Журналистің кәсіби этикасы

Журналистің кәсіби этикасы

Жақында Жамбыл облысының Жаңатас қаласында бір үйде бес бірдей баланың қазасы туралы жаңалықтар жария болғанда өрескел этикалық қателік кетті. Олардың суреттерін кең жұртшылық алдында жария ету — журналистік материалға салмақ қоспайды, бірақ қайғыдан қан жұтып отырған отбасының жан жарасын одан әрі ауырлата түседі. Осыдан біраз уақыт бұрын Сәтпаев қаласында педофил ұрлады деген қыз баланың да есімінің жарияланып кетуі қазақстандық журналистердің этикалық стандарттарының төмендеу екендігін көрсетті. Бұл туралы үшінші курстағы ҚЖ 31, 32 топтарына «Журналистің кәсіби этикасы» сабағына қонаққа келген белгілі журналист, «Қазақстан медиасының негізгі принциптері» жобасы консультанттарының бірі Жұлдыз Әбділда айтып берді. Жұлдыз ханым мен студенттердің әңгімесін сұхбат ретінде жариялауды жөн көрдік.

Анықтама үшін: Қазақстанда Журналистің этика кодексі деген құжат 2012 жылы Бас редакторлар клубының бастамасымен жасалған болатын. Бірақ ол құжат қазақстандық журналистер қауымында көп сақтала бермейді. Сондықтан, «Қазақстан медиа альянсы» ұйымының бастамасымен Қазақстандағы медианың принциптері деген жаңа құжат дайындалған. Оны әзірлеуге Жұлдыз Әбділдадан басқа Михаил Дорофеев, Қанат Сахариянов, Арманжан Байтасов секілді медиа менеджерлер қатысып, Латвия, Литва, Украина, Беларусь, Ресей, Финляндия және Қырғызстан секілді елдердің медиа этикасы саласындағы принциптері қарастырылған. Қазіргі кезде құжат дайындалып бітті, тіркеу процедуралары аяқталды

Қазақстан медиасының негізгі принциптері http://mediaprinciples.kz/mainpage_kz.

Жұлдыз Әбділда:

— Қазақстандағы медиа үшін бүгінгі күні ең өзекті деп айтуға болатын мәселе — бұл медиа этикасы тақырыбы. Тіпті қаншама жыл тарихы бар басылымдардың өзі де кейде осы кәсіби этикадан аттап кетіп жатады және оны қателік деп қарамайтын жағдайлар болады. Мәселен, бізде көп балалы немесе жағдайы жоқ отбасыларға көмектесетін әртүрлі ұйымдар бар, газет-журналдардан тілшілер келіп, телевидение оны түсіреді. Сондай кезде осы балалардың құқықтары сақталмауы, қарапайым этиканың сақталмауы, яғни, балалардың бетін жасырмай көрсету немесе зорлық көрген балалардың аты-жөнін жариялау, бетін жасырмай көрсету деген нәрселер және оның көбейіп кетуі осы медиадағы негізгі принциптерді жазуға түрткі болған бір жағдай.

Екі-үш мысал айтып кетейін, бұл сіздерге өмір бойына сабақ болсын деген мақсатпен айтқым келеді. Ешқашан өз қызметтеріңізде осындай нәрселерге жол бермеңіздер.

Естеріңізде болса, осыдан оншақты жыл бұрын бізде бір ұшақ құлап, ұшақтың ішіндегі адамдардың бәрі қаза тапқан болатын. Арада бір жыл өткенде біздегі республикалық телеарналардың бірі сол жолғы апатта ата-анасынан бірдей айырылған кішкентай баладан барып сұхбат алғысы келген. Сіздер жақсы білесіздер, заң бойынша кәмелеттік жасқа толмаған баладан сұхбат алу үшін оның ата-анасының, не қамқоршысының немесе ресми өкілінің рұқсаты керек. Біз көшеде кез келген баланы ұстап алып, одан сұхбат ала алмаймыз. Өкінішке қарай, көп әріптестеріміз сақтамай жататын принциптің біреуі осы. Сөйтіп, жаңағы баланың атасы мен әжесі бала өзі де депрессия жағдайынан енді ғана шықты, сондықтан біз сұхбат беруіне қарсымыз деп айтады. Осыдан кейін баладан сұқбат алу мәселесі жабық деп есептеу керек. Бірақ өкінішке қарай әріптестеріміз оның басқа жолын қарастыра бастайды. Сөйтеді де баланың оқитын мектебін біліп алып, сонда барып күтіп тұрады. Үзіліске шыққан баланы ұстап алып, сен «мама-папаңды сағындың ба» деп сұрайды. Бұл енді, тек кәсіби этика емес, жалпы адамгершіліктің жоқтығын көрсететін мысал.

