«Жүрегі – айна, көңілі – ояу»

«Жүрегі – айна, көңілі – ояу»

Әріптесім, жан құрбым Салтанат Қуатқызын көрген сайын данышпан Абайдың осы сөзі ойға оралады. Өйткені, ол достыққа, адамгершілік парызға адал, айналасында, қоғамда, дүниеде болып жататын құбылыс пен өзгеріске сергек қарайтын, әлемде қалыптасқан тәртіп, ізгілік принциптері бұзылмауы үшін қатты алаңдайтын жан. Мұндай моральдық қасиеттердің тоғысуы тағы да сол Абай көрсететін толық адамғатән ерекшеліктер. Өз пайымдауымша, Салтанат Қуатқызының осындай тұлға болып қалыптасуына бірнеше жағдай әсер еткен сияқты. Ең алдымен, әрине, текті әулеттен шыққан, тоталитарлық жүйенің өзінде бірегейлігін көрсетіп ел басқарған Әбілдин Қуат әкенің және үлкен ошақтың ұйтқысы болған, мейірімі зор, қолы берекелі Қабира ананың сүттей ұйыған, ынтымағы жарасқан отбасында 1970 жылғы 1 мамырда, кеңес билігі кезінде Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні атанған мерекенің үстінде жарық дүние есігін ашып (Салтанат деген есімнің қойылуы осыдан), мәйегі үзілмеген ұлттық тәрбиенің уызына жаруы десек, екіншіден, қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Жаңаарқаның Ақтауында өсіп, бой жетуі. Бұған жеке басына Жаратушы дарытқан ізденімпаздық, еңбекшілдік қасиеттері дем беріп, ұдайы алға ұмтылумен болды. Өмір жолында өзі іріктеп таңдаған дос-жарандары, құрған отбасы, тіршілікке жолдама берген қыздары қолдаушы-демеуші ролін атқарғаны күмәнсіз.

Салтанат Қуатқызының үлкен өмірге қадамы Жезқазған педагогикалық училищесінен басталды. Облыс орталығы мәртебесін иеленіп тұрған қаладан 1989 жылы арнайы орта біліміне куә болатын диплом алып шыққан талапты қыз республикадағы ғылым мен білімнің орталығы саналатын Қарағандыға келіп, педагогика институтына түседі. 1993 жылы оны үздік тәмамдап, бірден педагогика және бастауыш оқытудың әдістемесі кафедрасына оқытушылыққа қалдырылған С.Қ. Әбілдина содан бергі бар тағдырын жоғары оқу орнымен, соның ішінде ҚарПИ-ді қосып алған Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-мен байланыстыруда. Ол аталған кафедрада аға оқытушы, доцент лауазымында еңбек етті. Қазір кафедра меңгерушісі, профессор. Салтанат Қуатқызы Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-да PhD диссертациялық кеңестің төрағасы: ол 2017, 2018 жылдары 6D010200, 66D011900 мамандықтары бойынша, 2019 жылы 6D010200, 66D011900 мамандығы бойынша PhD докторларының диссертациялық кеңесін басқаруда.

Өткен уақыт Салтанат Қуатқызының өміріне айшықты іздер қалдырды. Ол 1999 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін 13.00.01 – жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша диссертация қорғады. 2010 жылы осы мамандық бойынша педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иелену үшін диссертациясын сәтті қорғады. 2007—2010 жылдары ҚарМУ-дың сырттай бөлімінде докторант болған кезін айтпасақ, С.Қ. Әбілдина 1999 жылдан бері педагогика және бастауыш оқытудың әдістемесі кафедрасына басшылық жасауда. 2007 жылы доцент ғылыми мәртебесін алса, он жылдан кейін педагогика мамандығының профессоры атағына иеленді. Оқытушылық және ғылыми зерттеушілік еңбектеріндегі табыстары үшін Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2008», «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2014» мемлекеттік гранттарына ие болды. 2012 жылы Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі академиялық атағы, бір жылдан кейін осы академияның «Білім мен ғылымға еңбегі сіңген қайраткер» құрметті марапаты берілді. Ол, сондай-ақ, 2013 жылы өнертапқыштықты дамыту ісіне қосқан үлесі үшін А. Нобель медалімен марапатталды. 2014 жылы Т.Қ. Қамзабаев атындағы сыйлықты, ел ғылымы мен техникасының дамуына сіңірген еңбегіне орай Мемлекеттік ғылыми стипендияны қанжығасына байлап, 2015 жылы Конкорд академиясының (Франция) корреспондент-мүшесі академиялық атағын иеленді. Одан беріде «Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне еңбек сіңірген қызметкер» мәртебесін иеленген ол Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, көптеген саяси-қоғамдық ұйымдардың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мыңжылдық басталғаннан бері Германия, Италия, Франция, Польша, Жапония, Чехия, Түркие, Ресей және т. б. елдердің, қазақстандық жоғары оқу орындарында біліктілікті жетілдіру курстарынан өткен педагог-ғалымның 325 ғылыми еңбегі, соның ішінде 5 монографиясы, 14 оқу құралы, 40 электронды оқулығы түрлі ғылыми және ғылыми-әдістемелік сипаттағы басылымдарда, жоғары Импакт-факторлы журналдарда жарық көрді. Соның біразы, атап айтқанда, жалпы педагогика, бастауыш білім беру, этномәдени білім беру салалары бойынша жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелері алыс және жақын шетелдердің (Англия, АҚШ, Болгария, Чехия, Польша, Франция, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Қазақстан) басылымдарына жол ашты. Салтанат Қуатқызы «Бағдарлы мектеп және кәсіптік білім», «Кәсіптік мектеп» республикалық журналдардың, «Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ жаршысы» басылымының редакциялық алқасына, оқу-әдістемелік құралдар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау және сынақтан өткізу нәтижелерін қарастыру бойынша республикалық комиссияға, Білім және ғылым министрлігінің жоғары және ЖОО орнынан кейінгі «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік сараптама жұмыс тобына мүше болып сайланған. Сондай-ақ, PhD ғылыми дәрежесінің 6D010100, 6D010200, 6D010300 мамандықтары бойынша 2015-2016 оқу жылында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға, 2016-2017 оқу жылында Абай атындағы ҚазҰПУ-ға, 2019 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне диссертациялық кеңес мүшесі болды. Ол педагогика және бастауыш оқыту мамандықтары бойынша көптеген бағдарламалардың әзірлеуші авторы.

