Кинодан қашқан бесеу

Біздің интернат Жасыбай кинотеатрының дәл іргесінде орналасқан. Баянауылда не қызық бар дейсің, бар қызығымыз осы ғимарат. Ол кездің суретшілері шебердің шебері ғой. Театр алдындағы афишаға алдағы уақытта болатын фильм, мультиктердің атауы мен эпизод көрінісін майлы бояумен салып қоятын. Мысалы, Жан-Клод Ван Дамм киносы жүретін болса, оның жұдырығы соғып, ал аяғы теуіп жататын холст бетінде суреті пайда болады. Жарнамасы интернаттың дәл іргесінде ілініп тұрғасын киноға қалай бармайсың? Интернат тәрбиешілері әртүрлі, біреуі қаталдау болса, ал екіншісінің тілін табасың. Тоғызыншы сыныпқа көшкен жылы осы кинотеатрға жиі барыппын. Біз мына бесеуміз бірге жүрдік, олар: он бірінші сыныптан Қанат Сарыбаев, оныншы сыныптан Игілік Жалпақбасов пен Асқар Мұсабеков, ал тоғызыншы сыныптан Серікжан Шаймардан екеуміз. Осы бесеуміз қосарлана орналасқан бір бөлмеде тұрдық. Сол кездері интернатта Айгүл Тәшмағамбетова деген тәрбиеші апай болды. Осы кісінің тілін Игілік таба қоятын. Осылайша ол кісінің ең сүйікті, сенімді оқушылары болып алдық. Сол себептен кинотеатрдағы әр қойылымның премьерасын ең алдымен біз көріп алатынбыз. Сосын ертеңгісі басқа оқушылар баратын. Бірде-бір киноны үзбей көріп әдеттеніп алған әккіміз ғой, бірде мынадай киноға барып, естен кетпес оқиға жасадық. Әлі есімде афишада «Убей мою жену, я тебя благодарю» деген фильм болады деп тұр екен. Еріккен баламыз, басқа таңдау болмағасын мұны да көрейік деп шештік. Әдеттегідей тәрбиешіден жақсылап тұрып сұрандық, содан бесеуміз кинотеатрға аттандық. Кассадан билет алып ішке ендік. Бізден басқа екі-үш адам ғана отырды ғой деймін, әйтеуір зал бос болды. Ең көп көрермен біз бесеуміз болған сияқтымыз. Кино біз күткендей емес, мюзикл жанрында, опералық әндер шырқалатын 19 ғасырдағы француздық пьеса желісі бойынша түсірілген екен. Бізге ұнайтын кино емес екендігіне көз жеткізгесін соңына дейін отырмай шығып кетейік деп шештік. Содан шығайық десек, есік аузындағы билет тексеріп кіргізіп тұратын орыс тәтеміз шығармайды. Басты көрермен біз екенбіз, біз кетсек зал бос қалады. Екі-үш мәрте әрекет жасадық, шығаратын түрі жоқ, отырыңдар деп зекіп тастайды. Игіліктен айла артылған ба?! Кірген есік касса жақтан болса, ал шығар есік залдың артында бөлек еді. Үнемі кино көріп болғанда шығып жүрген есік қой. Игілік бізге: «артқы есіктен қашып шығамыз», – деді. Бесеуміз дүр көтерілдік те артқы есікке жүгірдік, ол құрғыр күршектермен мықтап жабылған. Орыс тәтеміз бізге қарай ұмтылып келеді, біз де жанталасып жатырмыз. Барлығымыз теуіп-теуіп зорға ашып далаға қашып шықтық. Түрмеден бостандыққа шыққандай таза ауа жұтып, тынысымыз кеңейіп қалды. Орыс тәтеміз артымыздан «түрлеріңді жаттап алдым» деп зекіп-зекіп айғайлап ұрсып жатыр.

Интернатқа қайтар жолда ойландық. Жоғары сыныптың қыздары біздің киноға кеткенімізді көргентін. Енді олардың кино туралы сұрайтыны бесенеден белгілі. Игіліктің айтуы бойынша киноны мақтайтын болдық. Содан барлық оқушыларға киноны керемет, ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес, тек қана көру керек дедік. Ертеңгісін бірталай ұлдар мен қыздар мюзиклге аттанды. Келген соң бізге рақмет айтпайтыны белгілі. Біз қашып, олар бізді «оңбағандар» деп қуған-ды. Міне, қаншама жақсы киноларды көрген сәттерім емес, осы бесеуміздің кинодан қашқан оқиғамыз есте қалыпты. Сол кеңестік кезде қызмет етіп тұрған кинотеатр бүгінде қызметін тоқтатқан. Біздің балалық көңілімізге қуаныш сыйлап, талай дүниелерді көрсеткен еді. Асанәлі Әшімов түсірген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» киносын да баянауылдықтар ең бірінші осы кинотеатрдан тамашалаған еді…

Ернар КЕЙКИН,
ботаника кафедрасының аға оқытушысы