«Тура биде туған жоқ»

«Тура биде туған жоқ»

Орталық Қазақстандағы би-шешендердің әдеби мұрасымен кеңінен танысқыңыз келсе, «Тура биде туған жоқ» ғылыми жинағын қолыңызға алыңыз. Жинақтың авторы филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаммадғали Ілиясұлы Әбдуов.

Жинақта Қарағанды облысы Тілдерді дамыту басқармасымен арадағы келісімшарт негізінде баспа бетінде жарық көрмеген, Арқа өңірінде өмір сүрген би-шешендердің қысқаша өмір жолы мен асыл мұрасын қамтитын 11 шешеннің шығармалары жинақталған. Атап айтқанда, Байдалы би, Жидебай батыр, Қарамеңде Төлемісұлы, Қарамеңде Шақаұлы, Дербісәлі батыр, Сеңкібай би, Шабанбай би, Жанқұтты би, Шоң Телғозыұлы, Ахметжан би және Жұмыр шешен. Аузы дуалы, от тілді, орақ ауызды би-шешендердің өмір жолынан сыр шертетін деректер мен ел аузында сақталған аңыз әңгімелері де жинақта топтастырылған.

Халқымыздың би-шешендерінің шешендік сөздерінен нәр алып, ұрпағымызды тәрбиелік мәні зор уызға бай төл өнерімізбен сусындатып, қолданыс аясын кеңейтсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде шешендік өнер қоғамның саяси, әлеуметтік өмірінің барлық саласында идеологиялық тəрбиелік іс-əрекеттердің, оқу-ағартудың, заң мен ғылымның, ел басқару істерінің, жалпы, бұқараның ең қажетті құралына айналды.

ҚарМУ баспасөз қызметі