Абайды оқып, жаттаған ару

Абайды оқып, жаттаған ару

Жақында адамзаттың алыбы – хәкім Абай Құнанбайұлының 200-ден астам өлеңін жаттап өскен ару қызымыз Балнұр Амантай Алатау баурайында өткен «Қазақ Аруы — 2020» байқауына қатысып қайтты. Бүгін – Дүниежүзілік поэзия күнінде өлең сөзбен сусындап, халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін санасына түйіп бойжеткен ҚарМУ-дың философия және психология факультетінің 4 курс студентін сұқбат алаңына шақырдық.

Тілші: Айтулы байқаудың ұйымдастырушысы продюсер Баян Алагөзова: «Бұл жобада жыл сайын талаптар күшейіп, қатысу қиындай түсуде. Бастысы, байқау қазақтың қыздарын иманды, талантты, білімді болуға үгіттейді. Біз кіл мықтыларды таңдап, финалға 2 ай бойы дайындалдық. Жобаның өзгелерден ерекшелігі сол, барлығы ұлттық нақышта өтті», — деді. Өзің осындай ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, қазақ қызына тән қасиеттерді дәріптейтін байқауға қатысып, университетіміздің мерейін үстем еттің. Байқаудың берері көп болды ма?

Балнұр: Әлбетте, қазақи дәстүрлерді көрсете алдық деп ойлаймын. Тарих пен мәдениетті дәріптедік. Қазақ қызына тән қасиеттер қатысушылардың әрбірінің бойынан табылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнерлі арулардың әрқайсының өзіндік артықшылықтары болды. Байқау физикалық, моральдық тұрғыдан күш-жігер сыйлады.

Ақерке: Өнер сайысында хәкім Абайдың өлеңдерін еш мүдірмей жалғастырып, қазылар алқасы мен көрерменді таң қалдырыпсың. Ұлы ақынның 200-ден астам өлеңін жатқа оқиды екенсің. Жаттауға қанша уақыт кетті?

Балнұр: Әрине, бұл бір күннің нәтижесі емес, 5 жылғы еңбектің жемісі. Абайдан бөлек Қасымның 90-нан астам өлеңін жатқа білемін. «Қазақ аруына» қатысуды бала кезден армандайтынмын. Шүкір, жеттім. Ал, байқауда неге Абай өлеңдерін оқыдым дегенге келсек, қазақта Абайдан асқан кемеңгер жоқ. Айтар ойын халыққа жеткізе алсам, өзімді жеңіске жеттім деп санаймын. Абай – қазақ үшін ұлы. Неге ұлылардың ұлағатын ұлықтамасқа деп ойладым.

Ақерке: Қазақ қызы қандай болуы керек?

Балнұр: Ең бірінші имандылық керек. Имандылықтың ішінде бәрі бар. Иманды адам қашан да түзу жолдан тайқымай өте алады. Қандай қиындықтар болсын күреседі. Адамгершілік әр адамға қажет. Ата-ананы сыйлау да осы адамгершіліктен келіп шығады. Қазақ қызы сонымен қатар салт-дәстүрге берік болуы керек. Атадан келе жатқан дәстүр жалғастығын сақтап, ұрпаққа жеткізе алу әрбіріміз үшін парыз. Бауыржан атамыз айтпақшы, «тәртіпке бағынған құл болмайды». Тәртіп бар жерде тәрбие бар. Сондықтан тәртіпті болуы керек. Сабырлылық та аса қажет. Абай атамыздың өзі өлеңдерінде де атап өтеді ғой. Абайдың сөзімен жүрген қазақтың адасуы мүмкін емес.

Ақерке: Аруларымызға, сіңлілеріңе, «Қазақ Аруының» болашақ қатысушыларына қандай кеңес бересің?

Балнұр: Кеңес беретіндей жаста да емес шығармын. Дегенмен, көрген-білгеніме сүйенер болсам, тәрбиелі болса екен. Біз ата-ананың айнасымыз. Әке-шешеміздің берген тәлімі, ақыл-өсиеті біздің бойымыздан, сөзімізден, әрекетімізден көрініп тұрады. Ата-ананы сыйлап жүрсек, үлгі алсақ, міне, нағыз бақыт! «Қазақ Аруы» атанам деген әр қазақ қызына жүрексінбеңіздер, күресіңіздер, нағыз қазақ аруы екендеріңізді жүріс-тұрыстарыңызбен, іс-әрекеттеріңізбен, сүйкімді қылықтарыңызбен, өнерлеріңізбен дәлелдеңіздер дегім келеді.

Ақерке: Рақмет, Балнұр! Әрине, осындай үлкен жетістікке жетуің университетіміз үшін зор мәртебе. Алда да биіктерден көріне бер. Қазақ қызына тән қалпыңмен өзгелерге үлгі-өнеге бол!

Балнұр: Еңбекті елеп, мен үшін қуанып отырған сіздерге де алғысымды білдіремін. Қолдау көрсеткен кенішті өлкеме, университетіме, факультетіме, тобыма, ата-анам мен туған-туыстарыма мың алғыс! Барша қазақ жұртына рақмет айтамын! Әз Наурыз елімізге құт-береке әкелсін! Газет ұжымына ерекше алғыс. Еңбектеріңіз жана берсін!

P. S.: Наурыздың 22 күні сағат 17:00-де «Хабар» арнасынан «Қазақ Аруы – 2020» байқауын көре аласыздар.

Ақерке ӘБДІКӘРІМОВА,
ҚарМУ студенті