«Академиктің» алар асуы әлі алда

«Академиктің» алар асуы әлі алда

Күлкі күні қарсаңында «Академик» КТА командасының ойыншысы Шыңғыс Сағындықты сұқбат алаңына шақырдық.

— Ассалаумағалейкүм, Шыңғыс! Жақында Қызылорда қаласынан жүлдемен оралғандарыңды естідік. Жүлде құтты болсын!

— Рақмет! Сыр еліне барған сапарымыз сәтті болды. Халқы өте қонақжайлы екен. Қызылордалық көрерменнің көзайымына айналдық. Сөйтіп 4 ойыннан құралатын Қызылорда республикалық аймақтық лигадан 2 орынды жеңіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы маусымашар фестиваліне барып, асығымыз тағы да алшысынан түсіп, КТА-Фабрикасына жолдама алдық.

— Жарайсыңдар! Әзілсүйер көрермен алғашында өздеріңді «8-ден шыққан төртеу» деп таныды. Ал, қазір «Академик» атандыңдар. Көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ — неге команда атауы өзгерді?

— 2018 жылы әзілдің қазанында қайнаған жастардың басын қосқан ҚарМУ қабырғасында өткен факультетаралық сайыста филология факультетінің намысын қорғап «8-ден шыққан төртеу» деген атпен шықтық. Ол кезде 4 жігіт едік, № 8 оқу ғимаратындағы филологтардың намысын қорғап шыққанымыз тағы бар. Бүгінгі күнде республикалық сайыстарға университетіміздің атынан шығып жүргендіктен командамыздың атын «Академик» деп өзгерттік.

— Командада кім қандай рөл атқарады? Кім әзіл жазады?

— Командамыздың құрамындағы әр ойыншының орны ерекше. Жаңалық жинау, музыка іздеу, сөз жазу дегендей. Әзілге келгенде барлығымыз бірігіп, түрлі идеяларды ортаға тастап, ақылдасамыз. Көптің сүзгісінен өткен әзілдерді сахнаға алып шығамыз. Жақсы сценарий шығару үшін кейде таңғы бес-алтыға дейін көз ілмейміз. Сахнада көрсететін 5 минуттық қойылымға апталап дайындаламыз. Өмірден алған әзілдерімізбен көрерменді күлдірсек, еңбегіміздің ақталғаны.

— «Академиктің» алдыға қойған мақсаты қандай?

— Мақсатымыздың алғашқы сатысы — КТА-Фабрикасында жақсы нәтиже көрсетіп, жоғарғы лигаға өту. Оқу ордамыздың атағын асқақтату. Өміршең әзілдерді өмірге әкелу. «Академиктің» алар асуы әлі алда деп білемін.

— Әлбетте, әзіл әлемдерің әдемі әзілдерге толсын!

Жандос БАҚЫТҰЛЫ,
ҚарМУ студенті