Білім мен ғылымға бетбұрыс

Білім мен ғылымға бетбұрыс

Мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Қазіргі жағдайға байланысты онлайн форматта өткен жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәселелерді шешуге қатысты мәлімдеме жасады. Мемлекетіміз үшін қазіргі таңда білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларына қарқынды даму қажет. Себебі індет кезінде бәрі онлайн тәртіпке ауысқанда туындаған мәселелер ең алдымен білім беру саласында орын алып жатты. Айта кететін тағы бір жаңалық, Ата Заңымыз «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңмен толықты, саяси партияларға қатысты заңдарға да өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы осы жиында айтты. Білім алушыларға сапалы білім беру, ғылымға қолдау таныту, педагогтардың мәртебесін арттыру, докторанттар мен педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің стипендиясын көтеру мәселелері күн тәртібіне көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің бір жыл ішінде біршама істерді атқарғаны туралы айтып, ендігі назарды біліктілікті арттыруға бұратындықтарын мәлімдеді. Қазақстан білім саласын дамытуға түбегейлі бет бұруы керек. Білім саласын қаржыландыра отырып, нақты жүйеленген, қалыпқа түскен, ойластырылған реформа жасалуы қажет. Оқушылардың қабілетін бағалаудың халықаралық бағдарламасы немесе PISA рейтингісі бойынша елімізде білім көрсеткіші айтарлықтай жоғары емес. Үш жылда бір бағаланатын бұл бағдарлама көрсеткішіне сүйенсек, Қытай елі көш бастап тұр. Бірақ айтылайын деп отырған мәселе бұл туралы емес. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде негізінен осы рейтинг бойынша алғашқы ондықта тұрған елдер бір білім алушыға жылына 10-14 мың доллар көлемінде қаржы бөлетіндігін айтты. Ал Қазақстан 1 мың доллар қаржы бөледі екен. Осы мәселе төңірегінде еліміздің мектептері заманға сай барлық қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс деді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп, 114 интернат, 700 спорт залы салынатындығын айтты. Сондай-ақ ауыл мен қала мектептерінде оқитын оқушылардың барлығын бірдей сапалы біліммен қамтамасыз етуді кезекті шешілуі тиіс мәселелер қатарына қосты. Білім берудің сапасына тікелей әсер ететін себептердің бірі – ұстаздардың мәртебесі мен кәсібилігі. Осы жайлы Мемлекет басшысы кеңірек тоқталды. Ұстаздардың ерен еңбегін әркез бағалау қажет. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан өз саласында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздарға арнайы марапат тағайындалатын болады. Жиында 4 жыл ішінде ұстаздардың жалақысын 2 рет жоғарылату алға қойылып отырғанын, ал болашақ ұстаздардың шәкіртақылары 42 мың теңгеге дейін көтерілетіндігін айтты. Бұл да өз кезегінде білімді жастардың ұстаз болуға деген құлшынысын арттырып, сапалы білім беретін педагогтардың санын көбейту мақсатында жасалып отыр. Сонымен қатар, Президент өз сөзінде жоғары оқу орындарын «лигаларға» бөліп, олардың бәсекелестігін арттыру арқылы алға жылжытуды қолдайтындығын айтып өтті. Ұстаз мамандығын ерекше мамандық ретінде атап өтіп, техникалық және кәсіби білімді де барынша дамыту керектігін алға тартты. «Жас маман» бағдарламасы аясында 180 колледж материалдық-техникалық жағынан жаңартылатындығын мәлімдеді. Қазіргі болып жатқан жағдайларға байланысты қашықтан оқытуға қатысты электронды оқулықтардың жоқтығы мен бұрыннан айтылып келе жатқан оқулықтардың сапасын көтеру секілді мәселелер де қозғалды. Мемлекет басшысы 2025 жылы әлемнің 500 үздік университетінің қатарынан еліміздің 10 жоғары оқу орнын көруді мақсат етті. Үкімет тарапынан қарқынды жұмыстар жүргізілсе, бұл межеге де жетеміз. Жиында мемлекеттік тіл мәртебесін биіктету мәселесі де күн тәртібінен түспеді. Қазақ тілін оқытудың тиімділігін арттыру мақсатымен Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізу көзделіп отыр. Бірақ бұл қадам 2021 жылдан басталады.

Білім мен ғылымды қаржыландыру ел дамуына құйылатын үлкен инвестиция. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөнеркәсіптік ғылым, «жасыл» технологиялар, жасанды интеллект, энергиялық тиімділік сынды салаларға басымдық беріледі. Ал әлеуметтік, гуманитарлық, ауылшаруашылық бағыттары бойынша мықты мамандар даярлап шығару кезек күттірмейтін өзекті мәселенің бірі болып тұр.

Қысылтаяң шақта, әлемдік пандемия кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында күн тәртібіне көтерілген өзекті мәселелердің қай-қайсысы да адами капиталдың сапасын арттырып, мемлекетіміздің одан әрі нығая түсуіне оң ықпал етері сөзсіз.

Адель ҚАНАТҚЫЗЫ,
ҚарМУ студенті