Қыран қыз

Қыран қыз

Қыран құсты қолына қондырған қаршадай қыз, өжеттігімен қазақ елін әлемге танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызы бүгінгі сұхбат алаңының қонағы.

– Айшолпан, бүркітшілікке қалай келдіңіз? Қазіргі уақытта құсбегілікпен айналысасыз ба?

Бүркітшілік ата-бабамнан келе жатқан мұра. Атам, әкем, ағаларым бүркіт ұстайды. Мен кішкентайымнан бүркітпен бірге өстім. Сондықтан бүркітті баулыдым, қызығушылығым кішкентай кезімнен оянды. Ал қазіргі таңда Қазақстанда жоғары білім алып жатқандықтан бар уақытымды оқуға арнаудамын.

– Осыдан алты жылдай бұрын Израиль фотографы келіп, сіздің суретіңізді интернетке салып танытпағанда дәл қазір осындай атаққа, яғни бүркітші қыз деген атпен танылар ма едіңіз?

Иә, алғаш он үш жасымда Израиль фотографының арқасында әлемге бүркітші қыз деген атпен танылдым. Содан бері көптеген фильмдерге түстім. Бірақ мен әлемге таныламын деп еш ойламадым.

– Сізді алғаш әлемге танытқан суретіңізді көріп таза қазақилықты байқадым, қазақы болмыс көзіңізде ұрып тұр. Ал қазіргі қалалық өмір дала қызын табиғилығынан алыстатқан жоқ па?

Қалалық өмір мен үшін біраз қиын болды. Себебі ауылда төрт түліктің ортасында бүркіт ұстап өскендіктен. Бірақ бар қиындыққа төзіп, үйреністім. Қазір бәрі қалпында, ақырындап ортаға, қоғамға бейімделдім. Қандай ортада өмір сүрсем де өз болмысымнан, табиғилығымнан еш айнымаймын.

– Қазақстанға қашан келдіңіз? Қазір қайда, қандай мамандық бойынша білім алып жатырсыз?

Алғаш 2019 жылы келдім. Мен әлемнің 30 елінде болсам да атамекенімнің орны бөлек. Ғабит Бөкенбай деген ағама айттым: Қазақстанға бару, ондағы елді көру менің бала кезден бергі арманым деп. Сол кісінің қолдауымен келдім. Мұнда келген соң менде көптеген күтпеген тосын жағдайлар орын алды. «Spectrum» халықаралық мектебі маған оқуға грант берді. Ал қазіргі таңда Алматыда СДУ-да екі шет тіл мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Болашақ мықты педагог атанып, жауапкершілігі мол осы салада еңбек етіп, балалардың үлкен өмірге дұрыс қадам басуына үлес қосқым келеді.

– Сізді әлемнің мен деген оқу орындары шақырды. Бірақ сіз Қазақстанды таңдапсыз. Неге?

Иә, мені көптеген университеттер шақырды. СДУ-ды таңдаған себебім, білім сапасы өте жоғары. Әрі студентті жан-жақты дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.

– Карантинде студенттік өміріңіз қалай өтті?

Шынымды айтсам, басында студенттік өмірді сезінбедім. Өйткені мен қазір 1 курста оқимын. Бірақ сабақ онлайн жүйеде өтсе де өте сапалы, жүйелі, қызықты.

– Атамекенге әлі де біржола көшіп келмеген екенсіз. Алдағы уақытта көшіп келу ойыңызда бар ма? Әлде туған жерді қимайсыз ба?

Бұл жағы әлі белгісіз. Негізгі шешімді ата-анам шығарады. Алда қалай болары болашақтың еншісінде. Бірақ туған жерге деген сағыныш, қимастық басым.

– «Көшпенділер» деректі фильмінің бірінші бөлімі «Моңғолия қазақтары — бүркітшілер» деп аталыпты. Ондағы басты рөлді өзіңіз сомдадыңыз. Сізді бұндай деректі фильмнен көру біз үшін мақтаныш. Өйткені еш жасандылығы жоқ образ. Яғни өз образыңызды қалай бар болса, солай сомдап шықтыңыз. Дәл осындай образда сізді қазақ елі тағы да көргісі келетіні хақ. Шығармашылық тұрғыдан өзіңізді шыңдап, киноға тағы да түсу ойыңызда бар ма?

Әрине, Алла қаласа, болады. Қазіргі таңда көптеген ұсыныстар келіп жатыр, тек пандемияға байланысты кейінге шегеріліп отыр. Мен туралы көптеген фильмдер түсірілді. Кітаптар жазылды. Қазір Америкада мен туралы кітап жарық көрді. Бұйырса алда кітаптың ашылу салтанатын жасаймын деген жоспар бар. Айта кетейін, алдағы уақытта мен туралы мультфильмдер де жарық көреді.

«The Eagle Huntress» фильмінде де өз образыңызды сомдап шықтыңыз. Алда шетелдіктермен бірлесе отырып тағы да рөл сомдау ойыңызда жоқ па? Өйткені бұл да қазақ елін әлемге танытудың бір құралы болар еді.

