«Шенеуніктер мен БАҚ манипуляциясы»

«Шенеуніктер мен БАҚ манипуляциясы»

Қарағанды университетінің журналистика кафедрасында «Қоғаммен байланыс» мамандығының ашылғанына биыл он жыл толады. Осы уақыт ішінде мамандықты игерген түлектер елдің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шет елде қызмет етіп жатыр.

Университеттің 2004 жылғы түлегі, тәжірибелі пиаршы маман, қазақ тіліндегі «PR туралы» (@prkazakh) және «PR кітаптар»(@prkitap) телеграм арналарының жүргізушісі Гүлім Оразбаева «Қоғаммен байланыс» мамандығын игеріп жатқан үшінші курс студенттерімен кездесіп, қонақ спикер ретінде «Шенеуніктер мен БАҚ манипуляциясы» тақырыбында дәріс оқып берді.

«Саяси PR» сабағына қонаққа келген маманның айтуы бойынша, ол оқыған кезде университетте «Қоғаммен байланыс» мамандығы әлі ашылмағанымен, ол о бастан-ақ журналист емес, пиаршы болғысы келгенін білген. Журналист, ф.ғ.к. Қуандық Шамахайдың жетекшілігімен «Интернет журналистика» тақырыбында диплом қорғаған алғашқы студенттердің бірі болған.

Осы уақытқа дейін түрлі ұлттық компанияларда, мемлекеттік органдарда, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеген, қазір Алматыда тұрады.

Саясаткерлердің ақпарат алмасу арқылы манипуляция жасап, көпшіліктің пікіріне қалай ықпал ететінін детальді түрде түсіндірген бір сағаттық дәрісінен кейін ол студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Осы әңгімені қысқаша сұхбат ретінде оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

— Сіз көпшіліктің пікіріне манипуляция жасаудың түрлі мысалдарына Қазақстанда болған жағдайлармен, кейстермен иллюстрация жасадыңыз. Ол мысалдардың көбі осыдан 5—6 жыл бұрынғы кейстерден құралған. Ал дәл қазір биліктің халықпен коммуникациясында ақсап жатқан тұстар бар ма?

— Мен жақында біздің PRdrive.kz деп аталатын салалық уеб сайтқа материал дайындадым, оным әлі жариялана қойған жоқ бірақ. 2020 жылдың коммуникациялық фейлдары (сәтсіз кейстері туралы — редакция) туралы.

2020 жыл десек, оның көбі пандемия мен коронавирусқа қатысты болған шығар?

— Сол коронавирус туралы ақпарат жеткізуде біздің билік өкілдері көп қателесті. Бұрыннан бар, бірнеше мәрте «обкаткадан өткен» кейстер бар ғой. Басты проблема неде? Коммуникация жетпейді. Министрліктер түсіндіру жұмыстарына мүлдем күш салмайды. Жаңағы зейнетақы реформасы болсын, көп балалы аналар мәселесі болсын, бүкіл проблемалар тек қана шынымен маман ретінде түсіндіріп беретін спикерлердің жоқтығынан, өз істегені үшін жауап беретін адамдардың жоқтығынан болып жатыр. Тек қана соның мәселесі. Коронавирустан басқа, 31 миллионның портреті туралы жағдай есіме түсіп отыр. Павлодар облысының әкімі бір қайырымдылық шарасына келеді де, бір жергілікті кәсіпкер 31 миллионға оның бір портретін сатып алады. Өте күманды факт. Журналистер шулағаннан кейін облыс әкімшілігі ақталуға мәжбүр болды.

— Біздің сабақтың аты «Саяси PR». Оның жалпы PR-дан қандай айырмашылықтары бар? Кәдімгі PR-да бір тауар, не қызметті жарнамаласақ, саяси пиарда нені жарнамалау керек?

PR-дың басты міндеті коммуникация. Сондықтан, саяси PR бола ма, печенье сата ма, тәпішке сата ма, оның маңызы жоқ. PR-дың басты мақсаты — министр ме, министрлік пе, тәпішке бренді ме, бәрібір, оның имиджі, репутациясы үшін жауап бересіз. Бірақ мен тәпішке сатып жүріп, бір министрдің PR маманы болып кете алам ба? Бұл басқа сұрақ. Саясаткердің пиаршысы болу үшін басқаша бағытта даму керек.

