«Менің нұрлы әлемім»

«Менің нұрлы әлемім»

«Тамшы.kz» қоғамдық қоры тек Жансая қыздың емес, табандылық танытып, тағдыры тәлкекке түскендерге тамшыдай үлес қосуға асыққан қаншама жастың нұрлы әлеміне айналды. Олар санаулы ай ішінде тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесіп, науқас балалардың еміне қаражат жинауға мол септігін тигізіп үлгерді. Бір қуантарлығы, ізгілікті іс атқарып, алғыс алуға талпынған еріктілердің қатары күн санап артуда. Өткен жылдың қыркүйегінде қайырымдылық қорының алғашқы кеңсесі ашылды. Жақсылық жасап, жүрегі мұңға толған жандардың жанына сая болған Жансая Каменова бейбіт күннің батырындай. Қазақ қызының игі бастамасы бүгінде көпке үлгі-өнеге.

— Жансая, «Тамшы.kz» қоғамдық қорын құру жайлы идея қайдан туды?

— Осыдан 1 жыл бұрын алғаш рет жастармен жетімдер үйіне бардық. Балалардың жай-күйін көріп қамықтым. Содан қайтар жолда неге осы ең болмағанда айына бір рет жақсылық ісін тындырып отырмасқа деген ой келді. Бірден инстаграм парақша ашып, қайырымдылық клубын құрамын, еріктілер іздеймін деп хабарландыру жібердім. Жақсылық жасауға ниет еткен жастардың көптігі мені қуантты. Алайда олардың арасында қызық үшін келгендер де болды. Іріктеуден өткізіп, санаулы жаспен осынау игі істі бастап кеттік.

— Басында ұйымдарыңыз «Мейірімді жастар» деп аталыпты. «Тамшы kz» атауын қалай иеленді?

— Иә, 2018 жылдың 28 қазанында Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасындағы «Бота» жастар орталығы жанынан «Мейірімді жастар» қайырымдылық клубы ретінде құрылды. Идеяға бай жастарымыз көп болғанымен, құжаттармен жұмыс істегенде біраз қиындықтарға тап келдік. Атқарылған шаруаның барлығы заңды түрде рәсімделуі керек екен. Қараша айының соңына таман «Әділет» басқармасына барып, өтінішімді өткізе алмай бірнеше күн сеңделдім. Құжаттарымызды реттеп алғаннан кейін ғана ісіміз алға басып, жұрттың сеніміне кіре бастадық. Наурыз айының 14-і күні «Тамшы kz» қоғамдық қоры деген атауды алдық. Айтқанымдай, алғашқы кезде істі дөңгелетіп алып кету өмірді енді бастаған өрімдей, небәрі 19 жасар, жұмыстың парқын әлі түсініп болмаған, тек жүрегі жақсылық жасауды қалайтын қызға қиын соқты. Жұмысым алға баспай жатқан сәттерде еріксіз көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсетін. Бірде маған «көз жасым тамып отырып бастаған бастамамды неге «Тамшы» деп атамасқа?» деген ой келді. «Бір тамшы көздің жасындай», оның үстіне бұл ізгі істі бастауыма жәудіреген жетім балалардың көзіндегі бір тамшы жас түрткі болды ғой. Біз жарымжан жан мен қамкөңіл қарттың, жетім мен жесірдің, тағдыр тәлкегіне ұшыраған пенденің жанарындағы жасты сүртіп, бір тамшы жас тек қуаныштың көз жасы болсыншы дедік. «Тамшыдай жақсылық жаса!» — қоғамға осылай үн қаттық. Көзіне бір тамшы жас алмайтын, тасбауыр, жүрегі тасқа айналған адамдар ниетін түзеп, қайырымдылық жасаса екен деп тіледік. Тамшы тама-тама тас тескен…

— «Тамшының» өзіндік бекітілген ережелері мен заңдылықтары бар ма?

— Әлбетте, қоғамдық қор бекіткен ережелерді негізге ала отырып жұмыс жасаймыз. Бізде еріктілерге қойылатын талап өте жоғары. Негізінен жүзінен жылу тараған мейірімді, тәрбиелі жандарды қатарымызға тартамыз. Ашық-шашық киінген, былапыт сөйлеп, сөзінде тұрмайтындарды қабылдамаймыз. Сонымен қатар қазақы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден ада болмауы қажет. Біз таңдаған жан шынымен жақсылық жасауға дайын ба? Осыған көз жеткізу мақсатында ниет етіп келгендерге төрт тапсырма беріп, сыннан өткіземіз. Ал көмек көрсететін жандарға тоқталсам, жалпы екі бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен науқас балаларға қарайласып, қолдан келгенше көмектесеміз. Міндетті түрде дімкәс балалардың арнайы мүгедектік туралы құжатын, сонымен қатар көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналардың құжаттарын қабылдап, кезекке қоямыз.

— Осы уақытқа дейін қаншама жәрмеңкелер мен концерттер ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп келесіздер. Өткізген іс-шараларыңыздың нәтижесі қаншалықты жақсы?

— Пайыздық өлшеммен айтқанда — 99 пайыз. Алғашында сәтсіздіктер болды. Алла тағала өзі сынақ жібереді ғой. Біз оны сеземіз. Сондықтан барынша бірігіп, бір-бірімізді демеп, сол сынақтардан өтуге тырысамыз. Ең бастысы, жақсылық жасап, қамкөңіл жанның жанардағы көз жасын сүртіп, көмектестік. Көпшіліктен жиналған қаржы арқылы қаншама баланың ауруынан айыққанын көрдік. Игі іске тамшыдай болсын өз үлесімізді қосқанымызды сезінудің өзі біз үшін бір бақыт.

— «Тамшының» басқа қоғамдық қорлардан басты ерекшелігі неде?

— Жастардың бір-біріне деген құрметі. Бұл жерде ұрыс-керіс деген болмайды. Мені қатты қуантатыны — осы.

— Қоғамдық қорда жүзге жуық мүше бар екен. Осынша адамды бір жерге ұйымдастырып, біріктіріп отыру қаншалықты қиын?

— Бізде аптасына екі рет жиналыс болады. Кеңсемізді қыркүйек айында ғана аштық. Шағын ғана кеңсе. Сол себепті жастар бөлініп-бөлініп келеді. Бірінде сабақ, бірінде жұмыс дегендей, бәрі бірдей бір уақытта келе алмайды. Негізі күнде жиналамыз. Ауызбіршілік пен сыйластық орнаған жердің берекесі кіреді емес пе?

— Кеңсе ашылғаннан кейін жұмыстарыңыз жеңілдеген шығар?

— Әрине, таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін ашықпыз. Кез келген жұмысымызды қалаған уақытымызда атқарып, заттарымызды осында қойып жүре береміз. Бұрын кеңсе болмаған уақытта қиынға соғатын. Бас қосып, ақылдасудың өзі бір мұң болатын. Кеңсеміз ыстық ұяға айналып үлгерді.

Қайырымдылық қорының мүшелері жайлы толығырақ айта кетсеңіз?

— Негізінен 15-27 жас аралығындағы жастар. Бірақ жасқа шектеу қоймаймыз. Бастысы ниеті түзу болуы керек.

— «Тамшы. кz» қаншама жанға қол ұшын созып, көмектесуде. Ал қорды қолдап, демеуші болғандар бар ма?

— Жоқ десем, өтірік айтқандай болармын. Бар, бірақ серіктестік ететіндей деңгейде емес. Қазір әлеуметтік желінің дамып тұрған шағы ғой. Ватсапта, инстаграмда хабарландыру сала қойсақ, көмек көрсетейік деп ең болмағанда 200 теңгесін тастап отыратын адамдар көп. Бәрі халықтың арқасында ғой. Бізде жай садақа сала салыңызшы деген ұстаным жоқ. Жәрмеңке болсын, концерт, акция болсын арнайы шара өткізуге міндеттіміз. Сол арқылы қаражат жинаймыз. Демеушіміз — халық.

— Көмекке мұқтаж жандарды қалай табасыздар?

— Бұрын өзіміз іздейтінбіз. Әлеуметтік желіден немесе мешіттен тауып алатынбыз. Ал қазіргі таңда танылып қалғанымызға байланысты кеңсемізге тұрмысы төмен отбасылар өздері келіп, құжат тапсырып, кезекке тұрады.

— Осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарыңыздың ішіндегі ең ауқымдысын атап өтсеңіз?

— Барлық жасаған жұмыстарымыз мен үшін ауқымды. Өйткені әрбір жұмыс үлкен ерен еңбекпен, маңдай термен жасалады. Әр жұмыстың өзіндік бір ауыртпалығы бар. Олардың шешімі де жақсы болып жатқандықтан, барлық істеліп жатқан дүниелер ауқымды деп санаймын.

— Бастаған уақытта қиын болды деп қалдыңыз? Осы турасында ашып айтсаңыз?

— Біріншіден, бізге ешкім сенген жоқ. Халық осындай жолмен қаражат табатын алаяқтар көп деп білді. Концерт ұйымдастырсақ, билеттерімізді алуы қиын болды. Еріктілер өздеріне күдікпен қарап, ауыр сөз айтқандарға өкпе артпады. Сенімсіздік бұлтын сейілтіп, олардың сеніміне кіру үшін аянбай еңбек етті. Жоғарыда айтып өттім, құжат жағы біршама қиындық туғызды.

— Қыз баласына осындай қоғамдық қорды басқару қаншалықты қиын? Неге бұл жолды таңдадыңыз?

— Әлбетте, қорға артылатын жауапкершіліктің жүгі өте ауыр. Оны сезінемін. Алайда қиын жолды таңдадым деп айта алмаймын. Себебі, жасаған жұмыстарыңның жемісін көру қиындықты мүлдем басып тастайды. Жүре алмайтын балалардың аяғын қозғап, қадам басқанын көргенде, мойнын көтере алмайтын балалардың еңбекпен келген қаражатқа емделіп жатқанын көргенде барлық қиыншылықты ұмытасың. Ол бізге қуаныш қой. Сол қуанышқа бөленгенде бүкіл ауыртпалықты жеңіп кетесің. Қыз екеніңді де ұмытасың (күлді).

— Көмек көрсеткен отбасылармен араласып тұрасыздар ма?

— Өте тығыз байланыстамыз. Амандықтарын біліп, қолдан келгенше көмектесіп тұрамыз, туғандай болып кеттік десем, артық айтпаспын. Екі-үш күн сөйлеспей, көріспей қалсақ, сағынып қаламыз.

— Ұялып, қысылатындары бар шығар?

— Ондай отбасылар да бар. Ол кісілерге тек кезегі келгенде азық-түлік апарып, қайтып кетеміз. Барынша көмектесуге тырысамыз.

— «Кітапқа өмір сыйла», «Сатып ал да сауап ал», міне, осындай әр кезде әртүрлі жаңа акциялар пайда болады. Бұл идеялар қайдан туады?

— Жиналыста ақылдасамыз, арнайы жоспар құрамыз. Не істеуге болады деген сұрақты талқылаймыз. Еріктілерді іріктеу кезінде оларға «Тың идея» деген тапсырма беріледі. Сол тапсырма арқылы ерікті болуға ниетті үміткер бізде жоқ идеяны ұсынуы керек. Іріктеуден өтіп, ерікті болып кірген адам идеясын дамытып, іске асыруы керек. Әркім өз идеясымен жұмыс жасайды. Осылай әртүрлі идеялар мен акциялар пайда болады.

— Осындай қоғамдық қор ашқысы келіп жүрген жандарға кеңесіңізді бере кетсеңіз. Тіркеуден өту міндетті ме?

— Заңдық негізде тіркеуден өту жұмыстың алға басуына ықпал етеді. Қаражатпен жұмыс істеп отырғандықтан, құжаттың барлығы заңдық негізде жасалуы керек. Қорды кез келген уақытта тексеруі мүмкін. Сол кезде өзін дәлелдей алатындай, өз-өзіне сенімді болу үшін де құжаттар болғаны абзал. Ал айтар кеңесім, бастысы — ниет. Менімен бірге бастаған қаншама жандар бар. Барлығын жарысып жүріп істедік. Ал қазір көбісі жоқ. Тастап кетті, өйткені жүректе ниет жоқ. Ниет болса, іске деген адалдық болса, бүкіл қиындықты жеңіп шығуға болады. Бастысы ниет болуы керек.

— Ерікті болу үшін не істеу керек, қандай қасиет керек адамға?

— Ерікті болу үшін шынайылық керек. Тағы да ниет керек. Бұл тұста ақшаның да керегі жоқ. Адамды шынайы аяй білу керек. Мұқтаж адамдардың қуанышын бөлісе білуі керек. Өтірік, сырт көзге көрсетіп, басқаларға мақтану үшін емес, Алла разылығы үшін, адамдардың алғысын алу үшін жұмыс істеу керек. Соңына дейін бару үшін, әрине, ниет керек.

— Менімен бастағандар көп, қазір көбісі жоқ деп қалдыңыз. «Тамшының» басынан келе жатқан, кейіннен қосылған белсенді мүшелері көп пе? Атап өтсеңіз?