Иә, бұл фильмде менің күнделікті тіршілігім түсірілді. Әке мен баланың байланысын, баланың тәрбиесін, қазақтың салт-дәстүрін қамтыды Ұлан-байтақ еліміздің көркем табиғаты көрсетілді. Келешекте де бірлесіп жұмыс жасауымыз мүмкін. Маған да ұсыныс тастап жатыр.

– Өзіңізді көргенде кешегі Әлия, Мәншүктер еске түседі. Өзіңіздей қайтпас қайсар өжет қыздың ойынша, қазақ қызы қандай болуы керек?

Бастысы, қазақ қызы ар-намысын қорғауы керек. Иман мен инабаттылықтан айырылмауы керек. Кішіпейілділік пен сыпайылықты бойына сіңіргені жөн.

– Бір сұқбатыңызда әкеңіз және әкеңіздің жолдастарымен бірге аңшылыққа шыққандығыңызды және сол жолғы аңшылықтың қиын болғандығын айтасыз. Алла бұйыртса, сіз де болашақ анасыз. Айтыңызшы, болашақта ұрпағыңызға, әсіресе қыздарыңызға осы дәстүрді мұра етер ме едіңіз?

лғаш бүркіт ұстап шыққанымда көбісі қарсы болды. Себебі бүркітті тек ер адамдар баулиды, бұл әйел затына жараспайды деді. Мен неге ер адам жасағанды талпынып қыз бала жасауға болмайды деп ойладым. Ата-анам мені үнемі қолдады. Соның арқасында көп қиындыққа төзе білдім. Мен нағыз бүркітші қыз екендігімді дәлелдегім келді. 2014 жылы алғаш рет бүркітшілер сайысына қатыстым. 5 секундта бүркітімді қолыма қондырып, рекорд жаңарттым. Ең қиыны – қыста аңшылыққа шығу. Моңғолияда қыста 50 градусқа дейін суық болады. Иә, Алла бұйыртса, қыздарым құсбегілікке қызықса, қолдаймын. Бірақ ұрпағымыздың дәуірі қалай боларын білмеймін. Дегенмен бұл атадан балаға мұра болған дәстүр, әрине, мұра еткім келеді.

– Біз сізді тек қыран құсты қолына қондырған өжет қыз ретінде көреміз. Ал біз білмейтін тағы да қандай қырларыңыз бар?

Қол өнермен айналысамын, кесте тігемін. Волейбол, баскетбол, дойбы сынды спорт түрлеріне жақынмын. «Әу демейтін қазақ жоқ» дейді, ән айтамын, би билеймін.

– Кішкентайыңыздан шыдамдылықты, төзімділікті бойға сіңіріп өскендіктен мақсатыңызға жетпей тынбайтын боларсыз? Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?

Басты мақсатым — сапалы білім алу, кейін өз атыммен «Айшолпан» деген мектеп ашқым келеді. Негізі арман, мақсат, жоспарларымды көп адамға айта бермеймін.

– Өзгеден гөрі өзіңізді өзіңіз жақсы білесіз ғой. Айтыңызшы, сіздің өзіңізге ұнайтын қандай 3 қасиетіңіз бар?

Адалмын, имандымын, сабырлымын.

– Отбасыңыздағы аға-бауырларыңыз жайлы айта отырсаңыз?

– Үлкен ағамның есімі Самарқан, қазір отбасылы. Дінислам деген бауырым бар. Сіңілімнің есімі Сәйгүлік. Ата-анам, бауырларым – байлығым.

– Есімдеріңіз ерекше екен. Бұндай қазақы есімдерді ата-анаңыз таңдап қойған ба?

Ағамның есімін әкем қойған. Менікін нағашы ағам ай туғанда туылды деп Айшолпан атаған. Бауырымның есімін имам ағамыз қойды. Сіңілім дүниеге келерде әкем анамның толғатып жатқанына қарамай бәйгеге атын қосуға кеткен екен. Сол жолы жарыста аты бәйге алады. Сондықтан Сәйгүлік деп қойған екен.

– Бұл сұхбат өзім білім алатын академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Жастар әлемі» журналында жарық көретіндіктен, Қарағанды жайлы сұрай кетейін. Жалпы Қарағандыға келіп көрдіңіз бе?

Жоқ, Қарағандыда болып көрмедім. Бірақ алда барамын деген жоспарым бар, сіз білім оқитын оқу ордасына барып, жастармен жүздескім келеді. Шымкент, Бурабай, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында болдым. Қайда барсам да қазақтың даласы болғандықтан маған ерекше ыстық.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Алар асуларыңыз әлі де алда деп білеміз. Арқа елі, әсіресе, Қарағанды университеті сіздің келуіңізді асыға күтеді.

Сара СОЛТАНҒАЛИ,
Қарағанды университетінің студенті