Үкілі үміт

Үкілі үміт

Қазақы қоңыр дауыс. Әсем әуен, ойлы ән. Бидай өңді қазақ қызы сахна төріне көтеріліп, бұлбұл үнді Бибігүл апайымыздың «Бұлбұл» әнін құлақ құрышын қандыра орындағанда демімізді ішке жұтып, бір деммен тыңдап қалған едік. Неткен дауыс, қандай ғажап орындаушы! Осылай сахнадағы «Жас талаптың» жарқыраған жұлдызынан көз алмай, «Қарағанды мемлекеттік университетіне тағы да бір талантты жас келді» деп қуандық. Ал «ҚарМУ VOIСE» байқауында оның көмейінен төгілген «Қай заман?» әні көрермен мен қазылар алқасының жүрегін жаулап алды. Жастар жылында университетіміздің ерекше дауыс иесі атанған Үмітай бүгінгі сұқбат алаңының қонағы.

— Үмітай, алғашқы сұрақ — әнші болуды армандадың ба?

— Әлбетте армандадым. Әнші болу бала кезден бергі асқақ арманымтұғын. Кішкентайымнан мектепішілік, ауыл ішіндегі, аудандық, облыстық ән байқауларына қатыстым. Ауданымызда өткен «Арай-2017» байқауында, облыстық «Жарқын болашақ» байқауында бас жүлде иегері атандым. Алайда өсе келе анашымдай ақ халат киіп, балалар дәрігері боламын деп алдыма мақсат қойдым. Сол кісіге ұқсағым келді. Адамның ойлағаны бола бермейді ғой, ҰБТ-дан жоғары балл жинай алмай, дәрігерлік оқудан қол үзіп қалдым. Бірақ та Алланың берген несібесі бар екен, ойламаған жерден «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша конкурсқа қатысып, бағым жанып Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсіп кеттім. Қазір аталған білім ордасында фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Аллаға шүкір, сабақ үлгерімім жақсы.

— Ән айтқанда қандай күйде боласың?

— Ән айту мен үшін бойымдағы жаман энергиядан арылу. Кез келген күйзелісті, уайымды ән арқылы жеңемін. Ән айтқан сайын қанаттанамын. Ән өмірге деген құлшынысымды арттыра түседі.

— Санаулы ай ішінде өнер өлкесі — Студенттер сарайындағы түрлі байқауларға қатысып, тыңдармандарыңның жүрегін жаулап алдың. Бойыңдағы бір ерекшелік, әнге талғаммен, тыңдарманыңа үлкен құрметпен қарап, сахнаны кие тұтады екенсің. Сенің әндеріңді тыңдаған кезде ойға батасың. Бұл бүгінгі күнгі жастардың бойында кездеспейтін артықшылық. Шыны керек, қазір тіпті танымал әншілердің өзі ойнақы әуен, жеңіл ойға құрылған жеңіл-желпі әнге әуестеніп кетті. Осы орайда өз ойыңмен бөлісе отырсаң?

— Кішкентайымнан осындай ой салатын, әуені жүректі баурап алатын әндерге ғашық болдым. Мән-мағыналы, адамға ой салатын, ойландыра алатын өміршең әндерді таңдауға тырысамын. Бұндай әндерді өзіме назар аударту мақсатында орындамаймын. Кішкене болсын өзгелерге де ой салса деймін. Бүгінде, бәріне топырақ шашпайын, бірақ та кей жандар өмірге жеңіл қарайды. Өзіндік көзқарастары, өзіндік қызығушылықтары жоқ. Хәкім Абай «Әннің де естісібар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар» деген, кей әншілер жүрек қылын шертетін өлеңді емес, бір күндік өмірмен өлшенетін, бүгінгінің тілімен айтқанда — «хит» әндерді шырқап жүр. Жастардың ортасында жүрмін, бірақ та олардың көпшілігінің ұстанымдары мен көзқарастары маған ұнай бермейді. Оларға өз ойымды ашып айтамын.

— Қазақ қызы қандай болуы керек?

— Қазақтың қызы, бірінші кезекте, отбасының, туыстарының, елінің абыройына кір келтірмей, ар-ұяттан аттамай, бойында қандай да артықшылықтары болса да оны қарапайымдылықпен жасыра отырып, елін дұрыс жолға бағыттайтын, болашақ ұрпақтың анасы атана алатын көргенді, ибалы болуы керек. Былайша айтқанда, мен қазақ қызын гауһар тасқа теңеймін. Жақұт тасты менде қымбат тас бар деп көрсете қоймайсың. Қазақтың қызы өзін кез келген жерде көрсете бермей, орнымен әрекет етіп, өзін ұят келтірмейтіндей биязы ұстай білуі тиіс.

— Өзіңді көріп, ақылына көркі сай, иба-әдепті бойына сіңірген нағыз қазақ қызын көргендей болдық. Алдағы жоспарларыңмен бөлісе отырсаң?

— Ертеңгі күнге құрған жоспарларым өте көп. Алла бұйыртса, мамандығымды ойдағыдай тәмамдап, жеке салонымды ашып, кәсіпкерлікпен айналысуды көздеп отырмын. Өнер әлемінен жыраққа кетпей, қоса алып жүру де ойымда бар.

— Үмітай — ерекше есім. Атыңды кім қойды?

— Үлкендер ақылдасып қойған екен. Ата-анамның 11 жыл Алладан тілеп, үміт еткен, зарыға күткен перзентімін.

— Жастар жылы жаныңа жылу сыйлады ма?

— Жастар жылы өзімді одан әрі жетілдіре түсуге мүмкіндік берді. Тұлға ретінде, қазақ қызы ретінде өзімді қалыптастыруға ықпал етті. Жетістікке толы жыл болды. Сонымен қатар бұл жыл мен үшін көптеген қиындықтармен күресу жылы болды десем, қателеспеймін. Сол қиындықтардың арқасында өмір мені одан әрі шыңдай түсті.

— Үмітай, уақыт тауып, бізбен ой бөліскеніңе рақмет! Қазақтың өзіңдей өнерлі, ақылымен ажарланған арулары көп болсын!

Гүлнәр МАХАН