Көңілінен көктем көрінетін

Көңілінен көктем көрінетін

Мартбек досым жайлы мөлтек сыр

Журналист әрі сатирик Мартбек Тоқмырзамен менің таныстығым 1992 жылдың күзінде басталды. Ол кезде мен аймақтық «Замандас» жастар газетінде тілші болатынмын. Бір күні Мартбектің өзі бір жұмыстармен редакциямызға келе қалды. Оның алдында бұл жігітті қарағандылық телеканалдан көріп тұратынмын. Сонда қызмет істейтін тележурналист деп естігем. Танысудың сәті түсті. Газетіміздің бас редакторы Әшімхан Исламбекұлымен жақсы дос екен. Әңгімелері жарасқан екі дос сол жерде Саран қаласындағы педучилище студенттерімен кездесуге баратын болып уағдаласты. Олармен бірге мен де бармақшы болдым. Сонан бір күннен кейін үшеуміз іссапармен Саран қаласына аттандық. Ондағы педагогикалық училищенің студенттерімен кездестік. Алдағы жылға газетке жазылуға науқан жүріп жатқан уақыт. Біз жастар басылымының жай-күйін насихаттап, оқырмандарымызды көбейту мақсатымен біраз әңгіме өрбіттік, сұхбат құрдық. Мартбек болса, Қарағанды телеарнасындағы жастар бағдарламасына біршама материалдар жинады. Саранда болған сол сапар Мартбек екеуміздің шығармашылық байланысымызды нығайтып, әрі қарай үлкен достық қарым-қатынасқа жол ашты. Жас журналистің сатира саласында да жақсы дүниелер жазып жүргенін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінен көрдім. Осыдан кейін «Замандас» жастар басылымына Мартбектің мақалаларын, қысқа әзіл-қалжыңдарын жиі жариялап жүрдік. Келесі 1993 жылдың наурызының соңына қарай маған бір ой келді. Газетімізде ол уақытта сатиралық айдар жоқ болатын. Сол жылдың 1-ші сәуірінде Күлкі күніне арнап «Ұстара» деген атаумен басылымның ішкі бір бетін тұтастай әзіл-қалжыңға бұрдым. Айдардың жүргізушісі әрі авторы өзім болдым. Ол кезде ешкімде ұялы телефон жоқ. Ертеңінде Мартбек екеуміз автобуста кезігіп қалдық. Қолында «Замандас» газеті. Кешегі менің «жаңалығымды» көрсетіп, құттықтап жатыр. «Жастар басылымындағы мына идеяң өте дұрыс екен. Айдардың атын да қатырыпсың. Бірақ ай сайын емес, тіпті апта сайын шығарып тұрсаң да осыған материал табар едік. Келесіге менің әзіл әңгімелерім толық кетсінші», — деп өтініш білдірді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, мен де қатты қуандым. Өйткені жаңа сатиралық айдардың екінші саны аяқ астынан автобуста шешілді. Сонан газетіміздің алдағы айдағы «Ұстарасында» Мартбек Тоқмырзаның бір топ әзіл-қалжыңды дүниелері жарқ ете қалды. Фотосын салып, ақ жол тілеп, таныстыру жазғаным да бар (Сол газет нөмірі әлі күнге менде сақтаулы тұр. 1 сәуір, 1993 жыл). Бұрын Мартбекпен журналистік байланысымыз достығымыздың дәнекері болса, осыдан кейін сатира саласында бір-бірімізге тіпті жақындай түстік.

1992-1993 жылдары еліміз Тәуелсіздігін енді алып, жаңа кезеңге, жаңа қоғамға бет бұрған шақта көп қиындықтар кездесті. Бұрынғы ұзақ уақыт бодандыққа үйреніп қалған қоғамдық сананы күрт өзгерту оңайға түскен жоқ. Әсіресе, ел ертеңі – жастарды рухани тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – бәріміздің басты мақсатымыз һәм нақты міндетіміз болды. Осы күрделі кезеңде біз жастар басылымында күні-түні еңбек етіп, өзімізше үн қоссақ, ал Мартбек Қарағанды облыстық телевидениесінде осы қозғалысқа арнап «Біз жанбасақ…», «Таңшолпан», «Сахна саңлағы», «Езутартар», т. б. бірнеше жаңа бағдарламалар шығарып жүрді. «Біз жанбасаққа» өзім де екі-үш рет барып, ой-пікірімді білдіргенім есімде.

