Тарих пен табиғат – туризмнің тамыры

Тарих пен табиғат – туризмнің тамыры

Туризм елімізде кенжелеп қалған сала дейміз. Дей тұрғанмен ата-бабаларымыз ерте заманнан бір жерден екінші жерге көшіп-қонып өмір сүрген. Ел көрген, жер таныған. Тұмса табиғатпен тілдесіп, тылсым құбылыстардың сырына үңілген. Сондықтан бізде ішкі туризм сонау замандарда-ақ дамып, қалыптасқан болар бәлкім…

Халықаралық туризм күні қарсаңында Қарағанды мемлекеттік университетін туризм мамандығы бойынша 2012 жылы тәмамдаған түлегіміз Манас Мәдиұлы Үсеновпен аз-кем сұқбаттасудың сәті түсті.

— Сізді ұстаздарыңыз алғыр студент болды, оқып жүріп жұмыс істеді дейді. Теория мен тәжірибені үйлестіру қаншалықты тиімді?

— Сабақты оқи жүріп, өз салаң бойынша жұмыс істеудің маңызы өте зор. Туризм мамандығында көптілді топта оқыдым. «Көп тіл білген — көпті ілер» деген. Ағылшын тілін білгеннің арқасында 2010 жылы Америка құрама штаттарында «Workand travel»бағдарламасымен жұмыс істедім. 2011 жылы Астанадағы Пекин Паллас қонақ үйінде рессепшн әкімшісі болып жұмысқа орналастым. Сол жылы тобымызбен төрт ай көлемінде Туризм және спорт министрлігінде іс-тәжірибеден өттік. Менің алған білімім, жинақтаған тәжірибем бас қалада жұмыс бастауыма ықпал етті. Университетті тәмамдаған соң сол кездегі «Рамада Плаза Астана» қонақ үйінде әкімші болдым, министрліктің Ұлттық құрама командаларының дирекциясына қысқы спорт түрлерінің биатлон ұлттық құрама командасының менеджері ретінде жұмысқа шақырту алдым. Осы жерде 2014 жылға дейін еңбек еттім. Білім жетілдіру мақсатымен Испания мемлекетіне аттанып, инновация және бәсекеге қабілеттілік мамандығы бойынша магистратураға түстім. 2015 жылы Испаниядан елге оралған соң Биатлон федерациясының бас хатшысы ретінде қызметке тағайындалдым. Ұлттық олимпиада комитетінде биатлон құрама командасының команда басшысы қызметін қоса атқардым.

— Алғашқы табысыңыз есіңізде ме?

— Әрине, есімде. 2011 жылы Пекин Паллас қонақүйінде рессепшннен 47 500 теңге алғанмын.

— Өмірлік ұстанымыңыз?

— Басты ұстанымым: тек қана алға, жаңашылдыққа, инновацияға бейім болу, өмірімнің соңына дейін өзіммен жұмыс істеу. Кәсіби жағынан, жеке тұлғалық жағынан да.

— Неге сіздің таңдауыңыз туризм мамандығына түсті? Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

— Туризм қызыққа толы жұмбақ әлем. Осындай тылсым сырға тұнған әлемге деңдеп енгім келді. Сол себептен де осы мамандықты таңдадым. Саяхаттау өзіме ұнайды, жаңа желілерді ашу, жаңа адамдармен танысу, араласу, табиғатпен тілдесіп, қоршаған жаратылыстың әсемдігіне сүйсініп, тылсым сырларына үңілудің өзі бір ғажап ғой.

Қарағанды мемлекеттік университеті кезінде бізге жақсы практикалық тәжірибелер ұсынды. Кафедра оқытушыларының кәсіби біліктілігі жоғары. Қазір биатлон федерациясының ұлттық олимпиада комитетінде биатлон федерациясының бас хатшысы болып жұмыс жасаймын. Жұмысым көңілімнен шығады.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

— Дәл қазір спорт саласында жұмыс істеп жүргендіктен, менің бұл турасында ақпаратым аздау. Дегенмен Президентіміздің эко және этнотуризмнің дамуын экономиканың маңызды саласы ретінде қарастыруы өте орынды деп білемін. Табиғатымыз әсем, Қазақстан эко, этнотуризмді, жалпы ұлттық туризмді дамытуда үлкен потенциалы бар мемлекеттердің қатарында. Туризмнің осы түрін дамыту арқылы экономикамызға оң ықпал ете аламыз.

