Болар елдің баласы…

Болар елдің баласы…

Жақында Қарағанды мемлекеттік университеті Студенттік Парламентінің ХІІ шақырылымының депутаттары бас қосты. Олар алдағы уақытта факультеттерінде орын алған мәселелерді шешуге, сонымен қатар университетіміздің гүлденуіне атсалыспақ. Халқымыз «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген. Біз депутаттық мандатты алған жастарымыз сенімге селкеу түсірмей, осы аталы сөзді бойтұмар етіп ұстанса дейміз. «Болам деген баланың бетін қақпай, белін буған» халықпыз, үлкен жауапкершілікті арқалаған ұл-қызға ақ жол тілеп, ақ тілек арнадық. Сенім артқан, дауыс беріп, сайлаған Студенттік Парламенттің жаңа құрамы жайлы білгіңіз келсе, әрі қарай оқыңыз.

Бектас Бақытұлы Жұман, философия-психология факультетінің 2 курс студенті. Студенттік Парламенттің депутаты.

Жас ақын. Шығармалары аймақтық, республикалық басылымдарда жарық көрген. Республикалық Абай оқуларының лауреаты. Қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер (КМС). Облыстық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі. «Good-Way» волонтерлық ұйымының мүшесі. Университет қабырғасында ғана емес, облысымыздың қоғамдық, мәдени іс-шараларында белсене көзге түсіп, Студенттік Парламенттің депутаттығына ұсынылды.

Студенттер арасында Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімін негізге ала отырып жұмыс жасаймыз: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Әр студенттің бойына осы үш қасиетті сіңіре алсақ, университетіміздің ғана емес, еліміздің қарқынды дамуына, гүлденуіне үлес қосар едік.

Жәнібек Сыздықов, заң факультетінің 2 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты:

— Студенттік өзін-өзі басқарудың негізгі міндеті қандай? Осы сұрақ төңірегінде бір сәт ойланып көрейікші. Менің ойымша, университетті күніге алты сағаттық уақытты өткізетін формалды мекеме деп білмеуіміз керек. Әр студент мәдениетке, спорт пен ғылымға қатысы болмаса да өз қызығушылықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік алуы қажет. Білім алушылардың қай-қайсысы болса да университет қабырғасында, сондай-ақ жатақханада өзін жайлы сезінуі тиіс. Олардың ешқайсысы өздерін қажетсіз сезінбеуі керек. Мен Студенттік Парламент студент пен бүкіл білім беру жүйесінің өзара әрекеттесуін қалыптастыруда түбегейлі маңызды рөл атқаруы керек деп санаймын.

  • Ең бірінші біз студенттердің университетке деген сенімін арттыруға күш салуға тиіспіз. Өкінішке орай, менің қатарластарым білім ордасының сенім қызметіне жүгінуге асықпайды. Сенім қызметінің белгілі бір мәселені толығымен шеше алмағанымен, тым құрығанда дұрыс бағыт-бағдар беретінін ескеруіміз керек. Орын алған мәселелерді анықтау үшін университет әкімшілігінің мүшелері, Жастар ісі жөніндегі комитет студенттермен кездесуді мақсатты түрде өткізіп отырса, жақсы болар еді.
  • Студенттердің клубтар құрып, үйірмелер ашу, бос уақытты ұйымдастыру сынды кез келген бастамалары қолдау табуы тиіс. Университетімізде айналасындағы әлемді жақсы жағынан өзгерткісі келетін белсенді адамдар өте көп, тек сол жандардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндіктер туғызылуы керек.
  • Студенттік Парламент өткізетін іс-шаралардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын жақсарту қажет, атап айтқанда, ресми топтың, қабырға газеттерінің жұмысын қолдау, әлеуметтік желілердегі байланыстарды дамыту аса қажет. Студенттік Парламенттің ребрендингін өткізу жоспарланған, оның ішінде жаңа эмблема, ақпараттық стенд, ресми символикасы бар баспа өнімдерін жасау.
  • «Университет Аруы», «Университет Сұлтаны», «Жас талап», «Студенттік тұсаукесер» сынды дәстүрлі байқаулардың өз деңгейінде өтуіне күш салу.
  • Студенттік Парламент барлық факультеттің жұмыс барысын назардан тыс қалдырмауы керек.
  • ҚарМУ студенттерін толғандырған мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын ұсынатын орталықтандырылған сауалнама жүргізілуі керек.
  • Білім алушылар арасында әртүрлі стипендиялық бағдарламалар, гранттар және олимпиадалар туралы ақпараттың тиімді таратылуын қамтамасыз ету.
  • Студенттер арасында әртүрлі стипендиялық бағдарламалар, гранттар және олимпиадалар туралы ақпараттың тиімді таратылуын қамтамасыз ету.
  • ҚарМУ жанындағы «Жас Отан» ЖҚ бөлімшесіне, дебат клубына қолдау таныту.
  • Оқу процесіне қатысты студенттердің шағымдарын ескеру (сабақ кестесі, сынақтар мен емтихандардың уақыты), студенттер мен оқытушылар арасындағы ықтимал қайшылықтарды анықтауға және шешуге ықпал ету. Студенттік Парламент пен профессорлық-оқытушылар құрамының қарым-қатынасын талқылау үшін факультет декандары мен декан орынбасарларымен үнемі кездесулер өткізіп тұру.
  • Тренингтер, семинарлар арқылы Студенттік Парламент мүшелерінің біліктілігін арттыру.
  • Студенттік Парламент мүшелері арасында міндеттерді нақты бөлу аса қажет. Мәселен, жатақханалармен, ақпараттық ресурстармен және т. б. жұмыс істеу әрқайсысына бөлініп беріліп, жауапкершілік жүктеледі.
  • Басқа университеттермен серіктестік орнатып, бірлескен іс-шаралар, жарыстар өткізіп отыруды қолға алу.

