Өлең деген өлмейтін асыл мұра

Өлең деген өлмейтін асыл мұра

Жанбота Хашқынбайқызы Рамазан, аудандық, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Жас ақын» аталымының жүлдегері. Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 1 курс студенті. Филология факультетінің журналистика мамандығында оқиды.

— Сіздің өнер жолыңыздың дариясы қалай бастау алды?

— Әкем өлең сөздің құдіретті өлкесі болған адам. Шабытымның шыңдалып, жыр қанатымының өрлеуіне ең алғашқы үлес қосып, сол жолға бағыт сілтеген асыл әкем деп білемін.

— Ақын, қара сөздің кемеңгері Абай атамыз «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» деген. Сөз өнері сізді қандай биіктерге жетеледі?

— Мен жыр өнерін сүйдім, ал ол мені өзім қаламаған шыңға шығарып, биік белестерден көрсетті. Сол жолда мені қолдаған адамдар көп болды. Жалынды жырларымның ақ қағазға төгіліп, жүрек төрінен орын алуына себепші болған жанның бірі — Зоя апайым. Ол кісі көзімді ашып, көкірегімді оятқан, қанатымды жырға жайып, өлеңді құдіретті ғұмырыма айналдырған ұлы ұстазым.

— Иә, сіз сол құдіретті жолдарда қандай жетістіктерге жеттіңіз, қандай белестерді бағындырдыңыз?

— Өнердің абыройын көтерген соң жетістікке жету менің ұлы арманым болды. Ең алғаш абыройымды асқақтатып, мәртебемді көтерген аудандық «Абай оқуларынан» алған бас жүлдем еді.

— Ақындық жол сіз үшін ауыр болды ма?

— Иә, ақындық деген кез келген адамға бұйыра бермейтін қасиет. Көкейіңе ізгі ой түссе ғана, сен оны қағазға өрнектей білсең ғана ақын боласың. Мен бұрын ақындықты екі сөздің басын қосып, ұйқастыра білу деп қабылдайтынмын. Ал, шын мәнінде өткір ойды жүйелеп, қиыннан қиыстырып жүрекке жеткізу нағыз ақындықтың болмысы.

— Ұшқыр ойыңыз қас-қағымда тіліңізге оралып, ойыңызды жинақтап, сүбелі сөйлеп, осы жыр өнерінде қаламыңыздан қанша жыр өлеңі төгілді?

— Аз ба, көп пе білмедім, елудей өлең жаздым, шабыт отымды шаң байламаса, әлі талай қалам тербеп, жалынды жырымды талайдың жүрегіне жеткізермін деген үміттемін.

— Сол бір рухты өлеңдеріңіздің бірін айта кетсеңіз, бәлкім ақ өлеңмен өрілген сөз тұнығыңыз басқалардың сусынын қандырар.

— Өлең деген өлмейтін ізі тұнық, асыл сөздің өрнегін ұрпаққа ұлағаттауға жазылған бір кәміл жырым.

Тұнып жатқан көркем ой қайда деймін?

Асыл сөзі қазақтың майда деймін,

Биік тұрар тұғыры әрқашанда,

Атағы аспандағы айда деймін.

Сыңғыр сөздің теңселген ғажабын-ай!

Асыл сөздің ғұмырлы базарындай!

Құдыретті болмаса қара сөзім,

Тебіренте, теңселте жазамын ба-ай!

— Шығармашылық жолыңызда кейінгі ұрпаққа қандай із қалдырам деп ойлайсыз?

— Рухы таза өр қазақтың ұрпағымыз, сондықтан да айтатынымыз да, жазатынымыз да ұлылық болуы керек. Біз Абай туған өлкенің асыл ұрпағымыз. Сондықтан ақындық құдіретті оның ұрпағынан артық түсінетін ешкім жоқ. Өлеңдей құдіретті ғұмырымнан шағылмайтын арман жасап, соны келер ұрпаққа арнасам деймін.

— Рақмет! Салиқалы сұқбатыңызға мың алғыс, әрдәйім жыр өнерінің биігінен көрініп жүре беріңіз!

Еркебұлан САНАХ,
ҚЖ-11 тобының студенті