Жаңа дәуір дауысы

Жаңа дәуір дауысы

Әнші Димаш Құдайберген жайлы мөлтек сыр

Әр заманның өзіне лайық өнері бар. Уақыт алға қарай жылжыған сайын адамзат баласы өркениет өріне ұмтылғаны секілді, өнердің де шырқау биігін бағындырғысы келетіндігі сөзсіз. Қазақ – ежелден өнерге жақын өнерпаз ел екендігі тарихтан мәлім. Әсіресе, ақындық және ән-күй өнері біздің халықтың ажырамас бір бөлігіндей болды. Әншілік өнерді айтқанда, оның тарихын қозғаған кезде арғы заманның сал-серілері көз алдымызға елестейді. Олардың әрқайсысы бұл күнде аңызға айналған өнер тұлғалары. Бұл – бізге дейінгі қазақ қоғамының ішіндегі құбылыстар. Ал, қазақ ән-өнері қашан халықаралық деңгейге көтерілді? Осы ретте кешегі Кеңестер Одағына біраз аялдаймыз. Өйткені, 1925 жылы қазақ әншісі Әміре Қашаубаев бүкіл Еуропаны таңғалдырып Парижде ән салды. Әміре ән салғанда Франция астанасының кең сахнасындағы алып люстраның өзі билей жөнелген екен дейтін де аңыз бар ел арасында. Қазақ әншісі және ұлттық ән алғаш рет осылай әлемдік сахнаға шығып еді. Онан кейін де біздің әншілеріміз бен әндеріміз талай рет әлем сахналарында қалықтағанын қуанышпен айтуымызға болады. Осынау үрдіс Тәуелсіздік заманында қандай деңгейде деген де сұрақтың алдан шығары әбден мүмкін. Мұндайда бір ғана жауап айтуға болады. Ол – тәуелсіздік алғаннан бері ән де, әнші де тәуелсіз болды. Еркін құс секілді Жер шарын шарлап ұшатын күйге жетті. Қанаттары талмайтын болды. Әрине, нағыз әншіге қанатпен қоса табиғи талант та аса қажет. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – қанатты да талантты жас әнші, әлемге танымал Димаш Құдайберген. Димаштың азан шақырып қойған аты – Дінмұхаммед екен. Ақтөбе қаласының тумасы. Бір қызығы, Димаштың бала күнінде алғаш айтқан әні де «Ақтөбе» деп аталған. Таңғаларлығы – 2 жасынан бастап қолына түскен кез келген затты бір-біріне ұрғылап, онан шыққан дыбысқа елеңдеп, өзі де қосыла дауыстап жүреді екен. Музыкалық аспаптардың суретін салуға әуестенеді. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш рет ән салыпты. Сол жылы музыкалық мектептің есігін ашқан елік-бала өзін ән-құдіретке біржола бергендей еді. Балалар хорына қатысып, фортепианода ойнауды үйренеді. Соның нәтижесінде алты жасында «Айналайын» респуликалық ән-байқауына қатысып, «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанған. Бар ой-қиялы мен арман-мақсатын ән өнеріне сол бүлдіршін шағында арнағанын әншінің өзі сұхбаттарында айтып жүр. Журналист Дана Нұржігіттің арнайы сұхбатында Димаштың бала күнінде салған суреттерін көрдік. Сонда сәби қиялының өзі ән әлеміне талпыныс жасаған екен. Ол музыкамен қатар мектептегі барлық сабақтарды жақсы оқыған. Бір мұғалімінің мынадай дерегі бар: «Үзіліс кезінде балалардың бәрі Димаштың қасынан табылатын. Әсіресе, асханада. Бір күні бақылап едік, мынандай жайды білдік. Ол көбінесе үйінен мың теңгедей алып келіп, соған жеткенше балаларға бәліш сатып әпереді екен. Тіпті кейде өзіне де қалдырмай бәрін де үлестіріп береді екен». Мұндай қысқа детальдың өзі оның дархандығын дәлелдеп, жомарттығын көрсеткендей, жанашыр-бауырмалдығын аңғартқандай десек, артық айтқандық емес. Әрі қарай музыка колледжі. Бұл жерде де музыкалық білімін жетілдіре түскен Димаштың айы оңынан туған. Себебі колледжде мектептен гөрі музыкалық білім тереңдеп және кәсіби мамандар көбейген.