— Қазақстанда туристік кластер мен инфрақұрылымды дамыту, туристік кадрларды дайындау, еліміздің туристік имиджін қалыптастыру болашағынан зор үміт күттіретін мақсаттар. Осы орайда ой бөлісе отырсаңыз?

— Өте қызық сұрақ. Әлбетте, мықты кадрларды дайындау еліміздегі ішкі туризмді дамытатын бірден-бір негізгі фактор. Туристік кластер ұғымына келетін болсақ, Қазақстан жалпы жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде 9 орында тұрғанын білеміз. Бұл біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады. Еліміздің түкпір-түкпірінде керемет туристік орындар бар. Мәселен, Шығыс Қазақстанды жеке бір кластер ретінде алсақ болады. Одан кейін Маңғыстау, Үстірт — бір жеке кластер. Оңтүстік Қазақстан – Шымкент, Таразды бір кластер ретінде, Алматыны бір кластер ретінде, Орталық Қазақстанды, Бурабай аймағын бір кластер ретінде жеке кластер ретінде бұларды дамытып, дайын туристік өнім ретінде шетелдік туристерге ұсынсақ, ол кезде жүйелі бір жүйе орнығады деп ойлаймын. Елімізге туристер келуін келеді, оларға баратын да, көретін де жер көп, бірақ, өкінішке орай, жүйелілік жоқ. Осы жүйеліліктің бірден-бір шешімі – негізгі туристік кластерді құру деп ойлаймын. Ал мамандыққа келетін болсам, жалпы туризм саласында мамандарды дайындау бойынша Қарағанды университетінің жасап жатқан іс-шараларын толықтай қолдаймын. Көптілді топта оқуым менің бүгінгі жетістіктеріме жетуіме бірден-бір себепші болғанын тағы да айтып өткім келеді. Университетіміздің осы бастамасын басқа да жоғары оқу орындары үлгі етсе, туризм бойынша мықты мамандар даярлауға жол ашар еді. Оған қоса жалпы біздің туризм саласында оқитын мамандарға шетелдік тәжірибе көптен-көп қажет. Бірінші курстан бастап осы жағын мықтап қолға алу керек. Алысқа барып керегі жоқ, көрші Өзбекстан мемлекеті туризмді дамытуда керемет бір үлгі жасап жатыр. Ішкі туризмін дамытты, дамудың шыңына жетті. Олардан үйренетініміз өте көп. Біздің мамандар көрші елмен іс-тәжірибе алмасуы керек деп ойлаймын. Университет қабырғасында жүріп сапалы білім алып, спортпен айналыстық, креативті болуға ұмтылдық.

— Дүниежүзі бойынша жалпы туризмнің 60 пайызын іскерлік туризм құрайды деген мамандардың пікіріне алып-қосарыңыз бар ма?

Келісемін деп айта алмаймын. Толық статистика қолымда жоқ. Бірақ, елімізге келетін болсақ, шынымен бізде негізінен іскерлік туризм дамуда. Мегаполис қалаларымыз Нұр-Сұлтан және Алматы шаһарларында іскерлік мәселелер көп өтеді. Оған қоса көптеген халықаралық мерейтойлар, іс-шаралар, саммиттер ұйымдастырылады. Қазақстанда бизнесі бар іскерлік қарым-қатынаспен адамдар көп келеді. Бірақ негізі іскерлік туризмге диверсификация жасалуы керек сияқты. Тек іскерлік туризмге ғана көңіл бөлмей, одан да басқа, жоғарыда айтып өткен экотуризм, этнологиялық туризм, табиғи туризмге де кішкене көңіл бөлсек, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

— Туризм түсінігін қаншалықты түсініп жүрміз?

