«Жақсылық жаса»

«Жақсылық жаса»

Қайырымдылық күніне орай facebook @amal2020kz платформасында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында жүзеге асырылатын «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» жобасымен онлайн форматта «Жақсылық жаса» жастар пікірсайысы өткен болатын. «Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған креатив идеялардың интеллектуалдық сайысына университетіміздің атынан «ҚарМУ» пікірсайыс клубы қатысты. Зияткерлік жарыста университетіміздің жастары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Парасат» пікірсайыс клубымен бірге «Қайырымдылық дегенді қалай түсінесің? Қайырымдылық не үшін керек? Қайырымдылық өмірдің нормасы бола алады ма? Жастар қайырымдылыққа қатыса алады ма және қалай?», міне, осындай сұрақтар төңірегінде ой қозғап, белгілі бір көзқарасты ұстана отырып, идеяны дәлелдеп, берілген тақырып бойынша мәселені шешу жолдарын ұсынды.

Топтардың әрқайсысы «Идеялар қақтығысы» раундтында жастарды қайырымдылық шараларына тартудың тиімді жолдары және қайырымдылықтың ең пайдалы түрі бойынша әртүрлі механизм ұсынды. «Рулетка» раундтында қатысушылар «Балық пен қармақ» ұстанымын ұстана отырып, екі жақ бір-бірінің пікірін теріске шығаруға тырысты. Сұрақ-жауап айналымында көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Университетіміздің түлегі Наргиз Рахымгерей: «Сол пікірсайыс жарысында «ҚарМУ» клубының түлегі ретінде қатысушы болдым. Жалпы қазіргі кезде мұндай мәселелер қоғамға әсер ете алатын жандар тарапынан қозғалып, осындай іс-шаралар ұйымдастырылып отырғаны қуантады. Өйткені қазір көп адам үшін қайырымдылық, ол тренд пен хайптың бір түріне айналып кеткені өз басымды өкіндіреді. Кей кезде мемлекет тарапынан қолдау таппайтыны да қынжылтады. Негізінен қайырымдылық қазақ халқына жат түсінік емес, оған тек бұрынғы мән-мағынасын қайтарып, қазіргі цифрлық, жаһандану заманына сай бейімдеу керек деп ойлаймын. Әрине, байыбына бармай жүрекпен жасалатын қайырымдылық та әрқашан дұрыс шешім емес, өйткені бүгінгі күні жаны жайсаң адамдарды алдап, өз пайдасына пайдаланып кететін алаяқтар да аз емес. Мұның бәрі қайырымдылық бағытындағы жүйенің болмауынан болып жатыр деп ойлаймын. Ал осыған назар аудартатын және онымен айналысатын ол — жастар. Сондықтан бұл пікірталастың басты мақсаты — жастарды қалай ынталандырсақ болады, тиімді жолдары қандай — осы сұрақтарға жауап іздеу болатын. Меніңше, біраз ойлар айтылды, керек адамдар түртіп алды деген сенімдемін. Жалпы қайырымдылық пен пікірсайыс қозғалысын қолдайтын адамдар көбейсе, бұл қоғамның жүзі одан әрі жайнай түспек. Осыдан екі жыл бұрын университетімізде «ҚарМУ» клубының атсалысуымен қайырымдылық пікірсайыс жарысын өткіздік. Жәрмеңке ұйымдастырдық, демеушілер тауып, қолдан жасалған дүниелерді, түрлі тәтті-дәмділерді жарыс кезінде сатылымға қойдық. Қайырымдылықтан жиналған ақшаны бір баланың еміне аудардық», — дейді.

Қайырымдылық жасауды әркім әрқалай түсінеді. Бір қуантарлығы, қазір жастар қайырымдылық іс-шараларына етене атсалысып жүр. Алайда адамның жанын ізгілікке нұрландыратын ізгілікті істі кеңінен талқылап, әлі де болса жұртшылықты жұмылдыра түсу керек.

P. S.: Жақсылық жасауға үндеген батлдың қорытындысы ертең сағат кешкі алтыларда белгілі болады. Жеңімпаз команда дауыс беру арқылы анықталмақ. Университет атынан қатысқан пікірсайысшыларымызға сәттілік тілейміз!

Баспасөз қызметі