Өкінішке қарай, бізде адамның жеке құпиясы деген нәрсеге құрметпен қарау деген өте аз. Екінші мысал, осыдан он бес жылдай уақыт бұрын ОҚО-да 149 бала вич-инфекциясын жұқтырған болатын. Бұл балалар дәрігерлердің салғырттығынан, балаға қан құйған кезде шприцтерді ауыстырмай, бірінен біріне салудан болған. Бұл осы отбасылардың бүкіл өмірі, тағдыры басқа арнаға түсті деген сөз. Егер адам өзінің АИВ-статусын өз еркімен жария етем десе, ол адамның құқығы. Ал негізі, оны тіміскілеп, ашып, жариялаудың қажеті жоқ. Осы тұрғыда бұл балалардың көрмеген қорлығы жоқ, кей балалардың ата-аналары ажырасып кеткен, кей балаларды тастап кеткен. Бір қыз баланы әкесі тастап кетеді. Сол қыз бала анасымен бірге бір ауылда тұрып жатады (анасының тағы бірнеше баласы бар). Сол ауылға республикалық телеарналардың бірі хабар түсіруге барады да, қыздың бетін жасырмай көрсетеді. Ол қыз мектепте алтыншы-жетінші сыныпта оқиды. Мектепте барлығы мазақтайды, бүкіл ауыл сендер аурусыңдар, бұл ауылда тұрғызбаймыз, сендер ауру таратасыңдар деп, бұларды сол ауылдан көшіріп жібереді. Бұл журналистік этиканың сақталмауының бір отбасына тигізіп отырған әсері, ықпалы.

Үшінші мысал, осыдан бірер жыл бұрын ОҚО Сарыағаш ауданында 6 жасар баланы зорлаған болатын. Осыны көрсеткен республикалық телеарнаның бірі баланың аты-жөнін жария етіп, онымен қоймай, әжесін сөйлетіп, үйін, баланың бетін бұлдыратпай көрсете салды. Жалпы, зорлық құрбандарын, ол міндетті түрде бала болмаса да, ол ересек адам болса да, өзінің еркінен тыс оның бет-әлпетін жариялауға болмайды.

Қоғамдық маңызы жоқ ақпарат жариялау этикалық нормаларды бұзу болып санала ма? Мысалы, жұлдыздардың өмірі туралы.

Жұлдыз Әбділда:

— Бұл біздің рейтингтің құлы болып отырғанымыздың бірінші көрінісі. Екіншіден, бір әншінің немесе басқа жұлдыздың парақшасы жабық болса және олар қазір жазып қоятын болған рұқсатымсыз суреттерімді жариялауға қарсымын деп. Тіпті олай жазбаған күннің өзінде қандай да бір мәселе туралы сол әншінің өзінен рұқсат сұрамай оны жариялау дұрыс емес. Кейде біздің журналистер әлеуметтік желіде біреудің жазған пікірін де жаңалық қылып жариялап жібереді. Және қазір өкінішке қарай көптеген сайттар үшін негізгі ақпарат көзі жұлдыздардың инстаграм парақшалары болып отыр. Және олар кейбір жағдайларды мүлдем тексерместен жариялап жіберіп жатады. Нақты көрінісі, жақын күндері актриса Әсел Садуақасова өзінің «қыз» екенін жариялады деген тақырыппен ақпараттар шығып кетті. Бұл жерде бір посттың астында пікірлесіп отырған кезде ол кекетіп айтқан болуы мүмкін. Соны біздің журналистер жерден жеті қоян тапқандай жаңалық етіп жариялады. Немесе, кейде біреудің жеке басынағы мәселелер, біреудің ажырасуы, біреудің ата-енесімен. күйеуімен ұрысып қалуы деген сияқты нәрселерді жариялап жатады, бұл журналистика емес. Демек, этикаға да қатысы жоқ.

Журналистикалық этиканың блогерлерге қатысы болуы мүмкін бе?

Жұлдыз Әбділда:

— Біздің «Медиадағы негізгі принциптер» деп алуымыздың да себебі осы. Егер журналистикадағы десек, онда тек газет-журнал, радио, телевидениеге ғана қатысты болар еді. Бұл, яғни, блогерлерге де қатысты. Әр адам медиа болып отыр ғой. Бірақ, бұл жерде біздің қоғамдық сана да өсуі керек. Блогерлердің жазбаларын миллиондаған адам оқиды, олар бір керемет дүние жазып жатыр деп айта алмаймыз. Ал бірақ этика принциптері барлық адамға қатысты, сондықтан медиа деп алып отырмыз.