1992 жылдардан бастап 2000 жылдардың басына дейінгі 10-15 жылдың аралығында Мартбектің елі үшін, туған жері үшін, келер ұрпақ үшін жасаған еңбектері ұшан-теңіз. Өзі қызмет істеген Қарағанды облыстық телерадиокорпорациясын айтпағанның өзінде, аудан мен қалалық, облыс пен аймақтық, республикалық газет-журналдарда қаншама танымдық мақалалары, сатиралық дүниелері шығып жатты. «Орталық Қазақстан» газетінде «Екі езу» дейтін сатиралық айдарды жүргізді. 1994-1997 жылдарда Қарағанды облыстық медициналық «Шипагер» газетінде істеп жүргенімізде бізде «Күшәлә» атты сатиралық айдар болды. 2006-2008 жылдары «Азия Транзит» журналында болғанымда «Сөз-қанжар» деген сатиралық айдарды шығардық. Мартбек осылардың барлығына атсалысты. Үнемі қолдап, әзіл-қалжыңды, юморлы дүниелерін беріп тұрды.

Кейінгі жылдары Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасында болашақ журналистерге дәріс берді. Мен филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болдым. Бұл жерде де жақсы араластық, шығармашылық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Факультеттің барлық студенттері оны жақсы көрді. Ол да студент-жастарды бірге туғандарындай өте жақын тартты.

Мартбектің ерен еңбектерінің ішінен екі нәрсені ерекшелеп айтар едім. Біріншісі – «1 сәуір – Күлкі күнін» Қарағандыға орнықтырды. Екіншісі – «Әулие Валентин күнін» құртып, оның орнына 15 сәуірді «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», яғни «Махаббат күні» қылуға көп еңбек сіңірді. Екеуі де елімізге, ұрпағымызға аса қажет ғибратты істер еді.

Бір байқағаным, қарағандылықтар үшін 1 сәуір – Күлкі күнін Мартбексіз елестету мүмкін емес. Өз басым сатираға сәл жақындығым болған соң ба, әйтеуір осы күнді асыға күтем. Осы күні бір жасап қалам. Бұл күні Мартбек досым да менің қасымнан табылады. Өзі қолтаңбасымен берген «Жымиясың сен неге?» кітабын қайталап тағы оқып шығам.

Бірде оған қалжыңдап: «Сенің туған күнің 8 наурыз емес, 1 сәуір ғой. Төлқұжатыңды өзгертсейші», — дегенім бар. Ол да: «Тауып айттың, мен өмірге сәл ертерек келіп қойыппын. Менің туған күнім, шынында да – бірінші сәуір ғой!», — деп риясыз күліп еді…

Иә, марқұм, өзі айтқандай, мынау мазасыз өмірге ерте келіп, ерте өтті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында жалындап жанды. Үнемі жастардың арасында жүрді. Оның ойында да, өне бойында да жастыққа тән жарқыл, романтика бар еді. Жан дүниесі, жүрегі жаздай жайнап, көзі мен көңілінен көктем көрініп тұратын.

Қайран дос, есіл әріптестің фәни-жалғаннан мәңгілік-бақиға озғанына да бірнеше жылдың жүзі болыпты. 1 сәуір – Күлкі күні Сен өмірге қайта келгендей күй кешемін. О дүниеде Оспанхан ағамызбен бірге «Күлкі базарын» ұйымдастырып жүрген шығарсың…

Бізден айтар лебіз: Пейіштегі нұрың шалқып, рухың шат болғай!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы