Ғасыр адамы

Ғасыр адамы

Темірғали Әбілдаұлы Көкетай 1938 жылдың 25 наурызында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Жеткіншек колхозында шопан отбасында дүниеге келген. 1946-1957 жылдары әуелде Жеткіншек колхозының орта мектебінде, кейін Қызылағаш бөлімшесінің бастауыш, Алматыдағы № 18 және № 12 қазақ орта мектеп-интернатында оқыған. 1957-1959 жылдары колхозда қой баққан. 1959-1964 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып, 1964-1966 жылдарда Тарту мемлекеттік университетінде (Эстония) стажер-зерттеуші, 1966-1969 жылдары Тарту университетінің физика институтының аспиранты болған. 1970 жылы Тарту мемлекеттік университетінің докторлық диссертациялар қорғайтын Маманданған Ғылыми Кеңесінде «Мыс және күміс иондарының сілтілі-галоидтық кристалдарындағы люминесценция орталығының табиғаты» тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының теориялық физика кафедрасында доцент, физика факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры, академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің арнайы шақыруы бойынша киелі қара шаңыраққа ауысып, физика факультетінің, университеттің құрылуы мен дамуына өзіндік үлес қосып, өлшеусіз еңбек етті. Оқу орнында қатты дене физикасы кафедрасын ашып, 1972-2004 жылдар аралығында өзі басқарды. 1981 жылыСССР космонавтика федерациясының ұшқыш-ғарышкері Ю. А. Гагарин атындағы медальмен марапатталды. 1988 жылы «Әртүрлі модификациядағы активацияланған иондық кристалдағы люминесценция және электрондық қозулар» тақырыбында Оралдың мемлекеттік политехникалық институтында физика-математика докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1990 жылы Қырғыз КСР-і Ғылым академиясы физика институтының докторлық диссертациялар қорғайтын Маманданған Кеңесінің мүшесі атанды. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Алматыдағы 1986 жылдың 17-18 желтоқсанда болған оқиғаларды тексеру және оған түпкілікті баға беру үшін құрған сараптау жұмысы тобына мүшелік етті. 1991 жылы Д. С. Рождественский атындағы бүкілодақтық оптика қоғамының Қарағанды бөлімшесінің төрағасы болып тағайындалды. 1989-1994 жылдары физика факультетінің деканы, 1994-1997 жылдары университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры болып қызмет атқарды. 1994 жылыҚазақстан Республикасының жаратылыстану ғылым академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1998 жылы Америка биографиялық институтының ғылыми-зерттеу кеңесінің мүшесі атанды. 1999 жылы Халықаралық биографиялық орталық (Англия, Кембридж) «ХХ ғасырдың ғұламасы» деген атақ берді. «ХХ ғасырдың аса көрнекті қайраткерлері» деген кітапқа өмірбаяны жазылды. Осы жылы «Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы» ретінде танылды. 2000 жылыАмерика биографиялық институтының баспалық Кеңесінің құрметті Кеңесшісі болып сайланды. 2001 жылыХалықаралық биографиялық орталық (Англия, Кембридж) «2001 жылдың Халықаралық ғалымы» деген атақ беріп, аты-жөні жазылған алтын медаль мен диплом тапсырды. 2002 жылы «Ғылым мен техниканың дамуына қосқан аса зор үлесі үшін» Қазақстан Републикасының мемлекеттік стипендиясы тағайындалды. Сол жылы Кембридждегі (Англия) Халықаралық биографиялық орталықтың Қазақстан мен Орта Азиядағы вице-консулы болып сайланды. 2003 жылы Білім, Ғылым және Мәдениет бойынша Әлемдік симпозиумге (форум) шақырылды (Дублин, Ирландия Республикасы). 2006 жылы Оксфорд университеті (Ұлыбритания) «Кең ауқымды диэлектриктердің абсолюттық спектроскопиясы» тақырыбы бойынша дәріс оқуға шақырды. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапаттады. 2007 жылдан күні бүгінге дейін ҚарМУ-дың «Техникалық физика және экология мәселелері» институтының директоры қызметін атқарып келеді. 2008 және 2018 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері. 2012 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы болып тағайындалды. 2013 жылыҚарағанды қаласының құрметті азаматы атанды. 2015 жылы мемлекеттік тілімізге шынайы жанашырлық танытып, қазақ тілінің өркендеуіне нақты ісімен үлес қосқаны үшін «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды.2016 жылы облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып тағайындалды. 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қазақстандағы қатты дене физикасының дамуына ҚарМУ-дағы ашылған қатты дене физика кафедрасының ролі аса зор болды. Темірғали. Әбілдаұлы басқаратын бұл ұжымның негізгі ғылыми тақырыптары: диэлектриктік кристалдардың оптикалық және люминесценциялық қасиеттерінің қалыптасуына, радиациялық ынталандырылған процестердің өтуіне құрылымдық факторлардың әсері, радиациялық сәулеленудің қатты денемен өзара әсерлескенде пайда болатын физикалық құбылыстарды, белсендірілген диэлектриктердегі қоспа иондар мен негізгі дененің электрондық деңгейлерінің өзара қалай орналасуын, тиімді люминофорларды өсіру үшін материалдарды сұрыптаудың ғылыми негіздерінің критерийлерін зерттеу және т. б. Онымен бірге аммоний-галоид кристалындағы экситонның және олардың авитожинақылануының ерекшеліктері, экситондардың қозғалу мехнизмдері, экситон-фонондық өзара әсерлесу мәселелері, қоспалық орталықтарға энергияның берілу механизмдері, қатты денелердегі ақаулардың пайда болу жолдары және олардың қармау және люминесценциялық орталықтарымен өзара әсерлесулері негізгі ғылыми тақырыптар саналады.

Жоғары көрсетілген ғылыми мәселелер бойынша шәкірттерімен бірігіп және өзі бес жүзден аса ғылыми мақала, 8 авторлық куәлік, 6 монография, 8 оқу құралын баспадан шығарды. Темірғали Көкетайдың ғылыми жетекшілігімен 32 ғылым кандидаты, 8 доктор және 3 PhD доктор ғылыми жұмстарын қорғап шықты. Олардың көпшілігі республикамыздың жоғары оқу орындарында және біраздары шет елде ғылыми ұстаздық жұмыс атқарып жүр.

Ақын Серік Ақсұңқарұлы «Ғасыр ғұламасы» деген мақаласында: «Темкең өзіне-өзі мәз болып, өзіне-өзі тамсанып жүретіндерді жек көретін кісі. Бірақ, ғұмырында бір-ақ рет тебіреніп, егілгенін айтады. 2006 жылы Англияның Оксфорд университетінде лекция оқыды. Бұл дүниежүзінің ұлы физиктері Ньютон, Резерфордтар маңдай терін төккен, әлемдегі саусақпен санарлықтай оқу орындарының бірі. Іргетасы 1242 жылы қаланған. Англияның премьер-министрлері Уйнстон Черчиль, Маргарет Тэтчер осында оқыған. Т. Көкетаевтың дәрісін Франция, Германия, Англия, Жапония сынды дүниенің іргелі елдерінің жетпістен астам аузына әлем қарап отырған ғұламалары сүйсініп тыңдаған. Бір дәрістің уақыты – 50 минут, құны – 1500 доллар!» — деп жазады.

Бар саналы ғұмырын білім мен ғылымға, тіл мен рухқа, руханиятқа арнаған Темірғали Әбілдаұлы Көкетайдың өр мінезі мен тау тұлғасы, еңбектегі табандылығы талайларды тәнті еткен. Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты сөзі осы кісіге арналып айтылғандай.

Физика-техникалық факультеті