Салауатты өмір салтын ұстану – басты мақсат

Салауатты өмір салтын ұстану – басты мақсат

Демалыс күніне қарамастан университет ректоры Н. О. Дулатбеков оқу орнының № 7 ғимаратында орналасқан Дене мәдениеті және спорт факультетінің жағдайымен танысты. Кездесуде проректор Е. М. Тажбаев, ректор аппаратының жетекшісі Е. Е. Түйте, әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жетекшісі Н. М. Жұмагелді, факультет деканы Қ. Б. Аданов, кафедра меңгерушілері, оқытушылар болды.

Кездесу барысында қордаланып қалған біраз мәселелер талқыланып, оны таяу арада шешудің жоспарын жасауды ректор факультет деканы Қ. Б. Адановқа тапсырды. «Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақыт бәсекелестікті қажет етеді. Қазір елдің бәрі денсаулық кепілі – спортпен шұғылдануды бастады. Біздің дене мәдениеті және спорт факультеті – Орталық Қазақстандағы ең ірі спорт саңылақтарын дайындайтын орын. Бұл жерден аты әлемге әйгілі түлектеріміз Г. Головкин, С. Сапиев, Д. Карпов, Е. Аидова т. б. түлеп ұшып, ел мақтанышына айналғанын білеміз. Бұл үрдісті әрі қарай жалғастыруымыз керек. Сіздер факультет деканы бастаған оқытушылар құрамы жақын арада тездетіп спорт залдарды жақсартуды ойластырыңыздар, қандай идеяларыңыз бар, біз оны тыңдап, жүзеге асыруға дайынбыз. Мәселен ғимараттың алдына заманауи Workout сұранып тұр. 3000 шаршы метрді алып жатқан бұл ғимараттағы спорт зал – әлемдік стандарт талаптарына жауап бере алатын керемет орын. Алайда спорт залдарда инвентарлардың жетіспеушілігі бар, жаңарту қажет. 15—20 жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, көптеген мәселелердің шеті шығады. Ең алдымен ғимараттың шатырын жөндеу, вентиляциялық жүйесін қалыпқа келтіру сияқты жұмыстардан бастау керек. Біздің университет комерциялық емес қоғамға көшті. Бұл бізге көптеген мүмкіндіктер береді. Спорт, тренажерлік залдарымызды, футбол, жүгіру алаңдарын кезеңмен заманауи қалыпқа келтіру арқылы зор мүмкіншілікке ие боламыз. Сонымен қоса, елімізге еңбегі сіңген спорттан практикалық жаттықтырушыларды да оқу үдерісіне тартып, білім берудің сапасын да арттыруымыз қажет. Осының бәрін егжей-тегжейлі ойластырып, кешенді жұмыс жасауымыз керек. Дені сау салауатты Қазақстанның азаматын тәрбиелеп шығару сіз бен біздің басты мақсатымыз» — деді оқу ордасының басшысы. Студенттеріміз үшін жасалып жатқан осындай игі бастаманың нәтижесі болашақта еліміздің көк туын желбіретіп, ел мақтанышына айналатын талай батыр оғландарымыздың шығуына себеп болатыны сөзсіз.

Бүгінде Қарағанды университетінде 6 спорт зал, 2 шаңғы базасы, 2 ашық, стадион, 1 жеңілатлетикалық манеж, күрес залы, бокс залы, гимнастикалық зал, 2 тренажерлік орын бар.