Біздің білім ордамызда корпоративті мәдениетті құруға бірегей мүмкіндік бар. Бүгінде біз толыққанды білім алуымызға, өнермен, спортпен айналысуымызға, қоғамдық іс-шараларға қатысуымызға кері ықпал ететін әрекеттерден бас тартып, келеңсіздіктерді болдырмау жолында бірлесе жұмыс жасауға тиіспіз. Жалындаған жастардың қолынан бәрі келеді.

Айсұлу Есенғалиқызы Тажикбаева, тарих факультеті халықаралық қатынастар мамандығының 2 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

«Жеңіс» жобасының белсенді мүшесі, волонтёр. «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубының мүшесі. Тарих факультетінің волейбол және жеңіл атлетика құрама командасының мүшесі. Оқу үлгерім өте жақсы. Өмірлік ұраны — «Бәріміз бір үйдің баласындай жұмыс жасауға күш салайық!» Жұмыла көтерген жүк жеңіл екендігін дәлелдеп жүрген батыл қыз.

Айбек Салдатбек, филология факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты:

— Әуелі, өзім журналист мамандығын таңдағандықтан, үнемі әділдіктің, шындықтың, ақиқаттың ақ жолында жүрген жөн деп санаймын. Екіншіден, әрбір студенттің талап пен сұранысын тыңдап, көптің қалауын қолжетімді етерліктей жұмыс жасауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Үшіншіден, отырыста, ортада, жиналыс және де өзге маңызды мәселелерді ақылдасарда тек қазақ тілінде сөйлеу. Қазақ тілінің үлесін арттыру, толтыратын құжаттан бастап беретін есепке дейін мемлекеттік тілде болуы керек. Төртіншіден, жұмыспен қатар салауатты өмір салтын белсенді ұстану. Спорттық секцияларға, жарыстар мен іс-шараларға студенттерді көптеп тарту. Спортқа қызығушылықты арттыру.

Аяужан Алтайқызы Түзелбек, физика-техникалық факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

2001 жылдың қараша айының 18 жұлдызында Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Сыпатаев ауылында дүниеге келген. Қарсыбай Сыпатаев атындағы жалпы орта мектебін «Алтын белгі-2019» иегері ретінде аяқтаған. Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Физика-6В05304 мамандығы бойынша «грант» иегері. Фек-102 п/я тобының топ жетекшісі. Волейболмен және іс-шараларды ұйымдастырумен әуестенеді. Сонымен қатар «Харекет» қайырымдылық қорының мүшесі. Студенттік Парламент депутаттығына кандидат ретінде өзін ұсына отырып, университетіміздің жастарына жаңа мүмкіндіктерге жол ашқысы келеді. Студенттік шағын қызықты өткізіп, университетінің атын асқақтату жолында аянбай еңбек етуде дайын. Студенттерге кез келген тұрғыдан көмек көрсете отырып, жастарды белсенді болуға шақырады.

Жанарыс Ержанұлы Мукумов, заң факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

Облыстық, қалалық «Жайдарман» ойындарының жеңімпазы (2014-2017 жж.), «Томпақтар» КВН командасының капитаны. Республикалық «Жайдарлы Жасұлан» мектепаралық ойындарының белсенді қатысушысы (2015 ж).