2010 жылы «Байқоңырдың әсем дауыстары» халықаралық фестивалінің бірінші жүлдесін алған. 2012 жылы «Жас қанат» республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болған. Онан кейін «Восточный базар» халықаралық байқауында бірінші жүлделі лауреаты атанды. 2013 жылы «Мейкин Азия» халықаралық фестивалінің жеңімпазы болған. 2014 жылы Ақтөбе қаласында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжіндегі «академиялық ән орындау» мамандығын бітіріп, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «эстрада вокалы» мамандығына түседі. Осында оқып жүріп, Витебск қаласында өтк ен «Славян базары – 2015» халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауына қатысып, Гран-при жүлдесін жеңіп алған. 2015 жылы Түркияда «Abu TV» халықаралық Азия – Тынық мұхит фестивалінде Қазақ мемлекеті атынан алғаш рет қатысқан. 2017 жылы «Азиядағы ең атақты әнші» номинациясын иеленген. Осы жылы Қытайдағы «Sinqer-2017» («Мен әншімін») жобасында екінші орын алды. Мұндағы ақтық сынақта қытайдың атақты әншісі Шан Венжемен бірігіп ән айтқан. Және Майкл Джексонның әйгілі әнін орындап шыққан. Мұнан соң еліміздегі «Астана Арена» спорт кешені стадионында тұңғыш рет жеке концертін өткізеді. Сол концертте 30

мыңдай адам жиналған. Соло-концерт 4 сағатқа созылған. 2018 жылы Лондонда Димаштың жеке концерті өтті. Оған әлемнің 45 елінен көрермен-тыңдармандар келген екен. Зал лық толған. 2 сағаттай болған концерт өте жоғары деңгейде өткенін ағылшын баспасөзі жарыса жазып, радио-телевидениесі барша әлемге таратқан.

2019 жылдың наурызында Мәскеудің Кремль сарайында Димаштың екі күнде екі концерті өткен. Ресейдің бас сахнасы – Кремльдің 6 мың орындық үлкен залы да көрерменге лық толған. Өте жоғары деңгейде өткен осынау концертке әлемнің 56 елінен Димаштың фанаттары келген. Бұған қоса, Ресейдің түкпір-түкпірінен халық көп жиналған. Концерт 2,5 сағатқа созылған. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерінде ән шырқаған Димаштың, әсіресе, қазақша рэп-ті керемет орындағанына жиылған жұрттың бәрі таңғалған. Осы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Арнау» атты жеке концертін берген. Еліне есеп ретінде өткен осы шығармашылық кешінде қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік танымал композиторлардың туындылары, сонымен қатар, заманауи үлгіде өңделген өзінің авторлық әндерін орындаған. Бұған Нью-Иорк, Санкт-Петербург, Украина, Баку, Прибалтика елдері, т. б. жерлерді қосыңыз.

Қарап отырсақ, осынау күрделі көрсеткіштер кейінгі 10 жылдың жемісі екен. Енді марапаттарға назар аударайық.

2014 жылы ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. «Жыл таңдауы – Халықтың сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты. 2017 жылы ҚР-ның Мәдениет пен

өнер саласындағы мемлекеттік стипендиясының және ҚР-ң тұңғыш Президенті-Елбасы қоры сыйлығының иегері. 2018 жылы Қытайда «Жылдың үздік әртісі» премиясының және «Ең танымал әртіс» жүлдесінің иегері. 2019 жылы Ресейдің «Виктория» ұлттық музыкалық сыйлығының екі бірдей номинациясының иегері атанды. Бұл номинациялар – «Жыл жаңалығы» және «Классикалық музыкадағы жыл вокалшысы» деп аталған. Тағы бір басты марапат – 2019 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» болды.

