«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

Сұқбат айдарының бүгінгі қонағы болашағынан зор үміт күттіретін студент, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт – Бектас Бақытұлы Жұман. Ол университетіміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген Студенттік Парламент депутаты. Әрдайым белсенділік пен тұлғалық дамуды бетке ұстаған дарынды жас көптеген байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, 2017 жылы «Абай оқулары» облыстық байқауында өз шығармашылығы бойынша 1 орын, облыстық проза байқауының 1 орын иегері, 2018 жылы «Абай оқулары» облыстық байқауында бас жүлде иегері, 2018 жылы республикалық Абай оқуларының лауреаты, 2019 жылы Нұркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановтың 100 жылдық мерейтойына арналған облыстық ақындар мүшәйрасының арнайы жүлде иегері, 2019 жылы Республикалық Қасым оқуларының Гоголь атындағы арнайы жүлде иегері, 2019 жылы «Бұқарекең жырлайды» облыстық жыр мүшәйрасының 2 орын иегері. Спорт саласында да бақ сынап, 2016 жылы қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер атанған.

— Сіз қазіргі таңда университетімізде қоғамдық шараларға белсенділік танытып жүрсіз. Студенттік Парламент депутаты қызметіндесіз. Сондай-ақ көптеген жыр байқауларының жеңімпазысыз. Ақындықпен қатар спортқа да жақын екенсіз. Халқымыз «жігітке жеті өнер де аз» дейді. Дегенмен бұның бәріне уақыт тауып, әрдайым белсенді болуға ерік-жігерді, былайша айтқанда, «мотивацияны» қайдан аласыз?

— Рақмет! Осы күнге дейін жан-жақты болып жүрміз ғой барынша. Аллаға шүкір деймін осы күнімізге. Меніңше, бойыңда қайрат барында, жастықтың жалыны тасып тұрған шағыңда тоқтамау керек. Демалып үлгереміз ғой әлі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың бір жақсы сөзі бар: «Мен тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», — деген. Мен ұлттың ұлы тұлғасының осы бір қанатты сөзін өмірлік ұстанымым ретінде қараймын. Бар мотивациям ата-анамның қуанышы, бұл біздің ұлымыз деп мақтанғаны. Мен жақындарымның қуанышын көріп қанаттанамын.

— Аталған жетістіктерден бөлек, ерікті ретінде де талай игі істердің көш басында жүр екенсіз. Еріктілер қатарына қалай қосылдыңыз?

— Иә, қолымыздан келгенше мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға етене араласуды жөн көремін. Мен «Tamshy kz» қорына дейін «Үмітпен Арманға қол создым…» еріктілер тобында болдым, әлі де сол топпен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Сол топтың мүшесі Ерғали дейтін сыйлы дос-ағамның статусынан «Tamshy kz» жайлы пост көрдім. Біраз ойланып, «неге Тамшыға кіріп, тамшыдай жақсылық жасап, теңіздей сауап алмасқа» деген ой келді. Сонымен үлкен қадам жасап, сол қорға мүше болдым. Алайда, уақыт тапшылығына байланысты ол қордан шығуға тура келді. Қазір университет жанынан құрылған «GOOD-Way» волонтерлық ұйымының мүшесімін. Ерікті болу тек жақсылық жасау мен көмектесумен ғана шектелмейді, сонымен қатар жаңа орта, жаңа дос табуға, ішкі жан-дүниенің ашылуына зор ықпал етеді.

— Ақындық жайлы бірер ауыз айта кетсеңіз. Неше жасыңыздан бастап өлең жазасыз? Жалпы, ақындық әлеміне қалай ендіңіз?

— Қазақтың кез келген баласында ақындық қасиет бар. Қанымызға сіңген. Мен Қасым туған қасиетті Қарқаралы топырағынан боламын. Жалпы тілге жақсы, поэзияға жақын болғандықтан Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай мектеп әкімшілігі арнау жазуымды өтінді. Сол үшін сабақтан да босатты. 2 сағатта жазып, шимайымды тапсырдым. Ұнады. Содан Махамбет, Абай оқуларына қатыстырды, топ жардым. Солай-солай жазуға бейімделіп алдым. Дегенмен, ақынмын дей алмаймын. Біздікі шимай. Әдеби ортамен араласамын, жақсы ақын достарым бар.

— Байқауымша, өлеңдеріңіздің басты тақырыбы патриоттық сезімді оятатын туған жер, тіл, халық туралы. «Абай оқуларынан» екі жыл қатарынан жеңімпаз атаныпсыз. Шығармашылығыңызға қаншалықты ұлы Абайдың әсері тиді?

— Абай текке «ұлы ақын» атанған жоқ қой. Абайдың өлеңдері өмірлік, рухани азық десем, артық болмас. Құран Кәрімнің қазақша баламасы деп те айтып жатады. Хәкім Абайдың шығармашылығыма еш әсері болмады деп айту надандық болар. Абайдың қара сөзін жаттадым. Өлеңдерін оқыдым. Әр өлеңнен, айтылған сөзден ой түйіп, мағынасына мән беру арқылы сөздік қорымызға жаңа бір сөз қосамыз. Өлең жазған уақытта сол сөзді орнымен қойылуын қадағалаймыз. Абайдың өмірі, өлеңі өмірлік үлгі, өнеге.

— Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ақын болу үшін ақында талант, ұят, қарапайымдылық, түйсік, еңбек пен жан байлығы секілді қасиеттер болуы керектігін айтыпты. Ал сіз ақынның бойында қандай қасиеттер болғаны дұрыс деп санайсыз?

— Жалпы айтады ғой, ақын болу үшін 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек, ізденіс керек деп. Осы сөзбен толықтай келісемін. Ақынға иман керек. Жүрегінде иманы бар ақында ұят та, түйсік те, барлығы да болады.

— Бүгінде дарынды жастардың басын біріктірген «Ұлағат» атты шығармашыл жастар клубының жетекшісісіз. Ұйымның қандай ерекшеліктері бар?

— «Ұлағат» шығармашыл жастар клубы 2017 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Негізін қалаушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Қайрат Асқар ағамыз. Бұл орта шығармашыл жастарды бір ортаға тоғыстыру, шығармашылыққа қадам басқан жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, шығармашылығын қолдау мақсатында ашылған болатын. Жастардың ой-өрісін кеңейту, өмірлік құштарлығын арттыру мақсатында әртүрлі кездесулер, концерттер ұйымдастырамыз. Ойындар мен әдеби кештер өткіземіз. Ерекшелік дейтіндей ерекшелігіміз жоқ. Сол жастарға пайдамызды тигізсек деген мақсат қой біздікі.

— Соңғы сұрағым, өзіңіздей жастарға, соңыңыздан ерген іні-қарындастарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Еңбектеніңіздер. Талаптаныңыздар. Ұмтылыңыздар. Ұйқы деген жақсы, бәріміз де жақсы көреміз. Дегенмен, ұйықтауға асықпаңыздар, үлгересіздер әлі ұйықтап. Жақсылық жасауға, бір жаманды өзгертуге, артыңыздан үлкенді-кішілі із қалдыруға тырысыңыздар жақсы жағынан. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді хәкім Абай Құнанбайұлы. Оқыңыздар, ізденіңіздер, құладым екен деп сағың сынбай, тұрып қайтадан ұмтылыңыз. Түбі жеңесіз.

— Сұқбат беруге уақыт бөлгеніңізге көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

Адель МАКЕШОВА,
ҚарМУ студенті