Қар

Аяз бетті қаритын болса, қар ызғары табаннан өтіп, бойды шымырлатады. Дегенмен, қысқы табиғи құбылыстардың ішінде қарға берілген бейнелі этипеттерді жинақтай келгенде, нәзіктік, мамық, сүйкімділік сияқты эстетикалық танымның жоғары болғанын байқадық. Расында да, қар — табиғаттың әсем жаратылысы. Халық түсінігінде де қар жауса ауа тазарып, ауру-сырқау жойылып, жердің құнарлануына ықпал болатынын дәйектейтін деректер көп-ақ. Сондықтан қар халық танымында тазалық, пәктік, нәзіктік нысаны ретінде бейнеленген.

  • Ақ қар — жаңа жауған тап-таза қар.
  • Ақша қар — жаңа жауған ұлпа қар.
  • Ала қанат қар — бір жерде бар, бір жерде жоқ, бір жерде жұқа, бір жерде қалың қар.
  • Жапалақ қар — түйіршіктері ірі-ірі қар.
  • Көбік қар — жаңа жауған құрғақ, үлпілдек жұмсақ қар.
  • Күпсек қар — қалың жауған ұлпа қар.
  • Үлпілдек қар — өте жұмсақ, үлбіреген жаңа жауған қар.
  • Күртік қар — нығыздалған, соқталанған қар; қар үйіндісі.
  • Омбы қар — белуарға дейін қалың түскен күртік қар.
  • Қасат қар — ұзақ жатқан, қатып қалған қалың қар.
  • Қиыршық қар — жентектелген түйіршік қар.
  • Қырбақ қар — жұқа жауған қар.
  • Қырбық қар — ұшқындап жауған, жұқа қар.
  • Сонар қар — алғаш жауған қар.
  • Ұлпа қар — жаңа жауған жұмсақ қар.
  • Үрме қар — жел үрлеп тығыздап тастаған қар.
  • Үлпек қар — жеңіл, ұлпа қар.
  • Кебіс басы қар — жұлықтан аса жауған, тобыққа таяу, кебіс батарлық қар қалыңдығын нақтылайтын халықтық өлшем.
  • Еспе қар — ақпа, сусымалы, бос, борпылдақ қар.
  • Сіреу қар — тізеден келер тұтас қар.
  • Мамық қар — жұмсақ, үлбіреген қар.
  • Мұздақ қар — үстін мұз торлаған, көкшіл түсті, беті жылтыр сырғанақ қар.
  • Сүрі қар — ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп беті күлгін тартқан нығыз қар.
  • Жылбысқа қар — ери жауған қар.

Қар неге сықырлайды?

Қар тек аязда ғана сықырлайды. Оның сықырының үндестілігі ауа температурасына байланысты. Аяз қатты болған сайын, сықырлаудың үні басым болады. Қар сықыры — бұл қардың сынған ұсақ кристалдарының дыбысы. Олардың жеке дыбыстары адам құлағына естілмейді, ал бәрінің жиынтығы бізге естіледі.

Қар неге тайғанақ?

Шанамен қарда сырғанау үшін дөңгелекпен қозғалғанға қарағанда 10 есе аз күш жұмсалады. Шана немесе шаңғы табанына қысым түскенде және үйкелгенде қардың үстіңгі қабатындағы бөлшектері еріп, одан пайда болатын су қабыршығы оларды майлайды. Сол себепті қардың тайғанақтығы қар температурасына және қозғалу жылдамдығына байланысты. Құрғақ қардың бетімен 0°C-қа жақын температурадағы сырғанауда үйкеліс өте аз болады.

Ақпарат көздерінен алынды