Сіз жеке өмірге қол сұқпаған жөн деп отырсыз. Ал қоғамдық маңызды мәселелерді ше? Шенеуніктер болса ше? Мәселен, Ғабидулла Абдрахимовтың екі әйелі бар екенін журналистердің талқылауы қаншалықты жөн?

Жұлдыз Әбділда:

— Егер бір мемлекеттік қызметкер, әкім дейік кез келген. Ол демалыс күні тауда демалып жүрсе, бұл «ел қырылып жатқанда неге тауда жүр» деп жазуға негіз емес. Әкім де адам. Оның да нақты демалысы бар. Бірақ Мемлекеттік қызметшінің этикалық кодексі деген де бар. Яғни, одан да аспауы керек. Екінші жағынан, мемлекеттік қызметте отырған, қоғамдық қызметтер атқарып отырған тұлғалардың жауапкершілігі басқа қарапайым адамдарға қарағанда жоғарырақ екенін де ұмытпау керек. Олар да аузына келген сөзді айтса, мәселен, «әйелді анда-санда ұрып тұру керек» деп айтса, онда оны нағыз жазатын нәре деп қарастырам. Дәл қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасына қатысты үлкен талқылаулар жүріп жатыр. Сол заң жобасын қолдап, не оған қарсы болып жүрген адамдардың өмірлік ұстанымдары шығып жатса, онда бұл да қате деп айтуға келмейді. Мысалға, осы заң жобасына қарсы болып отырған Анатолий Ким бірнеше рет «иә, балаларды қамшылап тұрған дұрыс» деген нәрселерді айтқан екен. Бұл, әрине, дұрыс емес. Онда бұл адамның шынайы ниетіне, балаларға жанашыр екеніне күмәнмен қарауға болады деген сөз. Бұндай жерде кез келген мәселенің аражігін ажырату деген мәселе бар. Қазір бір мәселе туралы жазу емес, хайп қуу көбірек. Мысалы, неге біз Жандарбек Бекшиннің айтып жатқан кәсіби кеңестеріне құлақ аспаймыз да, оның орнына «наконец-то», я болмаса, «к сожалению, кей азаматтар шетелде демалады» дегенін қуып кетеміз. Негізінде, оның екі айтқан нәрсесі де соншама назар аударатын нәрсе емес. Ондағы айтып отырған нәрсесі, «шетелде демалуға ақша тапқанымен, тест жасатпай келеді» дегенді айтып отыр ғой. Яғни, сіз бен біздің қаржымызға олар тегін тест жасатады деген сөз ғой. Бұл нағыз назар аударатын нәрсе еді, бірақ біздің журналистер мен блогерлер Бекшинді мазақтаумен ғана айналысып кетті. Қоғамдық маңызы бар мәселе ме, оны міндетті түрде жазу керек. Әншінің басындағы жағдай ол әншінің отбасына ғана қатысты. Ал егер әнші «осы заң жобасын қабылдау керек, не қабылдамау керек» деп жатса, онда оған назар аудару керек, бұл лобби жасау болуы да мүмкін.

Телеарнада көруге ұялатын жарнамалар бар, мәселен, мүшеқапты да жарнамалайды. Осындай нәрселер этика стандарттарына қаншалықты сәйкес?

Жұлдыз Әбділда:

— Мүшеқап деген нәрсе бар болса, ол туралы жарнама неге болмауы керек деген де сұрақ туады. Бізде ол үшін ұялу емес, сол нәрсені пайдаланбағаннан болған жағдайдан қыздарды екіқабат қылып тастап кетіп, сосын туған баласын көшеге тастап кетіп жатқан жағдайдан намыстануымыз керек те. Оның жанында мүшеқаптың жарнамасы немесе прокладканың жарнамасы ол ұялып, бетімізді басатын нәрсе емес деп ойлаймын. Оның орнына жануарларды азаптап, өлтіріп жатса, я болмаса, біреуді зорлап жатқан жағдай болса, содан ұялуымыз керек. Кейде бізде осы қазақы ұят, таным деген нәрсені дұрыс орнымен пайдаланбаймыз ба деген ой келеді маған.

Сұхбаттасқан Қарағанды университеті журналистика кафедрасының үшінші курс студенттері