Ойыннан от шықты

Өзімнен төрт жас үлкен болса да Дәулет екеуміз көп ойнаппыз. Әлі есімде, ойынға бір қанбайтынбыз, неше түрлі ойындар тауып алатынбыз. Әкей баламен бала болып деп Дәулетке үнемі ұрсып жүретін. Ол кезде киноның ең төресі Робин Гуд қой. Содан екеуміз таяқтан қылыш жасап, қылыштасатын едік. Бір қолымызда таяқ болса, ал екінші қолымызда кәстрөлдің қақпағы болатын. Оны жіпке байлап ұстап қалқан қылатынбыз. Анамыздың кәстрөл қақпақтарын талай майыстырған едік. Образға еніп алған біз қылыштасып жүріп үйдің маңынан ұзап кететінбіз.

Осы әсермен мен көпке дейін бір өсімдікке қиянат жасадым. Тауда өсетін тікенекті гүлдері бар көк түсті көкбас, лакса өсімдіктерінің бастарын шауып тастайтынмын. Қолымдағы таяқты қылыш деп, ал тікенекті гүлдерді жау көріп, Робин Гуд болып шыға келетінмін. Сол гүлдерді ешкілер сүйсініп жейтін еді. Аша тұяқты жануарды өз әскерім, олар мен жақта деп одан сайын гүлдерді қыратынмын. Балалықтың шалалығы-ай!..

Дәулет не істесе, мен соны қайталайтын едім. Не үйренсе, не білсе, маған айтатын еді. Содан бірде ол мені ағатайымның қорасына ертіп апарды. Қазір саған керемет бірдеңе көрсетемін деді. Екеуміз аран жаққа өттік. Қолын созып, төбеге төселген бөрене арасынан алдын ала дайындап қойған сіріңке қорабын алып шықты. Бір-екі тал сіріңкені тұтатып, құрғақ шөпті жақты да дереу аяқпен таптап өшіріп тастады. Сосын қайыра жағып, тағы өшірді. Содан кейін енді көбіректеу жағып өшіреміз деді. Шөбіміз тұтанып, лап ете түсті, үйіп қойған шөбіміз көп болғандықтан аяқпен таптап өшіру мүмкін болмай қалды. Екеуміз есіктен сыртқа лап қойдық. Екі көзіміз бақырайып, не істерімізді білмей қалдық. Үй жаққа жүгіріп барып, Нәзипа тәтенің үйінің есігін ашып, «қора өртеніп жатыр» деп айғайладық та жаман қойларды қайтарып әкелмек болып далаға қаштық. Ортауыл аспанында будақтаған қап-қара түтін пайда болды. Ол кезде ауыл халқы ұйымшыл ғой, біздің қыстаққа қарай көліктер ағыла бастады. Біз сол балалыққа салынып көліктерді санап тұрдық. Үлкен қылмыс жасағанымызды бір сәт ұмытып, отыра қалып бір ойын құрастырып алып ойнап кеттік. Түтін басылып, тыныштық орнағаннан кейін үйге қайтып келдік. Екі бұзық уәде бойынша қора өртегенімізді айтпайтын болдық. Әсіресе Дәулет мені алдап-сулап, аузымды бағып келеді. Бірақ біздің қылмысымыз бірден ашылды. Сол оқиғаға байланысты екеумізді жазалап, ұрысқан сәттері есімде қалмапты. Соған қарағанда қатты ұрыс естімеген сияқтымыз. 10 жастан асқан тентек Дәукебайға қосылып қора өртеу операциясына қатысқанымды есіме алған сайын басымды шайқап, бір күліп аламын.

Ернар КЕЙКИН,
ботаника кафедрасының аға оқытушысы