Қазақстанда мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қандай да бір жақсы кәсіби мамандарды білесіз бе? Саяси PR-ды өте жоғары деңгейде атқарып жүрген?

— Төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істеген баспасөз хатшысы Руслан Иманкуловты көп журналистер мақтайтын өте кәсіби маман деп. Кейін Қазақстан Темір жолына кетті. Соңғы кезде естілмей кетті, оның бір себебі ҚТЖ компаниясының өзінде де болуы мүмкін. Қозғалмайтын, қатып қалған жартас секілді жүйелер болады, онда бір пиаршы емес, бес пиаршы ештеңе істей алмайды.

Былтыр Түркістанда коронавируспен күреске қатысты оқу жаттықтыру шаралары жүргізілді. Вокзал мен автостансада «учения» дейміз ғой, сондай оқу-жаттықтыру шаралары жүргізілген. Сонда бір қызды каталкаға салып, госпитализацияға алып кетеді. Бірақ бұл шара туралы алдын ала анонс болмаған. Бұл шара кезінде де ешқандай ақпарат болмаған. Кейін де ақпарат болмаған. Нәтижесінде, Шымкенттің бүкіл пабликтері «жарылды». Коронавирус ол кезде өңірге әлі таралған жоқ, алдын алу шаралары ғой олардың оқу-жаттықтыру жасап жүргені. Бірақ бір апта бойы Шымкенттегі чаттар шулады, эпидемия келген екен, бір адамды ауруханаға жатқызды деп. Төтенше жағдай органдарының уеб сайттарында бір де бір сөз жазылмаған. Шара өткізілерден бір күн бұрын анонс жасауға болады ғой. «Ертең осындай жерде осындай шаралар болады» деп. Я болмаса шара болып жатқан кезде дереу релиз жіберсе. Ол көп уақытты алмайды. Бес минутта инстаграмға жариялап жіберсе жетеді. Халыққа көрсетсе болды. Бұл кейс жергілікті баспасөз хатшыларының жұмысын көрсетіп тұр.

Немесе астананың әкімі Алтай Күлгіновтың қатысуымен болған бір жағдайды алайық. Бірде ол «Хабар» арнасының журналисіне ертең бағдарламаға қатысамын, халықтың сұрағына жауап берем деп уәде береді. Белгіленген күні келмей қалады, өйткені, қар қалың түсті, соны жинауды ұйымдастыру үшін қол тимей қалды деп түсіндіреді. Екі күннен кейін анықталғаны, Күлгінов Абу Дабиде жүр екен. Шу шыққаннан кейін олар әкім инвестиция тартып жүр деп ақталған болды, бірақ коммуникация ақсағаны жария болды.

— Ал осы сұрақтың екінші жағын қойсақ. Жұмысты жасауын жасап жатқан, бірақ пиары ақсап тұрған, халық дұрыс бағалай алмай жүрген мемлекеттік органды атай аласыз ба?

— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін атар едім. Бізде әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға арналған түрлі көмек бар. Жеңілдіктеріміз бар. Жұмыссыз қалған кезде жәрдемақы да ала аламыз. Кей әлеуметтік топтарға тегін курорт, балаларға тегін үйірмелер бар, тек біз біле бермейміз. Осының бәрі министрліктің коммуникация құралдары арқылы толықтай халыққа анық жеткізіліп жатқан жоқ. Кешегі 42 500-дің мәселесін айтыңыз. Оларда, білуімше, тұтас департамент бар, қателеспесем, осымен айналысатын, білмедім неге ақсап жатқанын. Мүмкін, маман аз болып, шамалары жетпей жатқан шығар. Мүмкін әлеуметтік бағыттар көп шығар. Бірақ ауыз толтырып айтатын жақсы нәрселер бар екені — факт.

Әңгімелескен ҚБ-31 тобы