Осыншама орасан жетістікке жету 26 жастағы жас жігіт

үшін – әлемдік рекорд десек те болады. Енді Димаштың ұстаздары жөнінде кішкене тоқталсақ, әуелі Алла Тағаланы айтар едік. Себебі, адамға берілетін талант – Алланың аяны. Мұны кейде жұмсартып табиғи дарын, ерекше қабілет деп те атап жүр. Бір қызық жайт, Париждегі атақты Сорбонна университетінің маңдайшасында: «Сізге Құдай сана бермесе, Сорбонна университеті еш көмектесе алмайды…» деген жазу бар екен. Ендеше, Жаратушыны алғашқы ұстаз дегеніміз орынды шығар. Онан кейін өмірге әкелген әке-шешесі Қанат – Светлана Айтбаевтар, барынша тәрбиесін беріп, мейірім-шуағын төккен Құдайберген ата мен Миуа әжей. Сосын Марат Айтимов, Бақытбек Жұбатқанұлы, Майра Мұхаммедқызы, Айман Мұсаходжаева, Лұқпан Жолдасов, тағы басқалар. Айтпақшы, осы шоғырдың қатарына мәскеулік маэстро Игорь Крутойды да қосуға болады. Крутойдың бірнеше терең композициялы әндерін әуелете шырқағанда Ресей түгілі барша Әлем таңғалды. Димаштың орындауында өз әндеріне өзі қайран қалған И. Крутой: «Жер бетіне тән емес, алыс Ғарыштан түскен әнші. Өз өмірімде осынша жасқа келгенше мұндай талантты көргенім жоқ», — деп орыстың басты телеканалдарына сұхбат берді. Шындығында, «Любовь уставших лебедей», «Знай», т. б. орыс әндерін түрлендіріп айтқанда, «Жаңа толқын», «Жыл әндері» секілді Ресейдің атышулы ән-байқауларын жарып шыққанда орыстың музыка мэтрлері түгелдей таңырқап, таңдай қағысқан. Таңғала отырып, бәрі де жақсы бағаларын берген. Ресейдің ән-сылқымы Алла Пугачеваның өзі бір кезде орындаған «Любовь, похожая на сон» әнін Димаштың даусымен естігенде басын шайқап, қатты қуанған екен. Мұндай мысалдарды айта берсек, әрі қарай кете береді. Ал, шетелдік әншілер мен музыка мамандары, зерттеушілерінің ой-пікірлері, айтқан-жазған сараптамалық материалдары жеке зерттеуді қажет етеді. Мәселен, АҚШ-тың алып шаhарында, не болмаса Батыс Еуропаның, Қытайдың сұмдық сахналарында қазақтың халық әні «Дайди-дау»-ды шырқап, ұлтымыздың даңқ-мерейін көкке көтергені қандай ғанибет!Әншінің «Аққуым», «Анашым», «Махаббат бер маған», т. б. әндері де сол сахналарда айналып ұшқан.

Ұзын сөзіміздің негізгі түйіні: Біздің Димаш – мың жылда бір туатын мықты әнші. Дүние жүзіне даңқы жайыла бастаған аса талантты өнер тұлғасы. Музыка тілімен айтқанда, алты октавада айта алатын қазіргі Жер планетасындағы бірегей дауыс иесі. Әзірше әлемнің он шақты тілінде ән айтып жүрген жас дарынның көздеген бағыты – неоклассика деп аталады екен. Бұл – өткен ғасырдағы АҚШ-тың супержұлдызы Майкл Джексон тәрізді музыка әлеміне төңкеріс жасау деген сөз. Әлемдік музыка мамандарының айтуынша, Димаштың даусында классика мен эстраданың қосындысы бар екен. Сонан да болар ол кез келген әнді айтқан кезде дауыстың бірден ауысуы байқалады. Тіпті кейбір музыка сыншылары Димаштың ішінде 10 адамның даусы бар дегенді де айтып жүр. Біреулер бөгде планетаның «қонағы» дейді. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз – не «Ертегілер еліне», не «Батырлар жырына» кіріп кетесіз… Қалай айтсақ та, Димаш Құдайбергеннің таудай таланты мен кәсіби шеберлігіне сіз де, біз де, ол да куә. Осы жерде айта кететін бір жағдай, елдің көбі, фанаттардың барлығы – оның салған әніне, кескін-келбетіне, жүріс-тұрысына, талант-дарынына таңғалып жатса, мені ерекше қызықтырғаны – оның өте қарапайымдылығы, салмақты-сабырлылығы, ойшылдығы мен иманжүзділігі. Ол бір сұхбатында: «Адамның бала күніндегі жаңа жауған қардай арман-тілегі, пәк сезім мен ой-қиялы ешқашан алдамайды екен» — дейді. Осындай арманшыл Димаштың әлі де талай биіктерді бағындырып, талай асуларға алқынбай шығарына тілектестік білдіреміз.

Дәл қазір Дала феномені, Қала құбылысына айналған біздің Димашты «Әлемнің Халық Әртісі» дейді екен. Қазақ қуанышы ұзағынан сүйіндірсін!

Әлімжан Құтжанұлы,
Журналистика кафедрасының аға оқытушысы