Жандос жүлдемен оралды

Жандос жүлдемен оралды

Айтыс өлкесіне қадам басқан дарынды студентіміз Жандос Бақытұлы жақында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ең бірінші бақытым…» атты республикалық студенттер айтысында «Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлде» иегері атанды. Сөз сайысында сынға түскен замандасты сұқбат алаңына шақырдық.

  • Тұлпардай тек алдыға бастым-дағы,
  • Сұңқардай барымды елге шаштым-дағы
  • Бұл қазақ қырдан асар, жоғалғанда
  • Қой терісін жамылған қасқырлары.
  • Себебі КСРО-ның кезінде де
  • Ішімізден шықпап па ед қастың бәрі
  • Кесірінен солардың Алаштықтар
  • Атанды «халық жауы», «қашқындары»
  • Жұртына қауіп төнсе, Әлихандар
  • Жағаны ұрған теңіздей тасқындады
  • Ахметтер ағартушы болмап па еді?
  • Еңбек қып елдің көзін аштырғалы
  • Орда бұзып кешегі Тәшеновтер
  • Орысқа ордамызды қостырмады.
  • Бейімбет пен Сәкеннен үлгі алса екен
  • Кейін кеткен қазіргі жастың бәрі.
  • Міне, осылай ел менен жерді ап қалды
  • Қайтпас қайсар бабалар хас тұлғалы
  • Рухтың шоғын өшіріп алмаса екен
  • Елдің есті қызы мен есті ұлдары
  • Парқын білер болса егер бұл сөзімнің
  • Әркім жүрер нық қадам аштырғалы
  • Жарқын күн куәгері біз болайық
  • Алтын күн аспанының астындағы.

— Айтысқа қалай келдіңіз? Жалпы ақындық қабілетіңізді бойыңыздан алғаш байқаған кім?

— 7 сыныпта оқып жүргенде әдебиет пәні мұғалімінің «өлең жазып келгендерге автоматты түрде 5 қойып беремін» деген сөзінен басталды. Ол кезде ұйқас, буын, мән-мағына болмаса да өлеңге ұқсас дүние жазып жүрдім. Бала кезімнен айтысқа қызығып, айтыскер болғым келді. 11 сыныпта алғаш облыстық айтысқа қатыстым.

— Ең алғашқы айтысыңыз туралы айта кетсеңіз?

— Алғашқы айтысым досым, группаласым Еркеғали Бекболатпен өтті. Абдырап қалдым, тіпті айтыстан соң не айтқаным есіме түспеді.

— Айтыста тығырыққа тірелген кездеріңіз болды ма?

— Иә, айтыс өзі содан тұрады ғой. Бір-бірін тығырыққа тіреп, әрбір айтылған сөзін аңдып, сөзден ұстаудан құралады. Ондай сәтте барынша тапқырлық танытуға тырысып, ұтымды жауап беруге ұмтыламын.

— Сіз қандай ақын-жазушыларды оқисыз?

— Қолдан келгенше көп оқуға тырысамын. Бірақ мықты ақын болуға тырысқандық аздық етеді.

— Қазіргі таңда еліміздегі індетке байланысты онлайн форматта оқып жатырмыз. Жалпы осы қашықтықтан оқудың сізге қандай да бір пайдасы тиіп жатыр ма?

— Онлайн деген нәрсе өте қиынға соғуда. Күнделікті өмірде жүздесіп, көрісуді сағындық. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар дегендей, қашықтан оқу өздік білім алуға ұмтылдырып, жеке өмірде жетістіктерге жетуге көмектесті.

— «Ең бірінші бақытым…» республикалық студенттер айтысында «қазақтану ілімінің қара нары» атанған Ақселеу Сейдімбек атындағы жүлдеге ие болдыңыз, сол туралы айта кетсеңіз?

— Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойында Серікзат Дүйсенғазы ағамыздың бастамасымен дәстүрлі республикалық студенттер айтысы өтті. Алланың қалауымен Қарағандының атынан, білім ордамыздың атынан қатысуға, намысын қорғауға мүмкіндік алдым. Әр аймақтан жиналған мықтылардың арасында өнер көрсету, иық тіресіп айқасу мен үшін жаңа деңгей, жаңа биікке ұмтылыс болды. Бұдан да жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орынға ілігетіндей айтыс жасауға болатын еді, бірақ үлкен сахнадағы алғашқы айтыс болғасын, оның үстіне ойда-жоқта бірінші жұп болып шыққан соң сөз бастауда аздап тосылып қалдым. Бірақ, осының өзі жаман емес деп ойлаймын. Шыны керек, қарсылас емес, үлкен сахнаға шыға тұра аз көрермен алдында айтысу қиынға соқты. Жаңа айтып өткендей, аяқасты хабарлап, сахнаға шығарып жібергені ыңғайсыздық туғызды. Жалпы айтыс өзімнің ойымдағыдай болды.

Жүлдегерлерді марапаттау басталғаннан уайым да қатар басталды. Бір облыстың, оған қоса атағы дардай университетіміздің абыройын арқалап барғасын намысты қолдан бергім келмеді. Марапаттау сәтінде Ақселеу ағамыздың арнайы жүлдесін табыстағанда бас жүлде алғандай қуандым, оны Аманжолдай қазіргі айтыс өнерінің бас ақынының қолынан алу қуанышымды еселей түсті. Ақселеу Сейдімбек — ол аңыз адам. Қазақ

халқына, қазақ өнеріне тигізген үлесі ұшан-теңіз. Аңыз адамның атындағы марапат кім-кімді болмасын қуантары сөзсіз.

— Сұхбатыңызға көп рақмет! Алтындай уақытыңызды бөліп келгеніңізге шын жүректен алғыс айтамын. Өнер жолыңызға қазақ дейтін еліңіздің ақ батасы дари берсін. Айтыс аламан додалы орда, осы орданың биік шыңына шығыңыз! Алдағы жыр додаларында ақ жол тілейміз!

Айжібек АЗАМАТҚЫЗЫ, Қарағанды университетінің студенті