Тағдыры тамсандырған

Тағдыры тамсандырған

Жақында лауазымы жоғары бір адамнан сұхбат алдым. Тағдырлар тамсандырады ғой… Басынан кешкен қиын сәттеріне еш назы жоқ сабырдың адамы екен деп бағамдадым. Ол кісіні тыңдап отырып ойландым. Жүрегі кең ақкөңіл жан екен. Көп ақыл айтты. Қандай жоғары лауазымды қызмет атқарса да «мен» деген сөзді тек өзін таныстыруға қолданды. «Мен де қазақтың қарапайым баласымын» деп бастады сөзін. Кейін біз, ұстазым, достарым, ұжымым, шәкірттерім, жолдасым, балаларым деп әкете берді. Байқасаңыз, әкем, шешем, ағам, көкем демеді. «Маған Алла жақсы ұстаз, жақсы орта, жақсы достар, жақсы ұжым, жақсы шәкірт, жақсы жар жолықтырды. Жақсылықты ұғынатындай, өмірдің тайғақ жолында тайып кетпейтіндей күш-жігер, ақыл-парасатты да берді. Бергенінің бәріне қанағат еттім. Сонымен осы күнге жеттім» дейді. Уақытында құрылыста, темір жолда қарапайым қара жұмысты да істеген. Өмірден түйгені көп жанның айтқандарын жазып алуға тырыстым:

— Жастарға қазір тек керегі рухани байлық. Себебі біз кезінде материалдық жағдай үшін жұмыс істеп, ол мәселені шешуге басымдық жасадық. Рухани байлық, тазалық, адамгершілікті, ұят болса да айтайын, ұмыт қалдырғандаймыз. Жастарға енді рухани байлық қана керек. Олар рухани бай болса, ақ пен қараны ажыратып, жолдарындағы бар кесапатты өздері-ақ оңай ысырып тастай алады. Рухани бай болуға ұмтылыңдар!

Еңбек… Еңбек қана саған керек асылға қол жалғайды. Төккен тер еш уақытта бекер кетпейді. Еңбек түбі жеңбек. Адал бол! Адам бол! Аман бол! Адал болмасаң, адам болмай-ақ қой, адам болмасаң аман жүргеніңнің керегі не? Сондықтан адалдықтан аттамай аман жүрген бір адам бол.

Әлемнің байлығының кілті жастардың қолында. Бізде болмаған мүмкіндіктер еселеніп сендердің алдарыңда жатыр. Әр күндеріңді болашақтарыңа пайдасы тиетіндей өткізуге тырысыңдар. Тек өзің үшін емес, жалпы ұлт үшін қызмет қылуға бекінгін. Пайдалы бір азамат бол.

Жастар мәселесінде мен қынжылатын бір тұсы — ажырасу. Облысымызда он жұп шаңырақ көтерсе, көп уақыт өтпей оның бесеуі ажырасуға шешім қабылдайды. Оған материалдық жағдай, жұмыс себеп емес. Ең үлкен және жалғыз себебі — тәкәппарлық, менмендік. Бұл жағымсыз қасиеттермен адам еш уақытта бақытты бола алмайды. Әркім өз тәкаппарлығын бұға білсе, түсінісіп, татуласуға есіктер ашылар еді. «Мен» деген сөз отбасында жүрмейтін қажеті жоқ сөз болып қалуы керек…

Біраз керекті дүниені миға сіңірдім. Рақметін айтып, батасын берді. Ол кісіге осы парасатты ойлары үшін мен, осы постты оқып отырған сіз және өзі пәтер кілтін табыстаған 44 жетім бала қарыздар шығармыз. Жақсы адамға сырттай әрқашан тілекші болайық. Бұл жазбам осы уақытқа дейінгі жазған сұхбаттарымның ішіндегі ең қызықтысы, ерекшесі десем болады

Міне, тағдыры тамсандырған сол адамның сайлауға түскеніне қатты қуандым. Мен үлгі тұтқан, тағдыры тамсандырған арда азамат Құдайберген Бексұлтанов отбасы мəселелеріне, жастардың болашағына, рухани, адамгершілік құндылықтарына мəн қойып, халық көңілінің жайлануына қалтқысыз қызмет атқарады деп сенемін.

Дияна САҒЫМБЕКОВА,
Қарағанды университетінің студенті