— Мектеп кезінен белсендімін, оған дәлел — екі рет мектеп Президенті болып тағайындалуым (2016 ж. — Қарағанды қ., 2017 ж. — Ақтау қ.) Факультетім маған сенім артты, енді қайтсем де сол сенімді ақтауға тиіспін. Өз студенттерімнің үнін жоғары басшылық жаққа жеткізіп, шешімін таппаған мәселелерді оңтайлы шешуге тиіспін. Бұл менің депутат ретіндегі басты міндетім деп санаймын. Екіншіден, жаңа заманауи новациялар енгізуді мықтап қолға аламын. Қайткен күнде де ҚарМУ-дың жан-жақты дамып, өркендеуіне өз үлесімді қосамын.

Тоғжан Хажиева, физика-техникалық факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты:

— Жетінші айдың 2 жұлдызында Теміртау қаласында дүние есігін аштым. Небәрі 16 жасымда депутат дәрежесіне жеттім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Шыны керек, ес білгелі депутат болуды мақсат еткенмін. Мектептегі іс-шараларға белсенді атсалысып, қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Оқуымды да «үздік аттестатпен» тәмәмдадым. Өнер, спорт саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздім. Теннистен 2 разрядты ойыншымын. Жастар білім алумен қатар спортқа да ерекше көңіл бөлсе екен. Салауатты өмір салтын сақтау олардың басты ұстанымдарының бірі болуға тиіс. Алдағы уақытта факультетімнің жағдайын ғана жақсартып қоймай, еліміздің көркеюіне де үлес қоссам деген мақсатым бар.

Қуандық Есенбекұлы Төлеубеков, дене мәдениеті мен спорт факультетінің 2 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

ҚарМУ Жастар ісі жөніндегі комитетінің, Мемлекеттік қызмет мектебінің мүшесі. NOMAD MMA спортынан Қазақстан жеңімпазы атанған.

— Мақсатым: салауатты өмір салтын насихаттау; әскери-патриоттық, спорттық тәрбиені нығайту; студент жастардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету; жастардың әлеуметтік маңызды бастамаларын қолдау. Бізге мемлекет не береді деп емес, біз мемлекетке не бере аламыз деген ой-сана қалыптасса, мемлекетіміз өркендеп, гүлденеді деген ойдамын.

Камила Ерланқызы Құсайынова, шет тілдер факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

«Волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының бренд-амбассадоры. Еріктілер өмірінің белсенді мүшесі, әлеуметтік көмек көрсетуден іс-шаралар мен идеялардың атқарушысы. Халықаралық және республикалық жоба сайыстарының 1 орын иегері, Мәскеу қаласындағы сайыстың қатысушысы, гран-при иегері. Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 2019 жылғы түлегі және жанашыры. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 131 балл жинап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың грант иегері атанған. Қазіргі таңда өзінің YouTube желісінде каналы бар. Болашақта шет тілдер факультеті мен университеттің дамуына барынша атсалысуды көздеп отыр.

Асылбек Маралұлы Сайляубек, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты:

— Қазіргі танда факультетімнің белсенді студентімін. Көптеген IT-форумдарға, конференцияларға, стартап, бизнес форумдарға, Astana Hub тренингтеріне қатыстым. Гитарамен ән салғанды жақсы көремін. Көңілді тапқырлар алаңы менің жиі бас сұғатын ортам. Әзіл айтқанды жақсы көремін. Бірақ, «әзіл айтсаң да әділ айт» деген қағиданы берік ұстанамын. «Ұлытау» құрама командасының ойыншысымын. Менің ойымша, депутат болу деген ол: университеттегі әрбір студенттің құқығын қорғап қана қоймай, оларға барлық жағынан қол ұшын созу, қолдау көрсету, көптеген қызықты да көңілді іс-шаралар өткізу, білім-ғылымға үндеу, спортқа баулу. Одан бөлек студенттік жатақханалардағы жастарға жақсылап жағдай жасау. Әр студенттің студенттік шағын қалай өткізетіні мына бізге байланысты болмақ.

Аяжан Ерғалиқызы Касимова, шет тілдер факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

Халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияның диплом иегері. Оқу процесінде ыждаһатты, сабаққа деген ынтасы жоғары.

— Университет қабырғасында 3 функцияда жұмыс жасайтын боламын: бағыттаушы; ұйымдастырушы; ынталандырушы. Бұл арқылы тек өз факультетіміздің ғана емес, университетіміздің де үздік болуына жол ашамыз.

