Туған жерін түлеткен

Туған жерін түлеткен

Туған жердің түтінін түтетіп жүрген қарағандылық кәсіпкер, атағы ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде танылған «Abadan» клубының жетекшісі Нұрлан Қалтаев ҚарМУ студенттерімен жүздесті. Аузында Алласы, көкірегінде иманы бар арда азаматтың жүректен шыққан жылы сөздерін, атқарған игі істерін, болашаққа құрған жұмыс жоспарларын естіп, халқының қамын жеген рухани жан дүниесі бай жандардың жанымызда жүргеніне қуандық. Жастарымыз осындай ағаларына қарап бой түзесе, адаспай, ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, жаһандану заманында жұтылып кетпейді.

Аядай ғана ауылға Алланың үйін, жетім қалған балаларға арнап отбасылық үлгідегі балалар үйін, кішкентай қара домалақ дала баласы да ойнасын деп спорт алаңқайын салып, 130 түп алма ағашын отырғызып, ауылды жерге таңсық субұрқақ орнатқан. Нұрлан Айтмұхаммедұлы кезінде атағы жер жарған сауда орталығына айналған Қоянды ауылын нарықтың қыспағынан аман алып қалуды мақсат етті және мақсатына жетті. Бүгінде Қоянды бірлігі мен ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі артқан, ақсақалы батасын беріп, ақ жаулықты аналары шашуын шашатын, жастары салауатты өмір салтын серік еткен, арақ деген аждаһадан бойын аластаған елдімекенге айналды. Жақын арада аты аңызға айналған ауылдың тұрғындары «Арақсыз ауыл» акциясын өткізбек. Бұл бұрын-соңды болмаған ізгі бастама.

2016 жылы атына заты сай «ABADAN» клубын ашып, еліміздің жүрегінде иманы бар жүректі, білекті жігіттерін жинады. Қазақ «қасқырдың терісін сыпырсаң да, тектілігін сыпыра алмайсың» деген. Нұрлан аға тәрбиеленушілерінен абаданға тән тектілікті талап етеді. Бүгінгі күнге дейін клубтан 40-тан астам спорт шебері, Қазақстан, Азия, Әлем чемпиондары шыққан. ABADANFC ақпан айында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында кезекті 10 турнирін өткізеді. Алдағы уақытта облыс әкімдігімен бірлесе отырып, қараусыз қалған, тәлім-тәрбиесі жетімсіз есепке алынған жасөспірімдерді қанатының астына алып, солардың болашағын бұлыңғыр қылмай, жарқын өмір сүруіне ықпал етуді көздеп отыр.

Елі үшін еңбек еткен арда азаматқа «Еңбегіңіз еселене берсін!» дейміз. Ал бұл үрдіс өзгелерге үлгі-өнеге болғай!

Гүлнәр Шөменова