— Алғашқы күннен жанымда жүрген — Нұрхан Тілекұлы деген Банк колледжінің студенті. Бірақ белсенділер өте көп. Бір-екеуін айтсам, қалғаны ренжіп қалады ғой. Сондықтан еріктілерімнің ешқайсысын бөліп-жармаймын.

— Ал ҚарМУ студенттерінің «Тамшыға» қосқан үлесі қандай?

— Қазіргі таңда ҚарМУ студенттерінің «Тамшыға» деген қызығушылығы өте жоғары. Қордың 20 % еріктілері аталмыш оқу орнының студенттері. Бәрінің ниеті бір болғандай, тигізіп жатқан ерен еңбектері мен маңдай тер жұмыстары — тең.

— Қыркүйек айында «Тамшының» президенті ретінде ҚР Премьер-министрі Бердібек Сапарбаевпен болған кездесуге барыпсыз.

— Кездесуде өзіміздің 1 жыл бойғы жұмыстарымыз бен елімізге жасап жатқан қамқорлығымыз туралы қысқаша айттық. Бердібек ағамыздың жылы лебізі мен сәттілігін естіп қайттық. Кездесудің мақсаты — қандай да бір мәселені шешу емес, Қарағанды жастарының қандай жұмыстар істеп жатқанын білу болатын. Сондықтан, қандай да бір көмек сұрағанымыз жоқ.

— «Тамшының» алдағы мақсаттары қандай?

— Басты мақсаты ол — ең алғашқы мақсаты. Яғни, тамшыдай кішкентай жақсылық жасап, теңіздей сауапқа кенелейік деп бастадық қой. Әрі қарай да сол мақсатпен кете береміз. Кішкентай жақсылықпен үлкен жұмыстарды тындыру — соңына дейін бұл басты мақсат болып қалады.

— Ал бұдан да үлкен кеңсе ашу ойларыңызда жоқ па?

— Бар, бұл — «Мейірімді жастар» болып жүргеннен бергі арманымыз. Балалармен жиналыста отырған сәтте күліп айтып отырамыз. Біздің екі қабатты үйіміз болады, оның терезелері ашық, ішінен атқарып жатқан жұмыстарымыз, бір-бірімізге деген жылулығымыз, құрметіміз — осының барлығы көрініп тұратындай сырты жай ғана терезе болып тұратын кеңсеміз болады деп армандаймыз. Сырттан қараған адамдар бізге қызығып қарайтындай, ішінде болып жатқан дүниелер соған сай болатындай кеңсе — асыл арманымыз.

— Президенттен бөлек қызметкерлер бар ма?

— Құрылтайшы, президент, яғни құрған адам. «Қамқоршылық кеңесі» бар, ол жерде төрайымы мен орынбасары бар, қалғандары еріктілер.

— Жұмыс барысында болған қызықты оқиғаның бірімен бөліссеңіз?

— 102 мектеп-гимназиясы тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға оқу құралдары керек деді. Өту тығыз уақыт, сабақ басталуына екі-ақ күн қалды. Сол екі күннің ішінде 250 000 теңге жинауымыз керек. «Шұғыл ақша керек» дейтіндей науқас балаларға жиналатын қаржы емес. Не істейміз деп абдырап қалдық. Содан барып аяқ астынан «200 теңгеге қайырымдылық» деген акция бастап жібердік. Осылайша, екі күнде тиісті қаражатты жинап, 17 балаға бүкіл оқу-құралдарын, сөмкелерін алып беріп, бір қуантып келгенбіз. Басымыздан өткен қызықты оқиға сол шығар.

— Логотип жайында айтып өтсеңіз?

— Идея — менікі, әпкем екеуміз бірге ойлап таптық. Жасап шығарған — Ерғали Манап. Ортасында — тамшы, одан кейінгі ішіндегі қолдар — бір-біріне жылулық сыйлаудың белгісі. Сыртына ою келтіруіміз — қазақ жастары деген мағынаны білдіреді. Жақсылық жұмыстарын жасап жатқан қазақтың қарагөз балалары деген мағынада.

— Үш сөзбен «Тамшыны» суреттеңізші?

— Менің нұрлы әлемім!

— Сұқбатыңызға көп рақмет! Жақсылық жасаудан жалықпаңыздар! Қатарларыңыз көп болсын!

— Рақмет! Ләйім, солай болғай!

Сымбат СЕРІКҚЫЗЫ,
ҚарМУ студенті