Ермахан Ділдаханұлы Тәжіхан, экономика факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

2017 жылы Түркістан облысында бокстан өткен жастар арасындағы чемпионаттың жүлдегері. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер (КМС). Ермахан спортшы және спорт жанашыры ретінде университет қабырғасында «Тәні саудың — жаны сау» деген ұранда спорттық сайыстар ұйымдастыруды қалайды. Жалынды жастың негізгі идеясы: салауатты өмір салтын сақтайтын жастардың қатарын арттыру, олардың өмірлік ұстанымын үлгі-өнеге ету. Уақыттың қадіріне жеткен жан ғана табысқа жетеді деген ұстанымды ұстанады.

Дариға Мұратқызы Қожантай, химия факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

2002 жылдың қаңтар айының 4 жұлдызында Сыр елі, жыр елі атанған Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген.

— 2019 жылы № 158 орта мектепті «Үздік аттестатпен» тәмәмдап, еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсуді мақсат еттім. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде мектепішілік, аудандық олимпиадалардың жүлдегері атандым. Көптеген сайыстарға белсене қатыстым. Студенттік Парламентке депутат ретінде өзімді ұсына отырып, факультетіміздің одан әрі нығаюына, қарыштап қанат жаюына өз үлесімді қосқым келеді. Еткен еңбек пен төккен тердің арқасында ғана биік белестерді бағындыруға болады. Университетіміздің қабырғасындағы әр студент білім алумен қатар, ғылымға, өнер мен спортқа да ден қойса деймін. Еліміздің ертеңі біздің, жалындаған жастардың қолында. Келешекке нық қадам басайық!

Даниял Иркибаев, экономика факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты, ҚарМУ ғылыми кеңесінің мүшесі:

— Жастардың ұлт болашағын, мемлекетті қалыптастырудағы орны ерекше. Университетке білім алушылар өздерін жан-жақты дамыту үшін, жаңа дағдыларды игеріп, тәжірибе жинау мақсатында келуі керек. Студенттік Парламенттің бір мүшесі ретінде артылған сенімді ақтауға ұмтылып, факультетіміздегі өзекті мәселелерді күн тәртібіне көтеріп, студенттердің идеялары мен ұсыныстарын тыңдап, мүмкіндігінше оңтайлы шешімін табуға тырысамын. Әр студент жақсылық жасауға асығып тұруы керек. Өзіне де, университетіне де пайда әкелетін қызықты жобаларды ойлап табуы тиіс. Міне, мен осы бағытта жұмыс жасайтын боламын.

Қызғалдақ Думанқызы Асет, педагогика факультетінің студенті, Студенттік Парламенттің депутаты:

— Балқаш қаласының тумасымын. Бала кезден оқуға, айналадағыны танып-білуге және қатарымның алды болуға ынталы болдым. Содан да болар, мектепті үздік бітірдім, Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінде «Ағылшын және орыс тілдерінің мұғалімі» мамандығында оқып, қызыл диплом алдым. Қалалық, облыстық, халықаралық сайыстардың жеңімпазымын. Бимен кәсіби тұрғыда айналысамын. Көптеген ансамбльдердің мүшесі болдым, ал қазір эстрада биінің студиясындамын. Жалпы бұл ортаға кіруімнің себебі, депутат атануға деген талпынысымның басты мақсаты — болашақ педагогтардың жайын тыңдап, қолдан келген мүмкіндіктердің барлығын пайдаланып, қолдау таныту. Тұрмыстық жағдайларын, оқу үдерісіне қатысты мәселелерін оңтайлы шешу. Ұстаз деген ұлы мамандықтың беделін арттыру, факультет студенттеріне оның маңыздылығы мен қасиетін ұғындыру. Факультетімізді дамытуға барлығымыз бірге атсалысайық! Everything is possible with much desire!

Сағит Маратұлы Қуанышбай, химия факультетінің 1 курс студенті, Студенттік Парламенттің депутаты.

2002 жылы 29 шілдеде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2019 жылы І. Қабылов атындағы мектеп-лицейін үздік аттестатпен тәмамдаған. Қазір Қарағанды мемлекеттік университетінің «ТФП-122» тобының топ жетекшісі, № 5 жатақхана төрағасының орынбасары. Қазіргі уақытта университет қабырғасында өтіп жатқан іс-шараларға қатысып, өзінің белсенді екендігін дәлелдеген жас. Депутат болудағы мақсаты: талаптың тұлпарына мініп, тас қияға өрлейтін жастық шақтың мәнді де сәнді өтуіне өз тарапынан ықпал ету.

Гүлнәр МАХАН