Қазақтың Қанышы

Қазақтың Қанышы

Бүгін қазақ халқының мақтанышы Қаныш Имантайұлының дүниеге келген күні. Қаныш Сәтбаевтың кіндік қаны тамған жері Баянауыл ауданы, Мұса мырза ауылынан 10 шақырым жерде. Күн батысқа қарай Имантай қонысы, ал оңтүстік жағында Айрық қыстауы орналасқан. Айрық қыстауындағы зиратта әкесі Имантай мен анасы Әлиманың қабірі бар. Ана орнына ана болған Нұрым анасы да (Имантайдың бәйбішесі) осы зиратта.

Былтыр Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығы тұсында отбасымызбен бірге Қаныштың еліне бардық. Ұлы тұлғаның туған жерін балаларым көрсін дедім. Белгітасын бояп, жөнге келтірдік. Дәл осы үйдің орнының жоспарын 1974 жылы Ебіней Бөкетов сызып, қағазға түсірген екен. «Қаныш Имантайұлы 1959 жылдың шілде айында әке-шешесінің басына құлпытас орнатты. Бұл академиктің туған жеріне соңғы рет келуі болды» дейді көз көрген қариялар.

Жазғы демалыста балалар бүгінгі күннің қызылды-жасылды жылтырақ дүниесімен алданбай, табиғат аясындағы серуенмен шектелмей, мұражайларға, тарихи орындарға бас сұғып, ұлылардың жүріп өткен жерлеріне табанын тигізуі тиіс. Ұл-қыздарымыз жақсылар мен жайсаңдардың ізін басқан текті ұрпақ болып өсуі керек. Барған жерімде осыны айтып жүремін.

Ернар КЕЙКИН,
ботаника кафедрасының аға оқытушысы