— Шынында туризм түсінігін қаншалықты түсініп жүрміз? Қоғамда туризм түсінігі енді-енді қалыптасып келе жатыр.

— Сіз қандай студент болдыңыз?

— Студент кезімде жаңашылдыққа, креативке жақын студент болдым деп айта аламын. Маған теориялық сабақ, шынымды айтайын, аса қызық емес. Дәріс берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Думан Талғатбекұлы, Дана Мәдиқызы, Асқар Серікболұлы, міне, осы кісілер дәрістерін қызықты қылып өткізетін. Кафедрамыз олимпиадаларды, конференцияларды жоғары деңгейде ұйымдастыратын. Мен осы іс-шаралардың барлығына қатысуға ұмтылатынмын. Белсенді студент болдым. Мықты маман болып қалыптасуымызға бар білім-білігін арнаған кафедрамыздың профессорлық-оқытушылар құрамының еңбегі ерен.

— Әлемді жайлаған пандемия онсыз да дамуы кенжелеп қалған туризм саласын одан әрі тұралатып тастайды деген қауіп қаншалықты шындыққа жанасады?

— Туризмнің басқаша тыныстауына пандемияның себепші болғанын жоққа шығармау керек. Әсіресе, біздің шетелдік әріптестеріміз тығырыққа тірелді. Туризмі дамыған, туристері миллиондап келетін Еуропа мемлекеттері көп шығынға ұшырады. Алайда Қазақстанның ішкі туризмінің дамуына негізі карантиндік шектеулер бір жақсы әсер беріп жатқан секілді. Қазір пандемияның арқасында отандастарымыз шетел аспай, еліміздің ішінде демалуда. Алакөл, Шығыс Қазақстан, Бурабай, Көбейтұз, Алматы, Ақтау жерлеріне көптеп демалуға барып жатыр. Бұл — біздегі ішкі туризмнің тамырына қан жүгіріп, дамып жатқанының бір көрінісі.

— Қарағанды өңірінде туризмнің қай түрін дамытқан тиімді?

— Тарих пен табиғат – туризмнің тамыры. Өткен ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұтқындардың тағдырын трагедияға айналдырған Қарлаг лагерін туристік нысан ретінде алу керек. Сонымен қатар Қарағанды облысында Қарқаралы деген әсем жер бар. Өзім Қарқаралының тумасымын. Осы өлкені туристік нысан ретінде қарастырып, жеке кластер ретінде инфрақұрылымын түзеп, туристік бағыт ретінде дамытуға болады.

— Туризм саласы бойынша даярланатын кадрлар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті ме?

— Негізінен еңбек нарығында шығып жатқан туризм саласындағы мамандардың бәсекеге қабілеттілігі аздау. Бір ғана мысал, біз бір топта 25 студент оқыдық. Қазір сол 25-тің 20 пайызы ғана туризм саласында жұмыс істеп жүр. Бұл көңіл қуантпайтын төмен көрсеткіш. Қалғаны бұл салада өзін таппағандықтан басқа салаға ауысып кетті. Туризм мамандығын меңгеріп, мықты маман атануды көздегендер кем дегенде екі немесе үш тілді білуі керек. Туризмі дамыған елдермен тәжірибе алмасып, көргенін көңілге түю үшін көп тіл білу аса қажет. Осы факторлар болашақта туризм мамандарын бәсекеге қабілетті қылар еді. Туризм мамандығында оқитындар теориямен емес, тәжірибемен шыңдалады. Бірінші курстан бастап студенттеріміз қонаүйлерде, туристік компанияларда, әртүрлі жобаларда тәжірибеден көбірек өтуі керек. Екінші, үшінші курстан бастап жұмыс істесе, тіптен жақсы болар еді. Төрт жыл оқып, алайда ешқандай тәжірибең болмаса, қазіргі нарық заманында жұмыс табу өте қиын. Бәсекеге қабілетті маман даярлауды мықтап қолға алсақ, еліміздің туризмі дамиды.

— Сұқбатыңызға көп рақмет!

Таңсұлу ДУМАН