С.Қ. Әбілдина ЖОО-ы үшін педагог-ғылымдар даярлау ісіне де үлкен үлес қосуда: ол педагогика ғылымдарының кандидатына, PhD докторына және жиырмадан астам педагогика ғылымдарының магистріне жетекшілік жасады. Оның шәкірттерінің арасында жаратылыстану, техникалық және әлеуметтік-гуамнитарлық ғылымдар бойынша республикалық байқауларда, түрлі деңгейдегі конференцияларда, пәндік олимпиадада жеңімпаз болғандар көп. Ол еліміздің ЖОО аккредитациялау, аттестациялау, оқу-әдістемелік құралдары мен кешендерін сараптау комиссияларының жұмысына қатысты. С.Қ. Әбілдина ел бюджетінен және халықаралық ұйымдардан қаржыланатын бірнеше ғылыми-зерттеу, білікті мамандар даярлау бағдарламаларының жетекшісі немесе мүшесі. Осындай қым-қуыт шаруаларға қарамастан өзінің отбасына, жұмысы мен ізденістеріне мықты тірек болып келе жатқан жары Дулаттың бабын табуға және қыздары Дильяра мен Индираның тәрбиесіне, тұлғалық дамуына уақыт бөлетін Салтанат Қуатқызының ақыл-парасаты мен қажыр-қайратына таң қалмасқа шара жоқ. Жоғарыда үстірт қана атап өткен табыстар мен мәртебелер кез келген қазақ қызы қызығатын, қол жеткізсем деп арман, мақсат ететін биіктер. Оның бәрі ойға, жүйкеге салмақ салатын үлкен еңбек пен ізденістің нәтижесінде жүзеге асты.

Салтанат Қуатқызымен арада әріптестік, құрбылық жарастығымызға қоса ұстаз — шәкірт аралық қарым-қатысымыз да барын атап айтқым келеді. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу мақсатымен 2006 жылы «Болашақ мамандарды мектеп жасына дейінгі балаларға халық ауыз әдебиеті арқылы патриоттық тәрбие беруге даярлау» тақырыбында диссертация қорғағанымда ол екінші ғылыми жетекшім болды. Уақытының тығыздығына қарамастан жұмысыммен танысуға ден қойды, тиісті нұсқаулар жасап, оқитын әдебиеттерді көрсетті. Жұмыс сәтті қорғалып шыққанша ол өзімнен кем қобалжыған жоқ. Жасы кішілігіне қарамастан, ғылыми ортамен араласқан, біліктілігі бар, жөн-жоба білетін жақсы маман екендігін аңғартты. Халқымыздың «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса – сақа қой» деген аталы сөзі осындайда айтылса керек. Содан бері кәсіби еңбекке, ғылыми ізденіске, жалпы, өмірдің әртүрлі мәселелеріне қатысты сұрақ туындай қалғанда жол көрген, жөн білетін құрбыммен ақылдасуға арланбаймын. Менің сұранысыма ол да ілтипатпен жауап береді. «Жақсыменен өткізген жарты сағат – біреудің өтіп кеткен ғұмырындай» деп халық әнінде айтылғандай, мұндай адамдармен сұхбаттасқан соң рухани жан-дүниең байып, есейіп қаласың.

Жер басып жүргеніне жарты ғасыр толатын жан құрбым, әріптесім һәм ұстазым Салтанат Қуатқызы қазір нағыз кемел шағында. Білімі, іс-тәжірибесі һәм бойдағы қайрат-күші толысып, тасқа түсуге әзір тұрғандай. Сондықтан, ол еліміздің болашағы үшін білікті мамандар даярлау, педагогика ғылымын жетілдіру үшін бұрынғыдан да зор ықыласпен еңбек етеді, кемелді келешекке нәтижелі үлес қосады деген сенімдемін.

Г. БЕЛГІБАЕВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті