, ұлы тұлғаның шығармашылығын таныту арқылы мемлекетіміздегі «Рухани жаңғыру» саясатын жүзеге асыруға атсалысты деуге болады.

Кештің ұйымдастырылуын үлкен жауапкершілікпен атқарған студенттер Бақдәулет Бауыржанұлына, Аида Берікбаева мен Іңкәр Ерланға және барлық 1 курс студенттеріне «Талаптарыңа нұр жаусын!» дегіміз келеді.

«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ»,

— деген Абай атамыздың сипаттамасына студенттеріміз әбден лайық деп ойлаймыз.

А. РЫМХАНОВА,
дефектология кафедрасының доценті,
А. АРБАБАЕВА
аға оқытушысы