Карантиндегі өзгеріс

COVID-19 вирусының таралуына байланысты орнаған пандемияның салдары экзистенциалдық толғаныстарға әкелді. Шын мәнінде, адамзат баласы өмірдің қысқалығын сезіне отырып, өмірмәндік мәселелерге көңіл бөле бастады. «Экзистенциализм» – тіршілік философиясы деп аталатын 19 ғасырда пайда болған философиялық бағыт. Мақсаты: адам болмысын, адамның дүниедегі алатын орнын зерттеу. Бағыттың негізін салушы Дат ойшылы Серен Кьеркегор (1813-1855ж.ж.).

Қазақ дүниетанымында адамдар арасындағы қатынас кісілік деңгейде қалыптасып, адамды қонақ ретінде қабылдай білген гуманистік дәстүрі орын алған. Демек, карантин, ұмыт бола бастаған дәстүрдің мәнін ұғынуға себеп болғандай… Шынтуайтында, пандемияның салдарынан адамдардың басым көпшілігі өмірдің әр сәті – берілген мүмкіндік екенін ұғына отырып, жасаған әрекеттерін ой елегінен өткізіп, саралауға мүмкіндік алғандай.

Жер бетін шарпыған коронавирустық пандемия қорқыныш, үрей, тіпті дүрбелеңнің себебі болып табылады. Алайда, экзистенциалық дағдарыстарға тойтарыс бере алатын оптимистік көзқарастар да бар.

Өмірдің мәнін ұғына білу, қысқа өмірді адам затына сай өткізуге бағыттайтын позитивті сипатқа ие экзистенциалдық, өмірмәндік ұстанымдардың рухани қажеттілікке айналуы қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Өмірдің мәні мәселесін жоғары сана деңгейінде игере білу адамгершілік жағынан кемелденуінің қажетті шарттарының бірі. Адам өмірінің мәні – еліне қызмет етіп, оны жаудан қорғау жолында өз өмірін де құрбан ете білу, бұл мақсаттарды адамның жеке мүддесінен жоғары қойып, өршіл намыс пен ерлікке ғана емес, кіршіксіз адамгершілікке ұмтыла білу, өлім алдында адам жанын қинайтын қарекеттерден аулақ болу.

COVID-19 вирусы салдарынан орын алған пандемия бізден діни және моральдық ұстанымдарымызды жүзеге асыруды, жеке мінез-құлқымызды өзгертуді талап етуде. Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз…» («Бақара» сүресі, 155-аят). «…Оларға ашаршылық және ауру-науқас келді…» дейді («Бақара» сүресі, 214-аят). Дегенмен, Шарх сүресі, 5-6 аятарында былай баяндалады: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар». Дана қазақ мұндайда: «Мың асқанға – бір тосқан» немесе «Қазының пісуіне шыдағанда, Қазанның түсуіне шыдамайсың ба?», — дейді.

Біз үшін құндылық не: адамның құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін қатаң сақтау немесе өлімнің алдын алуға болатын ажал санын азайту ма? Қоғамдық денсаулыққа араласу халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында кейбір жеке бостандықтардан бас тартуды талап етеді. Дағдарыс кезінде жеке бостандығымыздан бас тартуымыз керек пе? Қазіргі COVID-19 пандемиясы кезінде эпидемиологтар әлеуметтік дистанция вирустың таралуын азайтудың тиімді шарасы екенін көрсетті. Осы себепті, И. Кант өзінің әйгілі «Бұлжымас парыз» қағидасын ұсынған болатын. Біз, бұл қағиданы халықтың денсаулығына қауіп төндіретін кез келген жағдайда өзіміздің жеке мінез-құлқымызды басшылыққа алу үшін қолдана аламыз. «Бұлжымас парыз» – біздің бар іс-әрекеттеріміз бен мінез-пиғылымыздың барша адамзат үшін ортақ мүддеге айналуы. Сондықтан, өзі үшін ғана емес, өзгелердің денсаулығы, қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті ұстану – бұлжымас парызымызға айналуы тиіс.

Жер бетін шарпыған коронавирустық пандемия қорқыныш, үрей, тіпті дүрбелеңнің себебі болып табылады. Алайда, экзистенциалық дағдарыстарға тойтарыс бере алатын оптимистік көзқарастар да бар. Көшпелілер дүниетанымында қалыптасқандай өмірдің мәнін ұғына білу, қысқа өмірді адам затына сай өткізуге бағыттайтын позитивті сипатқа ие экзистенциалдық, өмірмәндік ұстанымдардың рухани қажеттілікке айналуы қазіргі қоғам үшін аса маңызды.

Халқымыз қанша қасіретті басынан өткерді, әсіресе өткен ғасырға көз жүгіртер болсақ, ұлтымыздың басына қанша нәубет төнді. Екі мәрте орын алған ашаршылық салдарынан тау асып өзге елге көшу, қуғын-сүргін амалдары, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ қанша қандасынан айырылды. Полигон жарылысы мен ызғарлы желтоқсан, КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде орын алған тоқырау жылдары… Дегенмен, өмір сүруге деген құлшыныс, құштарлық бір өшкен емес! «Күдерің үзілмесін» деген ізгі ниетпен тіршілік еткен Ұлы халықтың басты бағдаршамы – «Үміт» болды. Бір ерекшелігі, қазақы экзистенциализм позитивтік, жағымды сипатта. Содан болар, «Жалғанды жалпағынан басудың» басым болуы.

Көшпелілер дүниетанымы өлімді өткінші өмірдің заңды нүктесі деп пәлсапалық салқынқандылықпен қабылдады. Өлім бар екен деп, өмірді жоққа шығару, өлімнен қорқу көшпелілер дүниетанымында жиі кездесе қоймайды. Керісінше, өлім алдындағы үрей мен күйзелісті қазақ халқы мәселенің жан-жағына терең үңіліп, байыпты көзқарас қалыптастыру арқылы жеңіп отырды: «Бар бол!», «Жалғанды жалпағынан басу», «Бас аман болсын!», «Болсаң – от бол!» немесе «Тірі адам тіршілігін жасайды» іспеттес экзистенциалды сарындағы ұстанымдары арқылы өмірді жоғары бағалау себебі де сол болса керек. Заман өзгереді. Бірақ елдік, ұлттық сана – тарихи санаға айналады. Мақсат, тарихи сананы, елдік ерекшелікті сақтау, оның сабақтастығын өшірмеу. Себебі, «Ұлттық шөп ұлттық топыраққа ғана өспек».

Нұрсұлтан САРСЕНБЕКОВ, ҚарУ түлегі, философ