«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап»

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап»

Бүгінгі кейіпкерім Анар Бабағұлованың инстаграм парақшасын оқып отырып, таң қалдым. Өзіне сенген, талап қойып, өзін-өзі дамытуға күш салып жүрген жан екен. Жеті тілді меңгерген. «Бірнеше тілді үйреніп, сол тілдерде сөйлей алу көп адамның арманы. Хәкім Абай «Өзіңе сен, өзіңдіалып шығар,Еңбегіңмен ақылың екі жақтап» деген. Өзіңізге сенсеңіз, еңбек пен ақылды серік етсеңіз, тіл үйрену сіздің де қолдан келеді», — дейді алғыр қыз. Ол болашақ тіл маманы емес, математик.

— Қазақ және орыс тілін өз ортамызда жүріп үйреніп аламыз. Ағылшын тілін заман талабы деп мектеп пен жоғары оқу орнында үйретеді. Ал сіз өз күшіңізбен француз, түрік, поляк, итальян тілдерін меңгеріпсіз. Осы турасында айтып өтсеңіз?

— Жалпы, тіл үйренуге әр адам ұмтылуы керек. Тіл үйрену мидың нейрондық қызметтерін күшейтеді, ойлау қабілетін жақсартады, сонымен қатар көп тіл білу арқылы адамның рухани жан дүниесі байып, толысады.

Түрік, француз, поляк, итальян тілдері — бұл төрт тілге таңдауым неге түсті айтайын: 3 курста Польша Республикасына барып, бір семестр оқып қайттым. Оқу барысында поляк, француз тілдерін үйренуіме тура келді. Бір күні көшеде кетіп бара жатып бейтаныс адамдардың түрікше сөйлегенін көріп қызықтым. Түрік тіліне деген қызығушылық оянды. Мен де үйрене аламын деп өзімді жігерлендіріп, мақсат қойдым. Аз уақыттың ішінде мақсатым орындалды. Ал итальян тілі менің келешегім үшін, яғни, Алла қаласа, алдағы уақытта магистратураны Италиядан оқуға жоспарлап отырмын. Сол себепті қазір итальянша үйрене бастадым. Алдағы уақытта қытай, араб тілдерін үйренуге ниеттімін.

Болашақ тіл маманы емес, математиктің бірнеше тілді қалай өз күшімен меңгергеніне таң қалып отырмын. Қалай үйрендіңіз?

— Тіл үйренудің көптеген әдістемесі бар. Адам өзінің қай қабілеті жақсы дамыған болса, сол бойынша үйренгені дұрыс. Мысалы, біреу көргенін есте жақсы сақтайды, біреу тыңдағанын тез ұғып алады дегендей. Сондықтан әр күніміздің 20—30 минутын тіл үйренуге арнасақ, жақсы нәтиже шығады.

— Жан-жақты болуға ұмтылып жүрген жалынды жастың бірісіз. Күй тартасыз, шахмат пен дойбыны да жақсы ойнайды екенсіз. Бірнеше республикалық жарыстардың жүлдегерісіз. Өз-өзіңізді дамытуға күш-жігерді, уақытты қайдан табасыз?

Ойланып, алдыңызға айқын мақсат қойсаңыз, еңбектенуден қашпасаңыз, үйренесіз, уақыт та табасыз. Домбыраны музыкалық мектептен үйрендім. Қазағымыздың ұлттық өнерін насихаттауға, ұлттық аспапты үйренуге құлшынысымды оятқан өзімнің ұстазым Жанат Алкешева. Университеттегі жетекшім Ғылымбек мұғалім маған үлкен жігер берді. Ол кісілерден үйренгенім өте көп болды. Әлі де домбырада ойнау техникаларын үйрену үстіндемін.

Анам Жұмагүл Нариманқызы 40 жыл бойы ұстаздық еткен математика мұғалімі және шахмат жаттықтырушысы. Анашым бала кезімізден ақыл-ой спортына баулыды. Бірнеше жарысқа қатысып, шахмат пен дойбыдан спорт шеберлігіне кандидат атағын алдым. Бос уақытымда үнемі ойнаймын. Мидың жақсы жұмыс жасауына ықпал етеді.

— Сізбен сұқбаттасып отырып өзімнің де тіл үйренуге деген құлшынысым артып, шахмат, дойбы ойнағым келіп кетті. Біз жастар мотивацияны қалай, қайдан алу керек дейміз. Мен мотивацияны өзіңіздей жастармен әңгімелесу арқылы да алуға болады дер едім. Елімізде өзіңіздей алғыр, талапшыл жастар көп болсын!

Сара СОЛТАНГАЛИ,
Қарағанды университетінің студенті