Сәби болғым келеді!

Сәби болғым келеді!

Өмірімнің ең бақытты кезеңі — балалық шақ. Шыр етіп дүние есігін ашып, қайғысы мен қуанышы қатар жүретін бес күндік жалғанға, тәтті өмірге алғашқы қадамыңды жасайсың. Бейкүнә сәбисің, мына өмірден хабарсыз, жаңа туған пәк періштесің.

Мен анамның құрсағынан екі мыңыншы жылдың қақап тұрған боранында, ақпан айының жиырма алтыншы жұлдызында туылдым. Сол кезден бастап мен бұл әлемнің бір бөлшегіне айналдым. Ол кезде, әрине ештеңені білмеймін, есімде жоқ. Балғын балалық шағымның куәгері нағашы әжем. Мен нағашы әжемнің қызымын, ақ мамамның тәрбиесінде болдым. Сәби кезімде өте ширақ болыппын, әжеме шаруасын істетпейді екенмін. Маған алаңдап, бар жұмысын кейінге ысырып жүретін ақ мамам мені бесікке бөлеуді жөн көрген. Тек осыдан кейін ғана әжемнің қолы ұзарған. Өзінің де қолы бос, мен де тынышпын. Әжем бесіктің пайдасын үнемі айтып отыратын. Қазіргі таңда көбісі балаларын, немерелерін бесікке бөлеуден қашады деп күйінетін. Бесікке бөленген баланың біріншіден, ұйқысы тыныш болады, екіншіден, бала таза жатады, сондай-ақ, бесікте жатқан баланың омыртқасы да түзу болып қалыптасады. Қызым, бесіктің артықшылығы, міне, осында дейтін.

Балалық шақтың қызықтары көп қой. Алайда бала кезімді есіме алғанда әжемнің әр айтқан сөзі ойыма оралады. Үлкен кісінің тәлім-тәрбиесін көріп өскен қызбын. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бойыма сіңірген нағашы әжеме алғысым шексіз.

Сол күндер қайтып келмейтінін білсем де сәби болғым келеді… Жиырма жасқа келсем де өткеніме оралуды ойлаймын. Бірақ… Артқа жол жоқ… Балалық шақ адам өміріне оңтайлы әсерін қалдырса, болашақта қалыптасатын тұлғаның да жаман болмайтыны анық. Сондықтан болашақтың жарқын тұстарын көргіміз келсе, бала шақтан қамданғанымыз жөн болар. Өміріміз өз қолымызда…

Жанетта ТОКЕНОВА,
ҚарМУ студенті