Тіл – ұлт рухының алтын қазығы

Тіл – ұлт рухының алтын қазығы

«Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тілі, бірі – ділі жүректегі», – деп ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұн айтқандай, ана тілі мен ана сүті ажырамас егіз ұғым. Анасын қадірлемеген адам өз ұлтын, туған тілін шынайы сүйіп, құрметтей алмайды.

Шын мәнінде, ұлттың болашағы тілдің дамуы, көркеюінде. Оны тілдің қоғамдағы қызмет рөлінің қаншалықты күшейгенінен байқай аламыз.

Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сап алтындай ана тілімізді сүбедей сақтап, мұра етіп қалдырды. Ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған сан ғасыр куәсі ана тіліміз біз үшін ауадай қажет. Егер өткен тарихтан сыр ақтарар болса, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді…

Ана тілі – бұл атаның, ананың тілі. Шыр етіп дүниеге келген сәттен, есіміміз кіре бастағанан-ақ адамдық қасиетті қалыптастыратын әдептілікті, халықтың ізгілік пен ізеттілікке толы нұрлы, асыл сөздерін тілдің жан тербетер әсер-күшін ана тілінде ұғып үйренеміз. Халық – тіл мұрасын бар байлығымен, көркемдік қуатымен ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші, әрі қарай өркендетіп дамытушы қозғаушы зор күш.

Қазақ халқын құраған ру мен тайпалар тарихта өте ертеден, біздің жыл санауымыздан бұрын-ақ мәлім болған. Содан бастап тіл халқымыздың қарыштап алға басуының бірден-бір қуатты құралы болып келе жатыр. Қазақ перзентінің қиын-қыстау кезеңдегі басынан кешкен өмірі, ерлік істері, аңыз-әңгімесі, шығарған өлең-жыры, табиғат құбылысы, көрген-білгені, жалпы, дүниетанымы жайындағы ұғымы, сезім-әсері бәрі-бәрі де ана тілінде сақталып, жадына тоқылады. Туған тілі арқылы атадан балаға мирас болып қалады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселе де баршылық.

Тәуелсіздік алып, егемен ел болған соң қазақ халқының барлық мәселесі өздігінен, біртіндеп эволюциялық жолмен шешіледі дедік. Әзірше олай болмай отыр. Қазақ ұлтының этникалық бет-бейнесін, ұлттық мазмұнын сақтайтын құндылық айыпталуға ұшырауда. Олардың мазаққа айналуына жол берудеміз. Әсіресе қазақ тілі дамуындағы туындаған қайшылық ұлт жанашырларын ерекше алаңдатады. Ақпараттағы орыс тілінің басымдылығы және оның ресми тіл дәрежесінде-ақ Қазақстандағы атқарушы биліктің шынайы қолданбалы тіліне айналуы – қазақ тілін «қызық» жағдайда қалуына әкелуде.

Ата заң бойынша бізде бір мемлекеттік тіл болғанымен, шын мәнінде, бізде «мемлекеттік» екі тіл бар. Оның үстіне, қазақ тілі қоғамдық өмірде аударма тілі ретінде қалып қоюда. Яғни кез келген құжат әуелі орыс тілінде дайындалады да, кейін барып қазақ тіліне аударылады. Әлемде мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер бар жалғыз мемлекет болса, ол – біз шығармыз. Күні бүгінге дейін үкіметтің мәжілісі, негізінен, орыс тілінде өтетіні бәрімізге аян жайт. Тек хаттама үшін ғана қазақша басталатынына етіміз үйреніп алғандай.

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды

Бұған дейін біз Тілдер күні мерекесін 22 қыркүйек күні атап өтетін едік. Өйткені Қазақстанда 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. 2018 жылдан бастап Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесі жыл сайын 5 қыркүйекте тойланатын болды. Тілдер күні мерекесі мерзімінің ауыстырылуының себебі де жоқ емес.

5 қыркүйек – соңында «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, Алаштың рухани көсемі, қазақ халқының ертеңі үшін күрескен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондықтан біз ұлт көсемінің туған күнін қазақ тілінің «қайта жаңғырып» өркендеуімен байланыста, сондай-ақ әліпбиімізді латын қарпіне көшіру үдерісі аясында нәтижелі іс-шарамен атап өтуіміз қажет.

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпағымызға бабамыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараны жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген Елбасы Н. Назарбаевтың осы ой-пікірін мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгеруге зейін қойып, ертеңгі күні мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат еткен ұлты қазақ азаматтары ғана емес, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де қостайды деген сенімдеміз.

Б. А. ҚАЛИЕВ,
қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к.