Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың құрметті студенттері, оқытушылары және қызметкерлері!

Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін елімізде төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдап, қазіргі кезеңде қолға алуға тиісті қажетті алдын алу шаралары туралы егжей-тегжей мәлімдеді. Қазақстан Президентінің айтуынша, ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу және профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Осы себепті көптеген қоғамдық орындардың, соның ішінде кинотеатрлардың, мұражайлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Жаппай іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Қоғамдық тәртіпті қорғау күшейтіледі. Ауқымды іс-шаралар тоқтатылды. Ірі сауда нысандарының жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Мұның бәрі бір мақсатпен — Қазақстанда вирустың таралуына жол бермеу үшін жасалуда. Студенттер арасында аурудың таралуын болдырмау үшін қашықтықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылданды. Осыған орай, университетіміз оқу процесіне түзетулер енгізді. Қарағанды мемлекеттік университеті онлайн оқыту жүйесіне көшуге дайын. Тәжірибе мол, барлық қажеттілік қамтамасыз етілген. 16 наурыздан біз ауыртпалықсыз қашықтықтан оқытуға көшіп, оқу процесі жалғасын тапты.

Әр студенттің, оқытушының және қызметкердің денсаулығы біз үшін басты басымдық болып табылады. Бірінші кезекте, әрқайсымыз жауапкершілік пен тәртіпті сезінуіміз керек. Әркім өзіне және жақын адамдарына қамқорлық жасаудың қарапайым тәсілдерін есте ұстауы тиіс: қолды үнемі жуып, гигиенаны сақтап, адам көп жиналған жерлерге бармауға тырысу. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде тұрғылықты жердегі медициналық қызметке жүгінуі керек. Қандай да бір себептермен үйлеріне қайта алмаған жатақханада тұратын студенттер тез арада штаттық режимде жұмыс істейтін университеттің медицина қызметкерлеріне немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 1406, 8(7172) 76-80-43 байланыс орталығына хабарласуы керек. Қиындықтар туындаған жағдайда сіздер кураторларға, оқытушыларға, университет қызметкерлеріне және жеке өзіме жүгіне аласыздар. Осы қиын кезеңде барлығымыз бірлесіп туындаған қиындықтарды бірге жеңуіміз керек.

Мемлекет басшысы барлығымызды дүрбелең туғызбай, сабыр сақтауға шақырды. Айтулы жағдай назарға алынды, көп ұзамай барлығымыз киелі қара шаңырағымыз ҚарМУ-да қайта табысамыз. Өздеріңізді күтіңіздер, қоғамның саулығы сіз бен бізден басталады.

Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры м.а.,
профессор Е. М. Тажбаев