Бүгін аралар күні

Бүгін аралар күні

20 мамыр – Біріккен Ұлттар Ұйымы аралар популяциясының қысқару мәселесін, зиянынан пайдасы ұшан-теңіз осы бір жәндік атаулыны қорғаудың маңыздылығын назарға ала отырып, халықаралық күндер жүйесіне аралар күнін енгізді. Ал, «неге 20 мамыр таңдалды?» деген сұраққа келер болсақ, бұл күні атақты ара өсіруші Антон Янша дүниеге келген.

Ғалымдар қарыштап дамыған технология, экожүйенің бұзылуы, жаһандық жылыну аралардың өмір сүруіне кері ықпал етіп жатыр деп дабыл қағуда. Әсіресе 5G технологияларын кеңінен қолдану аралардың өсіп-өнуін тежеумен қатар, жалпы адамзатқа, қоршаған ортаға қауіп туғызады дейді. Қоршаған ортаны қорғау ұйымдары ғалымдармен, дәрігерлермен бірлесе 5gspaceappeal. org сайтында петиция жариялаған. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына, Еуроодаққа жолданған петицияда тіршілік атаулының тамырына балта шабатын, халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келмейтін сымсыз байланыс құралын тоқтату аса қажет екендігі ашық айтылады. Бір ғана мысал, адамзаттың 4G-ді жаппай қолдануы құстардың, бал аралары мен көбелектердің популяциясының азаюына сеп болған.

Бал араларының жойылғанынан дүние төңкеріліп, тіршілік атаулы тоқтап қалмас дегендей тоқтамға келуге асықпаңыз. Ғалымдар мен экономистер атақты ғалым Альберт Эйнштейннің «жер бетінен аралар жойылған кезде адамзат та жойылады» деген тезисін негізге ала отырып, зерттеулер жүргізуде. Олардың пайымдауынша, егер бал аралары жойылатын болса, онда әлемде азық-түлік тапшылығы туындап, жер бетін ашаршылық жайлайды. Осы қанатты жәндіктер өсімдіктерді тозаңдандырып, адам баласы тұтынатын азық-түліктердің үштен бір бөлігінің жиналуына себепші болады екен. Ал мамықтай ақ мақтаның өсуіне осы еңбекқор жәндіктің бірден-бір ықпал ететінін ескерер болсақ, киім-кешек өндірісі де тұралап қалады деген сөз. Биоотын бөлетін түрлі құрамдағы элементтердің араның тозаңдануынан алынатынын сараласақ, биоотын өндірісіне де қауіп төніп тұр. Осылай жіпке тізе берсек, бал арасының тіл үйіретін балынан өзге де пайдасы көл-көсір екенін аңғарамыз.

Техника мен технология тоқтаусыз дамыған уақытта бір келі балға айналатын гүл шырынын жинау үшін шамамен 300 мың шақырым ұшып, кем дегенде 19 миллион гүлге қонып, тынымсыз тіршілік ететін бал арасына қамқорлық ауадай қажет. Адам баласына бал арасының тынымсыз тірлігін берсін! Ғалымдар ара мен адам баласының өмірі бір-бірімен тығыз байланысты екенін әлдеқашан дәлелдеді. Арнайы бір күнді де бекітті. Енді тек қарекет ету керек. Хәкім Абай «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген.

Таңсұлу ДУМАН